Киелі Жетісу жері, бұл қазақтың тарихын тамыршыдай тап басқан, шежірелі шалдай шер тарқатса, буыны босап сала беретін әулие мекен емес пе? Тауға қашалған идеограммалар, балбал тастар, қоянжон құм жоталар, түйе өркешті төбелер – қарт тарихтың қазынасы. Соны сезген әуесқой археологтер Талдықорған маңынан петроглифтердің ең үлкен шоғырын тапты. Қадым заманнан қатталған, кісі көзінен тасада жатқан кепиетті орын 80 шаршы шақырым жерде қоныс тепкен. Бұл некрополис, ежелгі қоныстар және керуен сарайы бар археологиялық кешен. Ғалымдар әзірге ескерткіштің оннан бір бөлігін ғана зерттеген. Әуесқой археологтер осы бірегей петроглифтер кешенін төрт жыл бойы зерттемек. Әрине, бәрі уақыттың еншісінде, әйткенмен, бұл жазулар әлденені айтқысы келетінін сондағы жұрт сезіп отыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша мұнда ежелгі бейнелеу өнерінің 26 мың суреті шоғырланған. Негізінен ол жерде жануарлардың бейнелері мен шайқас және аң аулау көріністері бейнеленген. Археология институтының ондаған экспедициясына қатысуға мүмкіндік алған, 40 жылдық тәжірибесі бар әуесқой археолог Ольга Гумирова бұл қасиетті орынды тек елде ғана емес, сондай-ақ басқа да жердегілермен салыстырғанда ең үлкені деп атауға болатынын айтты. Археологтерді табылған кешеннің 4 мың жылдан аса уақыт бойы өзінің бастапқы түрінде сақталғаны қуантқан. Бұл құндылық зерттеу жұмыстары жүйелі жүруіне жәрдемдеспек.
«Суреттерде көрсетілгендерді Жетісу аумағындағы көшпелілікті дамыту энциклопедиясы деп атауға болады. Онда көшпеліліктің пайда болған кездері баяндалған. Өйткені мұнда қола дәуіріндегі суреттер бар. Бұл біздің елдің ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих пен мәдениеттің байлығы деп санаймын», дейді О.Гумирова.
Қазір археологтер нысанның төлқұжатын жасап жатыр. Бұл өте ауыр жұмыс, әр суреттің координаттарын зерттеу, бекіту, оның орналасуы мен ерекшеліктерін сипаттау және Марғұлан атындағы археология институтының петроглифтер базасына енетін төлқұжатын жасау қажет.
Тарихи және мәдени мұра ескерткіштерін қорғау орталығының басшысы Ғалымжан Оспановтың айтуынша, зерттеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 9 млн 700 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта барлық конкурстық рәсім өткізілген. Тіпті жеңімпаз да анықталып, ескерткіштерді қорғау орталығымен келісімшартқа қол қойылған. Соған сай жұмыстар жүріп жатыр. Алдағы уақытта Қаратал ауданы бойынша археология ескерткіштеріне паспорттау жүргізіледі. Бұл ескерткіштердің қорғау аймақтарын анықтауға, есепке алуға және орнатуға мүмкіндік бермек.
Мамандардың сөзіне қарағанда, ғалымдар Қазақстанды «петроглифтер елі» деп атайды. Өйткені олардың 300-ге жуық кластері бар. Ал Талдықорған төңірегінде оннан аса көне тарихи-мәдени мұра ескерткіштері шоғырланған. Ешкіөлмес шатқалы Еуразия аумағындағы петроглифтердің ең көп жиынтығы деп танылған. Сондай-ақ Алабасы, Баянжүрек, Арқарлы археологиялық кешендері бар және бұл аз ғана бөлігі екен. Қасиетті орында табылған ежелгі үңгір суреттері әлемдегі ең үлкен галерея. Археолог Бекбол Нұрмұханбетов бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағы бір тақтаны сақтап қалған. Мұның бәрі тарихымыздың бетіне тағы бір тақырып болып жазылар үлкен естелік екені даусыз.
Қазір қаржы мәселесі істі бұйдалап тұр. Қолда бар ақшаның жеткіліксіздігінен бұл бірегей археокешенді зерттеу көптеген жылға созылуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар нысанды паспорттауға асығып жатыр. Содан кейін ол тек мемлекеттің қорғауына ғана емес, сонымен бірге ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енеді деген сенімде. Іске бел шеше кіріскен білікті мамандар соңына дейін райынан қайтпауға бекініп отыр. Тек таңбалы тастар тіл қатса жетіп жатыр…