Сенат • 13 Қазан, 2023

Ұлттық табыс әділ бөлінуге тиіс

215 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лы­ғы­мен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы Мемлекет басшысының ұсынуын қарады. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған заңдар тал­қы­ланып, бірқатар депу­тат­тық сауал жолданды.

Ұлттық табыс әділ бөлінуге тиіс

Сенат депутаттары ел Прези­ден­тінің ұсынуын қарау нәти­же­сін­де Сембек Баймахановты, Өміртай Ыбраевты, Ұлбосын Сүлейменованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конс­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

 

Инвестициялық табыстың жартысы – балаларға

Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының тапсыр­масымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан балаларға арнал­­ған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәсе­леле­рі бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды қарады. Құ­жат нормаларына сәйкес Ұлт­тық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделіп отыр. Заңның негізгі мақсаты – балаларға өздерінің арнайы шоттарына аудары­латын қаржылай жинақ ар­қылы мемлекет тарапынан қол­дау көрсету. Жиналған қаражатқа тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе жинақтау арқылы білім алуға мүмкіндік беріледі.

Сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда қарау барысында Палата депутаттары бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған байланысты сенаторлар заңды 10 түзетумен Мәжі­ліс­ке қайтару туралы шешім қабыл­дады. «Мемлекет басшысы 2024 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балаларға аудару міндетін жүктеді. Бүгінгі заң осы тапсырманы орындау үшін Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Ұлттық табыс­ты әділ бөлуге бағыт­талған бұл бастама – Әді­летті Қазақстан құру жолын­дағы нақты қадамдардың бірі. Сенат енгізген түзетулер құжат­та­ғы жекелеген ережелерді одан әрі жетіл­діруді көздейді. Ал­дағы уақытта осы заң өскелең ұр­пақты қолдау бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата оты­­­­ры­­­сында «Қазақстан Рес­­пуб­­­­ли­касының кейбір заңна­ма­­лық актілеріне мемлекет­тік наг­ра­далар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Бұл құжат осы саладағы заңнамаларды одан әрі жетілдіруге арналған.

Мақұлданған заңның нормалары мемлекеттік органның оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату нысандарының қызметін ұйымдастыру қағида­ларын бекіту жөніндегі құзы­ретін белгілейді. Бұл оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау, кәдеге жарату нысандарында күзет және өрт қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үдерісінің тиісті ұйымдастырылуын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосал­қы бөлшектер мен олардың құрам­дас бөліктерін сатып алу рәсі­мін оңайлату және оларды мем­лекеттік сатып алу рәсімі арқы­лы іске асыру ұсынылады. Бұл қару-жарақ пен әскери техниканы жедел қалпына келтіру үшін маңызды.

«Қазақстан Республикасының мем­лекеттiк наградалары туралы» заңы­на Қазақстан Респуб­лика­сының әде­биетін дамы­туға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» құрметті ата­ғын алған және әдебиет бойын­ша Мем­лекеттік сыйлықтың лау­­реаты атанған адамдарға «Қазақ­стан­ның Халық жазушысы» құрметті атағын беру жөнінде толық­тырулар енгізілді.

 

Жүйесіз құрылыс көбейіп барады

Сенат отырысы кезінде бір­қатар депутаттық сауал жолданды. Сенатор Андрей Лукин қала құрылысы сала­сындағы кемшіліктерді атап өтті. Оның пікірінше, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бақылауды тиісті деңгейде жүргізбей отыр.

«Әкімдік пен құрылыс ком­па­нияларының айла-шарғы­сы­ның салдары қалалардың жүйе­сіз салынуына, қала ортасы мен жасыл аймақтардың азып-тозуына, халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне алып келіп жатыр. Жергілікті атқа­ру­шы органдардың бұл әрекеті аза­мат­тардың ашу-ызасын туғызды. Жер­гілікті ат­қарушы органдар тарапынан заң бұзудың негізгісінің бірі – учаскелерді беру кезінде жер заңнамасының талаптарын, сон­дай-ақ бас жоспарды сақ­та­мауы», деді ол.

Андрей Лукин Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен об­лыстық маңызы бар тағы 9 қала­ның Бас жоспарындағы жер учас­келерінің нысаналы мақса­тын заңсыз өзгерту мен егжей-тегжей жоспарлау жоба­сын түзетудің 1 мың фактісі тура­лы деректі келтірді. Бұл өңір­лер­де оқу орындары мен аурухана төсегі­нің жетіспеушілігі қоғам­да үнемі талқыланып отырса да, әлеу­меттік мақсаттағы нысандар негізсіз алынып тасталған.

«Бүгінгі таңда қалалардың бас жоспарлары ескірген және қазіргі уақыттағы нақты жағдайға сай кел­мейді, демография, халықты жылумен қам­тамасыз ету және басқа да мәселе­лер ескерілмеген. Қала құрылысы саласын жоспарлау мен іске асырудағы ұйым­дастырушылық-құқықтық негіз­дердің жүйелі кемшілігі – құқық бұзушылықтың негізгі себебі. Жоғары­да атал­ған мәселелерді шешу үшін заң талаптарының бұзы­луын жою және болашақта осын­дай жағ­дайларға жол бермеу үшін Жол картасын әзір­леу мүмкіндігін қарас­тыру ұсыны­лып отыр», деді депутат.

 

Өңірде өзекті мәселе көп

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Үкімет басшысының атына жол­даған депутаттық сауалында Жетісу облысының әлеуметтік-эко­номикалық дамуындағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, облыстағы шаралар жоспарында елді мекендердің инфрақұрылымы, оның ішінде «Талды­қорған-Үшарал» газ құбыры мен «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолын және электр желілерін салу, Текелі қаласы мен Алакөл ауданында кәріз-тазарту құрылыстарын жүргізу мәселелері көрсетілген. Сенатор сонымен қатар қазіргі уақытта Алакөл, Көксу аудандары мен Текелі қаласында 3 өрт сөндіру депосын салу мәселесі де маңызды болып отырғанын атап өтті.

«Бұл мәселелердің көтеріліп оты­руы­ның себебі – көші-қон. Об­лыс тұрғындары, әсіресе жастар Алматы, Қонаев қалаларының төңірегіне көшіп жатыр. Бүгінгі күні миграцияны тоқтатудың бір-ақ жолы – ауылдардағы әлеу­мет­тік мәселелерді шешу, жұ­мыс орындарын ашу. Аталған жоба­лардың барлығы облыс тұр­ғын­дарына қолайлы жағдай жасау­ға, өмір сапасын көтеруге бағыт­талған және бюджеттен тиіс­ті қаражат бөлінген кезде ғана жүзеге асады. Жоғарыдағы жоба­ларға қомақты қаржы керек», деді сенатор.

Ғалиасқар Сарыбаев осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа облыстың инфрақұрылымдық дамуы сала­сындағы өзекті мәселелерді ше­шу­­­ге және халықтың басты мұқ­та­жын қамтамасыз етуді – газға, ауыз суға, қауіпсіз жолға қол жет­кізуге көмек көрсетуді ұсынды.

 

Халық суретшісіне көше беріле ме?

Сенатор Бибігүл Жексенбай Қазақстанның халық сурет­ші­сі Хакімжан Наурызбаевтың 100 жылдығын респуб­ликалық деңгейде атап өту керектігі туралы айтты. Ол Премьер-министрдің атына жасаған депу­таттық сауа­лында Хакімжан Наурыз­баев тарихи ескерткіштер жасаумен қатар, бірқатар дарынды суретші қауымын тәрбиелеген іргелі ұлттық өнердің негізін қалаушы екенін атап өтті.

Депутат қазіргі кезде халық сурет­шісінің еңбегі тек өңір дең­ге­йін­де ғана атап өтіліп жүр­гені­не­ тоқталды. Сенатор 2025 жылы су­рет­­шінің 100 жыл­ды­ғын респуб­ли­ка­лық деңгейде атап өтуді ұсын­ды.­

«Хакімжан Наурызбаев­тың 100 жылдығы аясында «Қаз­пошта» АҚ пошта маркаларын шығаруды қолға алу, жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының оқушыларына Наурызбаев атындағы стипендия тағайындау орынды болады деп санаймын. Республикалық көркемсурет мектептерінің біріне суретшінің есімін беру, сондай-ақ елорда көшелерінің біріне атау берген жөн болар еді», деді сенатор.

 

Қаржы қайда жұмсалды?

Еліміздегі ең үлкен пробле­малардың бірі – ауыз судың жетіспеушілігі. Бұл мәселені сенаторлармен кездесулерде еліміздің барлық өңірінің тұрғындары көтеріп келеді. Сена­тор Жанболат Жөргенбаев депу­таттық сауалында ауыл тұр­ғын­да­рының өтінішін жария етті.

Оның айтуынша, Алматы облысында 8 елді мекен мен 15 саяжай алабы және аудандық маңызы бар 1 қалада тұратын 105 мың адамға Түрген және Еңбекшіқазақ топтық су құбыры арқылы, ал одан өзге 12 елді мекенге Талғар топтық су құбырымен су беріледі. Депутат бұл ретте ауылдық аумақтарды сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 17 млрд теңге және облыстық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Алайда бас­ты мәселе – бұл қаржының қалай жұмсалатындығы болып отыр.

«2013 жылы республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Талғар ауданындағы 12 елді мекенді таза сумен қамтамасыз ету үшін Талғар топтық су құбырын салу жұмыстары жүзеге асырылды. Су тазалау кешені салынды. Бірақ пайдалануға берілген күннен бастап сүзгі стансасы жұмыс істемейді. Мұндай келеңсіз жағдайлар, Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында да орын алып отыр», деді сенатор.

Депутат мұндай жағдайға жол беруге болмайтынын айта келіп, Үкімет басшысынан шұғыл шаралар қабылдауды сұрады. «Алатау-Нұра» топтық су құбырын рес­публикалық меншіктен Алматы облысының коммуналдық мен­шігіне беру керек. Бұдан басқа, топтық су құбырларына түгендеу жұмыстарын жүргізу және сумен жаб­дықтау мен су бұру жүйелерін жаңғыртуға жүйелі жобаларды қарас­тыру маңызды. Осыған байланысты «Әрбір елді мекенде таза ауыз су» ұлттық жобасы қайта қарастыру және де жер асты су қорын барлау жұмыстарын қарқынды жүргізуді қолға алу керек», деді депутат.

 

Жүк тасымалындағы жосықсыз бәсекелестік

Сенатор Закиржан Кузиев депутаттық сауалын­да еліміздің жүк жөнелту­ші­лері мен экспеди­тор­лық компанияларының проб­ле­ма­ларын жария етті. Қазір­гі кезде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан Қазақстан арқылы экспортқа және тран­зиттік тасы­мал­дарға жүкті тасымалдау жос­парын келісуден бас тарту – кәсіпкерлердің аса маңызды проблемаларының бірі болып отыр. Депутаттың айтуынша, мұндай іс-әрекеттер Мемлекет бас­шы­­сының орта биз­неске кедергі болатын мәселелерден арылу тапсырмасына қайшы келеді. «Инсай­дерлік ақпарат бойынша шетел­дік жүк жөнелтушілер мен экс­педиторлардың өті­нім­дерін ҚТЖ-мен үлестес «Кедентранссервис» АҚ және «KTZ Express» АҚ ұйымдары арқылы қайта ресімдеу ұсынылып отыр. Мұн­дай әрекеттер жосықсыз бәсе­келестікке жағдай жасайды және Кәсіпкерлік кодексі­нің нормаларына қайшы келеді деп санаймыз», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар ҚТЖ тасымалдаушы мен экспедиторлар арасында теміржол көлігімен жүк тасымалын ұйымдастыру туралы бірыңғай шарттар жасасуда «Теміржол көлігі туралы» заңды төрт жылдан астам уақыт бойы сақтамай келе жатқанын атап өтті. Еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуды тежейтін тағы бір себеп – отандық экспедиторлық компаниялардың контейнердегі жүкті тасымалдау кезінде кедендік тексерулер жүргізуіне байланысты пробле­малар. «Жоғарыда айтылған проб­лемалар Қазақстан арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын күрт нашарлатады. Экспорт пен тран­зитке тасымалдау үшін отан­дық жүк жөнелтушілер мен экс­пе­диторлардың негізгі және қо­сым­ша жоспарларын келісудегі кедер­гілерді жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды ұсынамын», деді Кузиев.

Сенатор сондай-ақ Үкіметке квазимемлекеттік компаниялар­ды көлік қызметін көрсету нары­ғынан шығару мәселесін қарау­ды, осы салада бәсекелестік дең­ге­йінің жоғары болуына байланыс­ты ҚТЖ-ның еншілес кәсіп­орын­дарын жекешелендіру мәсе­лесін пысықтауды ұсынды.