Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші-домбырашы, талантты композитор Қаршыға (Қаршымбай) Ахмедияров 65 жасқа қараған шағында дүние салды.
Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылғы 25 наурызда қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген. 1986-1988 жылдарда Мәскеу қаласында Жоғары дирижерлік курста оқыған.
1967-1994 жылдарда Қазақтың халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстр, жеке домбырашы және дирижер қызметін атқарды әрі көркемдік кеңестің мүшесі болды. 1974 жылдан Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысып келді. 1994 жылдан профессор, 1996 жылдан домбыра кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген. Қаршыға Ахмедияров ұстаздық қызметінде жас өнерпаздарды күй өнеріне баулып, домбыра тартудың қыр-сырын үйретті. Ол шәкірттерінің арасынан бірнеше шебер күйші-орындаушыларды тәрбиелеп, өзінің дәстүрлі мектебін қалыптастырды.
Құрманғазы мен Дина туып-өскен топырақтан нәр алған Қаршыға Ахмедияров аса дарынды күйші ретінде елге танылып, халықтың шексіз ықыласына бөленді. Оның орындаушылық шеберлігіне шетелдік көрермендер талай рет тәнті болды. Әйгілі күйшінің өнеріне АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Швеция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Португалия, Чехия, Венгрия, Йемен, Ангола және басқа да көптеген елдердің көрермендері ықыластана қол соқты. Белгілі музыка мамандары оның өнерін өте жоғары бағалады. Қ.Ахмедияровтың репертуарында халық композиторларының және кәсіби композиторлардың күйлері, сондай-ақ шетел композиторларының шығармалары бар. Ол өңдеген халық композиторларының және қазіргі композиторлардың шығармалары түрлі концерттерде тұрақты түрде орындалып жүр. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің мәртебелі сахналарда өнер көрсетіп, беделінің биіктей түсуіне Қаршыға Ахмедияров үлкен үлес қосты.
Қ.Ахмедияров дарынды домбырашы, дәулескер күйші ғана емес, композитор ретінде де жұртшылыққа кең танымал болды. Оның “Шашақты найза, шалқар күн”, “Шынар”, “Табыну” атты күйлер жинағы елден лайықты бағасын алды. Қаршыға Ахмедиярұлы — “Нарын”, “Қуаныш”, “Сағыныш”, “Атамекен”, “Атырау”, “Ақ қайың”, “Желдірме”, “Қайран әке”, “Жырау”, “Ғазиза”, “Қазанғап Ақжелең”, “Шамғон Ақжелең”, “Раушан гүлім”, “Би”, “Алтын ұя”, “Шабыт”, “Елбасы”, “Нұрғиса”, “Құрдастар”, тағы басқа бірнеше белгілі күйлердің авторы. Бұл күйлер қазақ халқының рухани қазынасына қосылған құнды дүниелер болып саналады. Қаршыға Ахмедияров өзінің дара талантымен, айрықша қабілетімен “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” музыкалық антологиясын әзірлеуге өлшеусіз үлес қосты.
Қаршыға Ахмедияров мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, “Парасат” орденімен марапатталған.
Көрнекті күйші-композитор, дарынды домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың жарқын бейнесі оның өнерін қадірлейтіндердің есінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.
ҚАЛЫҢ ЕЛІН КҮЙГЕ БӨЛЕГЕН
Өмір деген осы емес пе, қалың елін күйге бөлеп, халқының ортасында жадырап, жайнап жүрген Қаршыға да өтті дүниеден. Өлім түгілі, өкпеге қимайтын асыл інімізден айырылдық. Көптің мұңын арқалап, көкейіндегісін тауып келе жатқан көненің бір шегі үзілді. Күйдің бір бұлағы сарқылды. Қазақтың күй өнері кешегі Нұрғиса Тілендиев пен Рысбай Ғабдиевтен кейін ауыр қайғыға душар болды.
Қаршығаны бала кезде Қаршымбай деуші едік. Қаршыға жеті атасынан бері өнер қонған әулеттің ұрпағы еді. Әкесі Ахмедияр да аңшы, сері, күйші әрі әнші еді. Ол кісіні де көзіміз көрді. Дәмдес те болып едік. Қаршығаның ағасы Алғи біздің досымыз. Бұл да әнші. Ахмедияр қарияның ұрпағының бүгінде бәрі де өнерпаз. Шетінен күйші, шетінен музыкант. Қаршығаның күйлерін біз оның студент кезінен ұйып тыңдаушы едік. Ағасы Алғи бәріміз Қаршығаны үйлендіріп, тойын да бірге өткізіп едік. Екі көзі оттай жанған әдемі жігіт өзінің сол тойында да жиналған жұртты тамсандырып күй тартып еді.
Бертінде Қаршығаның өзі де күй құдіреттерінің орнын басты. Өнердің өз алдына жеке бір мектебіне айналды. Қазіргі қазақ күйінің көшін бастады. Өнердің өзгеге ұқсамайтын салтанатын құрды. Осылайша оның күйшілік өнері халқының сыр сандығына, алтын қазынасына айналды. Артында өлмейтін өнеге, өшпейтін асыл мұра қалдырды.
Дәм-тұзы таусылмайтын пенде жоқ. Қош, жампозым. Алдыңдағы ағаң Алғиға, соңыңнан ілескен інің Ғалымға, өнер ұстаған ұрпағыңа Алла ғұмыр берсін. Алдыңнан жарылқасын. Алдың пейіш, артың кеніш болсын. Ел-жұртың аман болсын, шырағым.
Бақұл бол, Қаршыға!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
ҚОШ, ҚАРШЫҒА...
Күй-қанатын қомдадың,
Қыран құстай самғадың.
Мәңгі өлмеске тірілттің –
Иісі Қазақ арманын!
Абылайдай еренім,
Абайдайын кемелім.
Абыз-Абыл дегенім –
Ахмедияров дегенім...
Жарық күннің көзіндей,
Құран-кәрім сөзіндей:
Халқың
Қайта туа алмас,
Хас-талантын
Өзіңдей!
Қош,
Қаршыға!..
ИРАН-ҒАЙЫП.
МӘҢГІЛІКПЕН СЫРЛАСҚАН САҢЛАҚ ҒҰМЫР
Ата бәйтеректің аялы бұтағына қонақтап, тамылжыта сайраған сандуғаштың сазы аяқ астынан оқыс тыйылды.
Қазақ сахнасының қақ төріндегі қара домбыраның бас пернесі ойда жоқта үзілді.
Дүние жым-жырт. Кенет көңілдерді кіршік шалып, жанар біткендер жасаурады. Туған жердің саф ауасын құныға жұтқан ғашық жүрек алқына тыпыршып барып, мүлде тоқтады.
Дүниеден Қаршыға өтті.
Сенерсің бе, сенбессің бе?..
Бұл күндері осынау сергелдең халді бастан кешкен жалғыз мен ғана емес шығармын.
Баршамыз маңдайымызға тұтқан Қаршыға дүниеден озды.
Бір кезде өткен бабалардың көне көзіндей көрінетін домбыраны да өгейсінетіндер табылды. Әлдеқашан заманы өткен анахронизм деп ойлайтын басқа түгілі өзіміздің қаракөздер оза шауып бара жатқан озғын дүниемен қатарласа жүгіруге қадам бөгейтін көне тұсаудай көретін. Тұмсықтарын шүйіретін.
Сондай жылдары сахнаға көтерілген көрерге көз керек киіктің құралайындай сұлу жігіт бұл көзқарасты өзгертті. Атырау-Жайықты арындатып, Сарыарқада сағымдай ойнақтап, Қаратаудың қатпарынан шыққан бұлақтай сылдырап, Алатаудың көкірегінен төгіліп, Аралда өз-өзінен мұңайып, Маңғыстауда ақжармалатып айдындана түсетін қазақ күйлері бұрынғыдай әр бөлек тартылмай, бір көкіректен қайнап шығып, бір саусақтардан ойнақтағанда құлағыңды жұлып алса да білмей қалатынсың. Еміне, еліге тебіренетінсің.
Ол аз болғандай, Моцарт пен Брамс қосыла құйқылжитын.
Домбыра қазақтың көлеңкеде жатып, қай-қайдағыны еске түсіретін ескі шерменде сырласынан бүкіл адамзат баласы бірге қуанып, бірге мұңаятын ортақ сырласына айналған-ды.
Қаршығаша күй шалу жаппай салтанатқа айналды.
Бірінен-бірі өткен әдемі күйшілер көптеп шыға бастады.
Қара домбыраның басы озып, бағы жанды.
Сөйтіп, Қыр мен Сырдың, Батыс пен Шығыстың көкірегіндегі көп әуен ортақтасып, баршамызға тән қуаныш пен мұңға айналды.
Сөйтіп, жан табыстыру мен сән салыстырудың озық үлгісін көрсеткен қаршадай Қаршығаның шеберлігіне әлем жұртшылығы ең алғаш сонау Монреаль сахнасында қайран қалды. Сосын бес құрлықтың бесеуі де қол соқты.
Қашаннан өз көкірегіне өзі тұншығып қалған қара домбыра да аянған жоқ. Ақтарылып бақты. Қаршыға да аянған жоқ. Қашанғы қатталып жатқан халық қазынасын ақтарып бақты.
Қара домбыра тұрғанда Қаршыға да тірі.
Қазақ тұрғанда қара домбыра да дүлдүл.
Мәңгілікпен сырласқан саңлақ ғұмыр жалғаса бермекші.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
ДӘУЛЕСКЕР
Қаршыға Ахмедияров – қолына домбыра алғанда ерекше құбылып, құлпырып, тереңнен толғанып, күй сиқырының аңызын, философиясын ашып, шежіресін төгілтетін, атына сай – қаршығадай қанатын бойына жиып, құзар биіктен құйылатын хас шебер, тамыры берік өнерпаз еді.
Қаршыға Құрманғазыдан кеше ғана жарқырап, жарқылдап ортамызда жүрген Нұрғиса Тілендиевке дейінгі қазақ домбырасының құдіреттерінің асыл мұрагері болатын.
Қаршыға – домбыраның үнімен өз елін ғана сусындатып қойған жоқ, сол аспаптың таңғажайып қасиетін әлем елдеріне теңдесі жоқ шеберлікпен сөйлетіп, таңдандыра алған санаулы дүлдүлдердің бірі. Сонау жылдары Қытайда емделіп жатса да бөтен елге домбыраның мүмкіндігін көрсетейін деп, үлкен госпитальдың дәрігер қызметкерлеріне көсіліп, тіпті музыкадан хабары жоқ адамдарды таң қалдырып домбыра тартқаны да көз алдымда. Ел арасында “Қаршығаның домбырасы”, “Қаршығаның мәнері”, “Қаршығаның мектебі” деген ұғымдар қалыптасты. Бұл – халықтың өнер шеберіне деген сүйіспеншілігі, ықыласы.
Күй шебері Қаршығаның келбеті мен өнері халықтың жадында қимастықпен қалары сөзсіз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.
ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ
Ой, опасыз жалған-ай! Қазақтың асыл перзенттерінен айырылу қандай ауыр қайғы. Жүрекке батқан қандай зіл бұл. Қаршыға Ахмедияров дәл осы сәтте, кемеліне келіп, толысқан шағында өмірден озады деп кім ойлаған? Енді оның қаршығадай қалықтаған күйлерінің күмбірі құлақтан, сірә, кетер ме?
Қаршығадай дәулескер күйшінің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Қазақтың күй өнерін насихаттауда, кейінгі толқынға жалғастыруда өзіндік өрнегі бар Қаршығаның домбырашылық шалқыған кезі – үлкен құбылыс. Бұл – бір эпоха! Кешегі ұлы домбырашылар –Құрманғазыдан кейінгі Дина, Дәулеткерей, Түркеш, Еспай, Естай, Қали Жантілеуов, Рүстембек
Омаров, Ғылман Әлжанов, тағы басқалары батыс өлкесіндегі керемет дала симфониясы атанған күйлерді қалай тірілтсе, солардың көзіндей болған Қаршыға Ахмедияров сол даналардан қалған жауһар өнерді әлем көгіне шығарған, өрісін кеңейткен бірегей күйші еді.
Қаршыға күй өнерін терең зерттеп, биікке көтерді. Қазақтың қоңыр домбырасының шанағынан төгілген күмбір күйді классикалық деңгейде әлем сахнасына шалқытқан бірегейлердің бірі еді. Оның домбыра тартысы бөлек болатын. Он саусағы домбыраның қос шегіне тисе болғаны, күй сауғалап тұратындай әсер беретін. Күйді төгілтіп, шалқытып тартатын. Әр күйдің тарихын жетік білетін.
Қаршыға мына өмірге жәй ғана келіп-кеткен жан емес. Қазақтың ұлан-асыр музыкасының бір саласы – күй өнерін дүбірлетіп, шалқытып өтті. Қазақтың күйіне құдірет, үлкен рух бітірген күйші – Қаршыға Ахмедияров еді. Бір шүкірлік етеріміз, артында оның күй әлемін жалғастыратын көптеген шәкірті бар. Сол шәкірттері енді Қаршығадай ұлағатты ұстаздан алған дәрісін, күйді биік деңгейге көтерген үлгі-өнегесін жалғастыра береді деп ойлаймын.
Қош, қазақтың асыл перзенті!
Ілия ЖАҚАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ДҮЛДҮЛ ДАРЫН
Қарекеңді осыдан бес күн бұрын композитор Тілес Қажығалиевті еске алу кешінде көріп едік. Жүргізуші Қаршыға Ахмедияров осы концертке қатысуға өзі сұранды деді. Қарекең өзіне тән шеберлікпен Тілестің өмірінде домбыраға жазған жалғыз шығармасын орындап берді. Симфониялық концерттің ішінде домбыраның үні ерекше естілді. Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында отырған әйгілі Қаршыға Ахмедияровты біз соңғы рет көріп, соңғы рет өнерін тамашалап отырмыз деп кім ойлаған.
Қаршыға Ахмедияров бүгінгі кәсіби домбырашылардың бастауы болды. Ежелден келген домбырашылар сияқты, тек қана бір дәстүрді ұстанған жоқ. Оның орындауында алға ұмтылған батыс күйлері, лирикаға толған шертпе, метро-ритмикасы қиын Маңғыстау мұрасы, иірілген үш дауысты шығыс туындылары – бәрі де бірыңғай асқан шеберлікпен шығатын. Бұл шығыстан батысқа дейін, түстіктен терістікке дейін жинап, басын қосқан қазақ домбырашылық өнері болды.
Кезінде, біз, жас композиторлар, Қарекеңе өте риза болдық. Ақсақалдар тарапынан “бұлар қазақ музыкасын білмейді, күйді түсінбейді” деген менсінбеушілік көп болатын. Осы тұрғыда ешкімге алақтамай, жалтақтамай Қаршыға Ахмедияров үлкен концерттерде біздің шығармаларымызды орындайтын, ол туындылар түрленіп, жанданып, жалындап шығатын.
Бақұл бол, ардақты Қаршыға аға, біз сізді әрдайым ұмытпаймыз.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы.
ӨНЕРДЕГІ СЕРІГІМ ЕДІ
Айналайын Қаршығам-ай! Сенің қазаң туралы суыт хабарды есту өте қиын болса да, тағдырға не шара! Ажалға кім араша тұра алған? Сенің өнердегі өмірің, өнердегі биігің көз алдымда өтті. Алғаш “Консерваторияға оқуға түскім келеді” деп, менімен ақылдасып едің-ау. Сенің домбыра тартысыңды көріп, менің өнердегі серігім болады деп қуанып едім сонда. Өнердегі серігім болған өзіңнен айырылып, қайғырып отырмын.
Сен бар жан-тәніңмен қазақтың өнеріне – күй әлеміне берілген жан едің. Сенің өнерің, күйшілік дарының тамырын тереңге тартқан үлкен әулеттен нәр алған. Композиторлығың, шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздық ұлағатың талантыңның бір қырын танытып еді.
Енді келісті келбетіңді, жарқын дауысыңды, сахна төрін дүбірлеткен күйшілік өнеріңді сағынатын боламыз. Қазақтың кең даласын күй әлеміне еліткен қоңыр домбыраңды кімге қалдырдың, бауырым?
Әзидолла ЕСҚАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі.
ШІРКІН ДОМБЫРА БҮГІН ЖЫЛАЙДЫ
Оның шанағына тағы қорғасын құйылғандай, қос ішегі күрсініп, сыңсиды-ау.
Иә, қазақтың қара домбырасы орны толмас қазаға ұшырады. Күй көгінде қалықтаған Қаршығасынан айырылды.
Мен онымен танысып, айырылмастай достасқаныма отыз жылдан асып кетті. Ондай ізгі ініні, күйшілік көңілдесті, көрген сайын тәнті қылатын дүлдүлді енді қайдан табармын.
Қапысыз қара жер оны өз қойнына алып кетеді, қалай қыларсың...
Амал жоқ, қоштасамыз.
Бақұл бол, Қаршыға!
Тек артың қайырлы болғай. Жан жарың Нұрбикешің, ұл-қыздарың – Раушаның, Ерланың мен Ерболатың, немерелерің аман болсын.
Сенің асыл бейнеңді, күй мұраңды, дәулескер шеберлігіңді еш ұмытпай, ілгері апаратын шәкірттерің, құдайға шүкір, баршылық. Олар сенің аманатыңа берік.
Топырағың торқа болсын, ол топыраққа да сенің құдіретті өнерің қасиет болып даритынына менің күмәнім жоқ.
Сержан ШӘКІРАТ, консерваторияның құрметті профессоры.
КҮЙ МЕН КҮЙШІ ҚҰДІРЕТІ
Атыраудан жеткен қаралы хабардан шығармашылық күш-қуаты шырқау шыңында тұрған, өмірге құштар ұлы музыкант, еліміздің ұлттық тұлғасы саналған домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың өмірден озғанын білдік. Оның бүкіл ғұмыры халық музыкасына, оның жетістіктерін елімізде және шетелде насихаттауға арналды. Консерватория қабырғасында Қаршыға ағаның биік өнерімен, бірегей ұстаздық дарынымен, тұлғалық таңғажайып күш-қуатымен рухтанған музыканттардың бірнеше ұрпағы өсіп шықты.
Оның тартқан күйлерін тыңдау деген қандай бақыт еді! Саусақтары қара домбыраның ішегіне тигенде бірнеше адамнан бастап сан мыңдаған залға дейінгі кез келген аудитория тынши қалатын. Оның өзі де бір сәттің ішінде құдіретті күй қанатында қалықтап, ерен биік деңгейге көтеріле білетін, тыңдаушыларды домбыра шанағынан төгілген саздан құмардан шығатындай еліте алатын.
Қаршыға аға орындаған қазақ күйлері ерекше де терең философиялық мазмұнға ие болып, кемел де нақты формада көрінетін, әрі шынайы шеберліктің жарқын да жалынды кейпін танытатын.
Басқалардың қолынан келмейтін көп нәрсе – айрықша арқаланушылық, таңғажайып көрегендік, бойды билейтін сиқырлы күш – ол үшін оңай да табиғи болатын. Оның бойына күй мен күйшілік құдіреті қатар қонғандықтан болар, ол саз бен адами ақиқатты жеткізу үшін тыңдаушының сезім пернелерінде ойнай білетін. Соңғы он жылдан астам уақыт біз Қаршыға ағаны ұстаз, музыкалық білімнің қайраткері, жастардың тәлімгері ретінде танып білдік. Қаршыға Ахмедияров студенттер үшін асқан бедел, профессура арасында ұлы тұлға болатын. Сонымен қатар, ол әріптестерін өзінің орасан шығармашылық идеяларымен қызықтырып, жан-жақты зерттеу, концерттік және ағартушылық жұмыстарды белсенді жүргізді. Осындай өмір болмысында жүрсе-дағы ол жоғары деңгейдегі тәртіптіліктің, дәлдіктің өнегесін көрсететін, өзіне деген айрықша көзқарасты, көңіл бөлуді, даңқ пен құрметті қажет етпестен, бәрінен бұрын өзіне талап қоя білетін.
Біз Қаршыға ағаның өзін жеңе біліп жүретінін түсінетін едік. Бірақ та ол ешқашан өзінің мұңлы күйін, қиналған шақтарын сездірмейтін. Біз әрдайым шаттыққа, өмірге құштарлыққа толы ағаны көретін едік. Табиғатынан басқаға көмекке келуге әзір тұратын мінезіне сай ол өз достарының хал-жағдайын білуді парызы санайтын. Қуанышты да қиын сәттерде қастарынан табылатын. Оның жер бетіндегі ғұмыры да өзі жанындай жақсы көретін жақындарына деген алаңдаушылық, қамқорлық жағдайында үзіліп кетті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының әкімшілігі мен профессор-оқытушы құрамы біздің кіршіксіз адал әріптесіміз Қаршыға Ахмедияровтың отбасы мен туған-туыстарына қатты қайғырып көңіл айтады.
Жәния ӘУБӘКІРОВА, ҚР халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры.
ӨНЕРІ ДЕ, ӨМІРІ ДЕ – ӨНЕГЕ
Қазақтың ардақты перзенттерінің бірі, дарабоз күйші Қаршыға аға Ахмедияровты мақтан тұтып жүруші едік. Атырауда кіндік қаны тамғаны үшін ғана емес, әрине. Қазақтың асыл мұрасы – күйшілік дәстүрді насихаттауға, дамытуға сіңірген еңбегі үшін, өнерге жанашырлығы, адалдығы үшін. Оның қайталанбас өнерінің, өнегеге толы өмірінің жас ұрпақ үшін тағылым аларлық тұстары көп. Қаршыға аға Атырауға келуге асығатын. Осы жолы да туған топырағына, Атырауына асығып келіп еді. Сағынып келіп еді. Әттең-ай, сұм ажалға ешкім де араша бола алмады.
Қаршыға ағаның күй өнерін дамытудағы ерен еңбегіне талайлар тамсанып жүретін. Қазақтың күйіне ғашық жүрекпен, ерекше бір ынтызарлықпен қарайтын. “Күй – қазақтың киелі өнері”, деп айтып жүретінін талай естіген едік. Күй өнерін насихаттаумен, дамытумен шектелмей, қазақ күйлерінің шығу тарихын терең зерделеп, зерттеуге көп көңіл бөлетін. Әсіресе, батыр бабамыз Махамбеттің күйлерін іздеп тауып, зерттеген еңбегі күй өнері тарихына қосылған өлшеусіз үлес деп білеміз. Махамбет күйлерінің шығу тарихын зерттеп қана қоймай, оларды нотаға түсірген де Қаршыға Ахмедияров болатын.
Атырау жұртшылығы Қаршығадай талантты ерекше құрметпен күтуші едік. Қазақтың күйлері, оның шығу тарихы жөнінде шертер әңгімесі көп еді. Жастарды өнерге баулуға, өнерді қадір тұтуға үндейтін. Бар өмірін қазақтың өнерімен ұштастырып, күйшілік дәстүрді бүгінгі ұрпаққа қылаусыз жеткізген ақберен күйші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың жарқын бейнесі жерлестерінің жадында әрдайым сақталады.
Қош, өмірі де, өнері де өнегеге толы дара тұлға!
Бергей РЫСҚАЛИЕВ, Атырау облысының әкімі.
ҚОШ БОЛ, ҚОҢЫР ҮНІМ!
Қазақтың домбырасының бір ішегі үзіліп кеткендей, дала күйзеліс шерін күңірене тартуда. Кеудеден күй-Қаршыға ұшып кетті. Тау, дала түгел қара ормандай таусыла жабығуда. Олар да енді өздерін дәл Қаршығадай сүйе жырлайтын, беріле бейнелейтін жанның қайта айналып келмесін сезгендей теңселуде.
Сахнаға жанары жарқылдап, сүйрік саусақтары сәйгүліктің шабысындай құйқылжып Қаршыға ағам шыға келердей елеңдеймін. Жоқ дегенге көңілім иланбайды. Қазаны Жайықта жүріп естідім. Жайықтың жағасын толқындар жайпап жібере жаздады. Оның кешегі бір кездегі Нұрғиса ағамыздың “Аққу” күйін тербеле тартқан әсем қалпы көз алдымнан сынаптай сырғыды. Көл бетінің көркемі – күй аққуымен енді сырласып, қатар жүре алмайтыныма қайғыланамын. Әрі ұстаз, әрі аға, әрі үзеңгілес доспен 43 жылдан бері аралассақ, бір оркестрде табан аудармай 30 жыл бірге өнер көрсетіппіз. Екеуміз де Қали Жантілеуовтен дәріс алдық. Қазақтың күй өнері өмір сүріп тұрғанда Қаршығаның күй күймесі де тозбайды, тоқтамайды деп білемін.
Тұяқберді ШӘМЕЛОВ, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.