Қоғам • 12 Қазан, 2023

Саниязовтардың сарымайы: Сүт өнімдеріне сұраныс арта түсті

211 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Мал-жаның аман ба?» дейтін аспантау елінің негізгі тіршілік көзі – мал өсіру. Оның ет-сүтін сатып, нәпақасын табу. Ал осы күні мал басын көбейтудің қиындықтары азаймай тұрғаны ақиқат. Оған бірінші кезекте жайылымдық жерлердің тапшылығы, жемшөп қорының жетіспеушілігі кедергі болса, екіншіден, ет-сүт, тері өңдейтін зауыттардың, кәсіпорындардың жоқтығы малды өңірдің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.

Саниязовтардың сарымайы: Сүт өнімдеріне сұраныс арта түсті

Алты ай қыстан қысылып-қым­тырылып шығып, арқасы жы­лып, аяғы ұзарған жаз айларын­да шелектеп сауған сүтін өткізе алмайтын, өткізген күнде құны таты­майтынына өкпелі ауыл тұр­ғын­дарының еңбегі еш, тұзы сор­ға айналып жататыны белгілі.

Осындай қиындықтардың күр­меуін тарқатуға тырысқан Шыр­ғанақ ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Саниязовтың шағын сүт өңдеу цехында жаз маусымында жұмыс қайнап жатады. Таң елең-алаңда сүт тасымалдайтын «УАЗ» немесе «Газель» автокөлігін оталдырып, шалғайдағы Мыңжылқы, Сарыкөл, Ереуіл, Талды жайлауларына қоныстанған малшыларды аралап жүріп, жаңа сауылған сүтін тірнектеп жинап әкелу – Нұрбектің кідіріссіз атқаратын күнделікті жұмысы. Күн қызбай жеткізген сүтін 1 тонналық сүт тартатын электрлі сепараторға құйып, одан кілегей айыру, оны ыстық бу беретін пеште пісіру сынды тыным таптырмайтын жұмыстар бұ­дан әрі ата-анасының иелігінде.

Сонау 2000 жылы «Саниязов» шаруа қожалығын құрып, жетек­шілік еткен ауылдың іскер азаматы Серік Саниязов ірі қара өсіру­мен қатар, сүттен жоғары сапалы май шайқап, құрт жасауды негізгі кәсіптің көзіне айналдырған.

Себебі кеңестік кезеңде осы ауыл­да ірі сүт зауыты жұмыс іс­теп, тәулігіне тонналап сүт тар­ты­лып, сарымай өндірумен даң­қы шыққан шаруашылықтан жекешелендіру жылдары шашау шығып, шашырап кеткен қиын-қыстау кезеңде екі цистернаға иелік еткен Серік Саниязов содан бері бұл жұмыстан бір сәт қол үзіп көрмеген. Үйінің ауласындағы үйшіктей ғана екі бөлмеге цистерналарын орналастырып, кеңестік ескі құрылғылардың күшімен сүт өңдеумен айналысып келе жатқанына 35 жылдан асыпты.

«Қолда барды ұқсатып, тір­ші­лік етіп келеміз. Ауылдың тыны­­сы тарылып, тұралап қалған нарық­тың кезінде де қиындық­тан жол тауып, шаруамызды тоқтат­пауға күш салдық. Техниканы жамап-жасқап, ескіні құрай алға­нымыздың арқасында сүт тарту, одан құрт-май алу жұмыстары үзі­ліс­сіз атқарылды. Бұл ісіміз ауыл­­дастарымызды қуантты. Бір­­лі-жарым сиырының сүтін өткі­­зіп, күнделікті нан-тұзын табу­­ға себін тигізді. Сөйткен сүт өңдеу цехымызда жаз айларында тәу­лі­гіне 2 тонна мөлшерінде сүт тар­­ты­лып, таза қаймақтан 50 килоға дейін сарымай, қатықтан құрт жа­салады. Қазір күнара ірім­­шік қайнатып, өнім түрлерін кө­бей­тіп келеміз. Кемінде 10-15 кило са­ры ірімшік, бұған қоса 40 кило­дан асатын майсыз ірімшік жасап, тұты­нушылар тапсырысын орындаудамыз. Сапа стандартына сай жасалатын табиғи өнімдерімізге сұраныс артпаса, кеміген емес», дейді кәсіпкер.

Мал қоңданып, сүт молайған жаз маусымында шағын цехтағы жұмыс та қарқын алады. Серіктес­тік қарамағындағы он шақты адамнан өзге құрт жасап, ірімшік қайна­туға қолғабыс етіп, уақытша табыс тапқысы келетін ауыл тұрғын­да­ры­ның қатары көбейеді. Білекті сы­бана іске кірісетін жұмыс­шы­лар­дың көшбасында кәсіпкер отба­сы­ның ұйытқысына айналған аяулы жан Қуаныш Нүсіп­жанованың бел жазбай, тыным таппай жүретіні ай­дан анық. Самайын ақ қырау шал­ған ата-ананың еңбекқорлығын бойы­на сіңіріп өскен ұлы Нұрбек пен келіні Альфия аңсары ауған қаладан айнып, туған ауылына туын тіккен. Ерінбей еңбек еткен адамның алар асуы биік боларына осы жылдар ішіндегі жетістіктері дәлел болса керек. Қарабастың ғана қамын күйттемей, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, қолдан келгенше қайырымдылық шараларына атсалысуды азамат­тық борышы санайтын әкелі-балалы Саниязовтардың мейір-шапағатын көріп жүрген жандар аз емес.

Есімі еліне елеулі Серік Сания­зов – аудандық мәслихаттың үш ша­қырылымында депутат болып сайланып, ауылдың көркеюіне өзіндік үлесін қосқан іскер азамат.

Осылайша, жоқтан бар жасап, өнім өндіріп, ауыл тұрғындарын таңдайда бал татитын құрт-май­мен қамтамасыз етіп отырған ол, кәсіпкерлерді қолдау мақсатын­дағы мемлекеттік бағдарла­малардың ең қажетті жерге жете бермейтіндігін қынжыла жеткізді.

«Қаржылық көмекті жұмыс істейтіндерден гөрі, қолында дымы жоқ, есесіне жоғарыда тамыр-танысы, демеуі барлар тез алады. Бұл әдеттен әлі арыла алмай келеміз. Олар алғанына қарай дұрыс ұқсатса, қуанар едік. Бірақ олай емес. Оған мысал, екі жыл бұрын ауданда ашылған сүт зауытына шетелдік жаңа қондырғылар қойылғанын қайтейін, жұмысын бас­тамастан банкрот болып тынды», деп налыған Серік Саниязов осындай қолдаулар қарапайым, қолынан іс келетін кәсіп иелеріне жете бермейтініне қынжылады.

Екі жыл бұрын «Несие серіктес­тігінен» 16 пайызбен 20 млн теңге несие алып, мал басын көбейткен. Сары­май өндірудің шебері атанған Саниязовтардың сүт өндірісі өрісі малға толы өңірдегі жалғыз «зауыт» саналары сөзсіз. 

Жаңа технология дамыған уақыт­та қырық жылғы қисыны кеткен ескі құрылғылармен ісін ілгері­ле­тіп отырған еңбек адамына жергі­лікті әкімдік, кәсіпкерлік тарапынан қолдау көрсетілер болса, аядай бөлмедегі сүт өңдеу цехының қуаттылығын арттырып, ірі зауытқа айналдыруға мүмкіндік жоқ емес. Ең бастысы, жұмыстың тетігін білетін,  істі үйлестіре алатын, тәжірибесі то­лыс­қан білікті мамандар бар.

 

Алматы облысы