Теңге • 12 Қазан, 2023

Доллардың тағдыр-талайы

242 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Теңге үшін тамыз бен қыркүйектің жайлы болмағанын бәріміз көрдік. Қыркүйектің аяғы мен қазан айының басында 480 теңгеге дейін қымбаттап, бұғауға басы сыймаған доллардың 478 теңгеге келіп тұрақтағанына бірер күннің шамасы ғана. Ішкі нарықтың бұл бағамды қашанға дейін ұстап тұра алатынын Ұлттық банктің жаңа базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімі анықтай жатар. Аузы дуалы кейбір сарапшылар 1 доллардың 474 теңгеге бағаланған кездері енді келмеске кеткенін айтып әлек. Бізге енді кемі алты ай бойы 1 долларды 480 теңгеден асырмай ұстау үлкен күш болғалы тұр. Теңгенің одан кейінгі жағдайын ішкі нарық пен сыртқы нарықтың беталысы шешеді. Теңге бағасын мұнайға тели беру қазір «сәннен» шығып қалды.

Доллардың тағдыр-талайы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірінші кредиттік бюро маман­да­ры­ның мәліметінше, өткен қыркүйекте ұлт­тық валюта барлық негізгі валю­та­лар алдында тізе бүгіп қалды. БКБ мә­лі­меттерінде қыркүйектің қортын­ды­сында теңге әлемдегі барлық негізгі ва­люталар алдында әлсіреп қалғаны ай­тылады. Сарапшылардың пікірінше, ең нашар көрсеткіш соңғы рет 2022 жылдың қарашасында байқалған. Бұл ретте отандық валюта долларға қатысты арзандап, 14,78 теңгеге әлсіреді. Тіпті көршісіне соғыс ашып, әлемнен оқшауланып қалған Ресей валютасының да «табанының» астында қалды.

Ресей валютасының да жағдайы мәз емес. Мәскеу биржасында 2 қазанның қорытындысында 1 доллардың құны 100 рубльге жетті. Кейбір айырбастау пунктерінде АҚШ валютасы үшін 110 рубльге дейін сатылып жатқаны айтылып жатыр.

Тамыз айында да, қыркүйекте де Ұлттық банк интервенция жасаған жоқ. Бірақ тамыз айында Ұлттық қордан 770 млн доллар алып, биржаға салды. Бұл шешімнің шетелдік валютаға деген сұранысты өтеу үшін қабылданғаны белгілі. Қыркүйек айында тағы да 1,15 миллиард долларды айналымға шығарды. Бірақ бұл шешім де жағдайды оңалта алмады. Осы айда Ұлттық қордан биржада 1,5-1,6 миллиард долларға дейін сатуға дайындалып жатқаны ашық айтыла бастады. Тіпті БЖЗҚ қыркүйекте 200 млн доллар сатып алады. Сарапшылар теңгенің әлсіреуіне Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі ықпал етуі мүмкін болғаны айтылып жатыр. ҰБ-ның оған қатысты шешімі 6 қыркүйекте жарияланды. Болар-болмас қана төмендеген базалық мөлшерлеме егер көтерілгенде, теңге қосымша дем алып қалуы да әбден мүмкін. Базалық мөлшерлеменің көте­рілуі теңгеге дем бергенмен, экономика­ны тежейтінін осыған дейін жаздық. Біздегі несие мөлшерлемесі алыс-жақын көршілермен салыстырғанда ең жоғары – 16%. Қырғызстан мен Ресейде – 13%, Өзбекстанда –14%.

Өткен айдың соңында Halyk Finance Ұлт­тық банктің бағамдық саясатын­дағы проблемаларға шолу жасады. Са­рап­шылардың айтуынша, нарық қатысушылары теңге бағамының АҚШ дол­ларына қатысты қандай іргелі фак­тор­ларға сәйкес өзгеретінін түсін­бей отыр. Олардың түсінігінде теңге баға­мы­на әсер ететін негізгі факторлар – мұнай бағасы, Ресейдегі рубльдің дол­ларға айырбастау бағамы, доллар ин­дексі, Ұлттық қордың бюджеттік ережелер шеңберіндегі валюта айырбастау опера­циялары, шетелдік портфельдік ин­вес­торлардың мемлекеттік бағалы қа­ғаздарды (МБҚ) сатып алу-сату, инфляция. «USD/KZT және осы іргелі факторлар арасындағы қатынас уақыт өте қатты өзгерді, кей сәттері күшейді, кейде беті қайтып қалды», делінген Halyk Finance шолуында.

Ұлттық банк валюта нарығында қа­лып­­тасқан ахуалға қатысты түсініктеме берді. Онда Тимур Сүлейменовтің командасы теңгенің құнсыздануына сұра­ныс­тың артуы себеп болғанын айтып берді. Бас банктің соңғы мәлімдемесінен теңгені құнсыздандырудан сақтап қалатын тың идеяларды көрген жоқпыз, сол баяғы ескі сүрлеу. Осыдан кейін ҰБ-ны Үкімет қаржыны ЕДБ-ге үйлестіріп беріп отыратын Ұлттық оператор деп атасақ да жарап жатыр. «Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте 1 млрд 155 млн доллардың валютасы сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 34 пайызын және тәулігіне 55 млн доллардан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», деп хабарлады Ұлттық банк.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­ты­ғы­ның сарапшылары теңгенің әлсіреуіне шетелдік инвесторлардың отандық қор нарығынан кетуі, инвесторлар отандық активтерге қызығушылық танытпауы себеп болғанын айтады. Жыл басында мемлекеттік облигацияларды жылдық 16 пайызбен салып алу мүмкін еді. Қазір ол базалық мөлшерлеменің төмен­деуіне байланысты төмендеп кетті. Ал Қазақстанда Үкімет мемлекеттік об­ли­гацияларға салынған инвестициядан түсетін табысқа салық салуды қайта қарау арқылы шетелдік инвесторлардың мемлекеттік облигацияларға жеңілдігін алып тастау туралы айтып жатыр. Бірақ нақты шешім қабылданбаса да, инвесторлар валюта нарығындағы үйлесімділікті бұзып, теңгені теңселтіп үлгерді. Шетел­дік инвесторлар өзінің кірістері мен доллар бағамы жақын болашақта не болады деп алаңдайтынын сезіп отырмыз. Олар ақпан-наурыз айларында отандық қор нарығына белсенді түрде кіріп, долларды орта есеппен 450-ден сатты, қазір 470 теңгеге сатып алу керек. Арадағы 20 тең­гелік айырмашылық – олар үшін шығын.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев ұлттық валютаның құлдырауына доллар индексінің өсуі себепкер болғанын айтады. Доллар ең өтімді актив болғандықтан, дағ­дарыс кезінде ол қымбаттайды.Үкі­мет түсімдерді міндетті айырбастаудан бас тартты, бұл шетел валютасының ұсы­ны­сын сәл қысқартты. Осының барлығы теңгенің әлсіреуіне ықпал етті.

Ұлттық банк тамыз айында теңге баға­мын қалыптастыруға араласпағанын және валюталық интервенция жүргізбе­ге­нін мәлімдеді. Ал Ұлттық қордан сату жоспарлы түрде жүргізіліп, болжамды шектен асқан жоқ. Шетелдік инвес­торлар тәуекелге бармай, доллардың көтерілуін және Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің төмендеуін басқа юрисдикциялар да күтуді шешкен көрінеді.

ҚҚҚ сарапшылары теңгенің құнсыз­да­нуының үшінші себебі ретінде мемле­кет­­тік қарызға қызмет көрсету екенін ай­та­ды. Екінші тоқсанды сыртқы қарызды жабу үшін 18,2 млрд доллар қажет бола­ды.

Қаржы сарапшысы А. Чеботарев алда­ғы уақытта, сыртқы факторлар тыныш болса, бағам 470-480 теңге шамасында сақталады деп болжайды. Қаржы сарапшысы сыртқы факторлар болмаса, 485 теңгеден төмен әлсіреудің күшті себептерін көріп отырған жоқ. Дегенмен са­рап­шы қолдағы артық қаржыны доллармен сақтау да керектігін айтады. Сіз бен біз үшін, бизнес үшін айырбас бағамының 448 теңгеден құлдырауы тиімсіз. Тауар импорты жоғары деңгейде қалып отыр. Оның мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда екі есе артып, тарихи рекордтардан асып түседі. Сондай-ақ теңгенің құнсыздануы Үкімет үшін тиімді болуы мүмкін деп болжауға болады.

Осы жылдың қаңтар-шілде айларында сауда балансы 10 млрд доллар профицитпен қалыптасты, себебі экспорт импорттан асып түсті. Доллардың қайта бағалануы бюджетті қосымша теңгемен толтырып, бюджет кірісін арт­ты­рады. Мұнай табысы өскен сайын шенеуніктердің мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды көбейтуге деген тәбеті артады. Ақша көбірек болады, баға қайтадан көтеріледі. Сарапшылардың бірауыздан доллар бағамының көтерілуіне жол бермеу үшін базалық бағам айырбас бағамына әсер ету құралы деп айтуы бекер емес.

Рубльдің құнсыздануы ресейлік өнім­дердің бағасына әсер етіп жатыр. Бұл біздің тауарлар үшін тиімсіз. Қаржы-өндірістік топтар кірісін арттыру үшін Үкіметтен теңгенің рубльмен бірге әл­­сі­ре­уіне жол беруді талап етіп жатыр деген әңгімелер де айтылып қалады.

Ұлттық банк теңге бағамының қалып­та­суына кедергі жасамайтынын хабар­лаудан жалыққан емес. Бірақ соңғы жағдайлар оның араласпай отырғанына, тіпті теңгенің рубльден түбегейлі тәуел­сіз­дік алғанына күмән келтіре бастады. Қазіргі жағдай халықты емес, бизнесті қол­дауға басымдық бере бастады. Сарап­шы­лардың пікірінше, теңге бағасы жыл аяғына құбылмалы болып тұрады. Тұрақтылыққа қауіп рубльден екені белгілі болып қалды. Экономикамыздағы құрылымдық өзгерістердің әлсіздігінен 1 рубльге шаққандағы 5 теңгелік пари­тет­тен әлі толық шығуға мүмкіндік жоқ. Қазақстан мен оның валютасын Ре­сей экономикасының жағдайына тәуел­ді ететін фактор тағы да ЕАЭО-мен байланысты. Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге санкциялары маңыздырақ фактор болды. Сарапшылар санкциялар логистикалық тізбекке әсер етіп, Ресей өнеркәсібінің өндіріс көлемін күрт қысқартатынын, оның ықпалы араға жыл өтіп байқалатынын осыдан 1 жыл бұрын айтқан. Ресейді Қазақстанмен байланыс­тыратын жолдар да бұзылды. Ресейде өндірілген өнімдер отандық сөрелерге біраз уақыт жетпеді. Бірақ соған қарамастан көрші елдің сауда құ­ры­лымындағы үлесі – 19 пайыз. Соңғы 5 жылда ол 20-25 па­йыз аралығында құбы­лып тұрған болатын. Теңге мен рубль байланысы құ­пиясының өзегі осында жатса таңғал­май­мыз.

 

АЛМАТЫ