Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қаңтар оқиғасынан кейін монополияға қарсы қызмет прокуратурамен бірге мұнай өнімдері нарығындағы баға келісіміне тергеу жүргізгені мәлім. Сөйтіп, сұйытылған мұнай газының (СМГ) 190-ға жуық көтерме және бөлшек саудагерлерінің жұмысы тексерілді. Тергеу қорытындысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өндірушілер мен көтерме жеткізушілер газды ең жоғары бағамен сатуға тырысқанын хабарлады. Сонымен бірге келісілген әрекеттер мен картельдік келісім фактілері анықталды. ҚМГ немесе CNPC кімге және қандай бағамен сатуды таңдаса, әрі қарай делдал компаниялар, сондай-ақ бөлшек саудагерлер өз маржаларына ие болды. Мемлекет газ бағасын өндіруші зауыт бағасының деңгейінде ұстағанымен, отын көтерме және бөлшек жеткізушілер арасында тапшы тауар ретінде бөлініп, құнды ресурсты жеткізушілер арасындағы күрес құралына айналды.
Осы жылдың маусым айында қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, Энергетика министрлігі саланы реттей отырып, ішкі нарыққа СМГ жеткізу жоспарын жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша қалыптастырады. Егер бұрын сала шекті көтерме бағаны белгілеген болса, енді оған бөлшек сауда бағасының шегін белгілеу құқығы да берілді. Делдалдар санын азайту үшін СМГ сатып алу және сатумен айналысатын нарық қатысушыларына қойылатын талаптар қатаңдатылды. Мысалы, қазір жеткізу жоспары шеңберінде сатылатын сұйытылған газды тек меншігінде газ толтыру стансалары мен пунктері, топтық резервуарлық қондырғылары бар компаниялар, сондай-ақ автогаз құю стансалары мен өнеркәсіптік тұтынушылар ғана сатып ала алады. Бұл ретте белгіленген шекті бағаларды асырғаны үшін айыппұл көзделген. Билік осылайша өндірушіден тұтынушыға дейін өнімнің қозғалысын бақылай отырып, сұйытылған газдың айналымын мөлдір етуге тырысып жатыр.
Бізде сұйытылған газға сұраныстың артуы бірінші жыл емес. Кейінгі 5-6 жылда бұл өнімді жылдық тұтыну 150%-ға – 720 мыңнан 1,8 млн тоннаға дейін өсті. Биылғы болжам – 1,9 млн тонна. Ал осы кезеңде өндіріс небәрі 8%-ға ‒ 2,6 млн-нан 2,8 млн тоннаға дейін ғана ұлғайған. Сондай-ақ былтыр мұнай газын ішкі нарықта тұтыну 28%-ға артса, газ өндірісі 10%-ға қысқарып, отандық өндірушілердің Энергетика министрлігі бөлетін ішкі нарыққа жеткізу көлемі сұраныстың тек 90%-ын жауып отыр. Ал зауыттар жөндеу жұмыстарына тоқтаған кезде ішкі нарық тұтынушылары 25-30% көлемінде тапшылық көреді. Сала өндірістің құлдырауы ішкі нарықтағы сұйытылған газға белгіленген төмен бағамен байланысты екенін қайталаумен әуре. Өйткені тауарды өзіндік құнынан төмен бағамен өткізу өндірушілер үшін тиімсіз. Нәтижесінде, олар өндіріс көлемін азайтып, басқа отын түрлерін шығаруға ауысуы мүмкін. Мысалы, зауытта сұйытылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны тоннасына 42-72 мың теңге аралығында болса, газ құны реттелетін сектор өндірушілері үшін кем дегенде 5 пайыздық маржа қамтамасыз етілуі керек. Бұған 2-4 жыл ішінде газ бағасының біртіндеп көтерілуімен қол жеткізу жоспарланған. Сөйтіп, шілдеде сала бұйрығына сәйкес тауар биржаларынан тыс сатылатын ішкі нарық үшін автогаз бағасы 20%-ға қымбаттап, ҚҚС-сыз тоннасына 40 320 теңгені құрады. Өсім өңірлерде автомобильге газ құю стансаларындағы бөлшек сауда бағасына 4-6 теңге шегінде әсер етті.
Ресми деректерге сәйкес биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында республикада 1 млн 450,6 мың тоннадан аса сұйытылған газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Оның ішінде Атырау облысында ‒ 899,3 мың тонна (22%-ға өсім), Ақтөбе облысында ‒ 329,4 мың тонна (3%-ға төмендеу) алынды. Өнімнің қалған бөлігі Павлодар облысы мен Шымкент қаласының үлесінде. Тамыз айында өндірушілер сұйытылған газды тоннасына орта есеппен 44 979 теңгеден сатты. Елімізде СМГ шығарумен 12 отандық кәсіпорын айналысады. Былтыр ТШО 1,2 млн тонна, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 511 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарының әрқайсысы шамамен 330 мың тонна, ҚазГӨЗ 180 мың тонна, Атырау МӨЗ 126 мың тонна сұйытылған газ өндірді. Алайда бұл ресурсқа шикізаттың да, өндірістік қуаттың да шамасы жетпей жатыр. Сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеу енгізілгеннен кейін халықтың және көптеген өнеркәсіп орнының отынның осы түріне тез көшуі байқалған. Биылғы жылдың 6 айында тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 100 мың тоннаға артқан. Егер әлемдік нарықта бір тонна сұйытылған газдың ағымдағы құны құрамына, аймаққа, және басқа да себептерге байланысты шамамен 600 доллар болса, бізде ішкі нарықтағы сұйытылған газ қазір тоннасына 80-90 доллардан сатылады.
Жыл сайын орта есеппен 1,4 млн тоннаға дейін СМГ шығаратын «Теңізшевройл» былтыр өнім өндірісі мен экспортын қысқартты. Әдетте өнімінің 90%-ын экспортқа жіберетін компания былтыр пайдалануға берілген KPI полипропилен өндіру зауытына сату есебінен ішкі нарыққа жеткізуді ұлғайтты. Бірақ бұл ішкі нарықтағы автогаз тапшылығының жалпы мәселесін шешпейді. Егер ТШО үлесі алынып тасталса, республикадағы сұйытылған газ нарығын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC бақылайды. Өйткені ресурстардың негізгі ұстаушылары болып табылатын барлық ірі өндіруші – зауыттар мен өндіруші кәсіпорындар ішінара немесе толығымен соларға тиесілі болады. Өз кезегінде министрлік әлеуметтік маңызына байланысты ішкі нарықтағы жағдайды реттеуге күш салып жатыр. Көмірсутек газын елден шығаруға салынған тыйым ұзартылса, өнім автомобиль көлігімен үш жылға, теміржолмен алты айға дейін әкетілмейді. Дегенмен бұл санкция өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) не тұрақтандырылған келісімшарт бойынша жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды. Мысалы, елдегі СМГ өндірісінің жылдық көлемінің жартысына жуығын қамтамасыз ететін ТШО экспорттауды жалғастырады.
Жоспарға сай 2025 жылы Атырау және Маңғыстау облыстарында қуаттылығы 119 мың және 232 мың тонна екі газ өңдеу зауыты іске қосылса, бұл газ тапшылығын жоюға едәуір көмек болатыны сөзсіз. Сондай-ақ Атырау ГӨЗ ‒ QazaqGaz-ға, Жаңаөзен ГӨЗ-і ‒ ҚМГ-ға тиесілі болады. Яғни екі жылдан кейін нарықта қосымша 351 мың тонна сұйытылған газ пайда болады. 2028 жылы Қашағандағы екінші ГӨЗ және Қарашығанақтағы тиісінше 428,5 мың тонна және 700 мың тонна сұйытылған газ шығаруға қабілетті бірінші ГӨЗ пайдалануға берілген кезде өндіріс тағы 1,1 млн тоннаға ұлғаяды. Қазір бұл екі кен орны сұйытылған газды ішкі нарыққа шығармайды. Егер NCOC «Болашақ» зауыты СМГ-ны мүлдем шығармаса, онда Орынбор ГӨЗ-де Қарашығанақ шикізатынан жылына 280-300 мың тонна көлемінде өндірілетін сұйытылған газды «ҚазРосГаз» толығымен экспортқа жібереді. Тұтынудың өсуі былтырғы жылдағыдай қарқынмен жалғасатын болса (жылына 400 мың тоннаға), бұл көлем де жеткіліксіз болуы ықтимал.
Жанармай шығындарын үнемдеу автокөлік иелерінің көпшілігі үшін басымдыққа айналып бара жатқанына тұрмыс-тіршілік куә. Былтыр елімізде сұйытылған газбен жүретін автокөліктердің саны 500 мыңға жуықтап, бір жылда 57%-ға өсті. Бұл ретте республика экологияға жүктемені азайтудан ғана пайда көреді. Бензин газбен бәсекелесуі үшін ол 20%-дан қымбат болмауға тиіс. Ал екі отынның арасындағы қазіргі айырмашылық шамамен 100% деңгейінде. Демек, бензин мен газдың тепе-теңдігі қалыптаспайынша, тапшылық сақтала береді.