Қоғам • 13 Қазан, 2023

Сайлаушылар сенімі ақталды ма?

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі саяси реформаға сәйкес жүзеге асқан ауыл әкімін сайлауға Еңбекші­қа­зақ ауданына қарасты Қаракемер ауылының жұртшылығы да сергектік та­нытып, биылғы тамыз айында өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, осы ауыл­дың түлегі Нұржан Ақановқа сайлаушылардың 72 пайызы сенім артып, да­уыс берген.

Сайлаушылар сенімі ақталды ма?

Содан бері екі айға жуықтаған уақыт аралығында әкім өзіне жүктелген міндетті жете сезініп, сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеткен. Нұржан Маратұлы бүгінде 8,5 мың хал­қы бар Қаракемер ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұр­мыс-тіршілігінің жақсаруына жастық жігері мен білім-білігін жұмылдырып жатыр.

«Туған ауылымның гүлденіп, әлеу­меттік ахуалының жақсаруына атсалы­су­ды азаматтық парызым деп білемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға зор сенім артып отыр. Соған лайық жұмыс істеуге тиіспіз. «Келісіп пішкен тон – келте болмас» дегендей, ауылдың жай-жапсарын, кем-кетігін қалпына келтіруде көпті көрген ақса­қал­дармен, еңбек ардагерлерімен, кәсіпкерлермен кеңесіп, бірлесе жұ­мыстар жасаудамыз. Іргесі ертеде қаланып, тарихы тасқа басылған ауы­лымызда атқа­ры­лар жұмыс аз емес. Ауылдың әкімі атанғалы бергі бір жарым ай ішінде Қаракемерде жарылған кәріз жүйесін қайта қалпына келтіріп, іске қостық. Бір шақырымдық электр желілері мен бағандары ауыстырылды. Талдыбұлақ пен Сатай ауылдарына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек айынан ауылымыздың рухани ошағы – Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары бас­талды. Сондай-ақ Қарттар күніне орай 30 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауы­лымызда екіқабатты 15 үй бар. Со­ларды алдағы жылдары орталық­тан­ды­рылған жылыту жүйесіне қосу үшін блокты-модульдік қазандық орнатуға жо­балық-сметалық құжатқа бюджеттік өтінім берілді», – деген Нұржан Ақанов алдағы жоспарларын да жіпке тізгендей етіп жеткізді.

Алғашқы еңбек жолын аудандық «Халыққа қызмет ету орталығында» маман болып бастаған ол, кейін бөлім инспекторы, бас маман, 2019 жылы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Осы­лай­ша, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырына қаныққан Н.Ақанов ауылдық округтің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында алдағы жылға көшелерді жарықтандыруға, асфальттауға, 90 па­йыз тозығы жеткен ауызсу жүйелерін жаңартуға бюджеттік өтінім беруді жос­парлап отыр. Ауылды көгіл­дір отынмен қамтамасыз ету – басты міндет.

Округ орталығы Қаракемерде Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі бар. Ондағы әскери қызметшілердің 80 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар ауыл экономикасының дамуына «Төре Жайлау» шаруа қожалығы мен әлемге танымал «Arba Wine» шарап зауытының шапағаты тиюде. Бұған қоса, округте 30-ға жуық жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнес кең қанат жайып, тыныс-тіршілігін түрлендіруде.

рпо

Қаракемер ауылында салынғанына 60 жылдан асқан пошта торабының бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді. Тұр­ғындардың пошта ғимаратын жаңадан салуды сұрап жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болған. Ауылдық пошта мен учаскелік пункт жекеменшік ғи­ма­рат­тың 2 бөлмесін жалға алып отырған жайы бар. Жаңа әкім жауыр болған осы мәселелердің түбегейлі шешім табуына өзі мұрындық болмақ. Бүгінде жер учаскесі бөлініп, келер жылы учаскелік пунктің құрылысы басталады деген сенімде.

Ал ауылдық округтің Сатай ауы­лында жаңа құрылыс бой көтеріп, қо­ныс­танушылар қатары жылдан жыл­ға көбейіп келеді. Бұл ауылдың 350-ге жуық оқушысы бірнеше жыл бойы Қара­ке­мердегі Құдайберген Орым­бетов атын­да­ғы орта мектепке тасымал­да­нып оқы­ты­лады. Өзекті мәселе ескерусіз қал­май, «Жайлы мектеп» бағ­дар­ла­ма­сы бойынша 900 орындық мек­теп­тің құрылысы басталыпты. Ауыл тұр­ғын­дары үшін аса маңызды нысан құ­рылысы 2024 жыл­дың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.

Округке қарасты Талдыбұлақ ауы­лын­­дағы фельдшерлік акушерлік пункт ма­мандары да тұрғын үйді жалға алып, жалпақ жұртқа медициналық қыз­мет көрсетіп отыр. Талбұлақтықтардың тағы бір проблемасы – сумен жабдықтау жүйе­сі­нің 80 пайызының тозығы жеткен. 1986 жылы салынған су құбырының жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайды. Су құбырын жөндеу үшін өтінім берілген. Бұдан өзге қысқы отын-су қамы, қаңғыбас иттерді аулау, күзгі санитарлық тазалық жұмыстары да әкім назарында.

Ауыл халқының әлеуетін арттыру жолындағы толғауы тоқсан мәселелер­дің түйінін тарқатуды діттеген Нұржан Маратұлының алдағы атқарар шаруасы­ның аз еместігі айқын. Сондай-ақ ол, ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­лар бойынша кәсіп ашып, ша­ғын және орта бизнесті дамытуға ден қою қажеттігін құ­лақтандыруды ұмыт қалдырмайды. Себебі жыл соңында жоғарыда аталған әскери бөлім «көшеді» дегенді естіген жұрт «жұмыссыз қаламыз ба?» деп алаң­даулы.

Десе де, еңбекпен нан тауып, ырызғы-несібесін молайтып отырған ауылда мәдениеттің оты маздап, жастарды рухани байыту жолындағы жұмыстар жандана түскен. Ауылдық Мәдениет үйінде «Қаракемер» балалар театры, «Үкі» би ансамблі, «Қаракемер» вокальды ансамблі тұрақты жұмыс істесе, оның қатары биыл Тоқтасын Әблезов атындағы жыр-терме орталығымен толыққан. Ауыл әкімі мәдениет пен руханияттың жала­уын көтеріп жүрген өнер жанашырларына қолдау білдіріп, өрісін кеңейтуге жіті көңіл бөлетіндігін тілге тиек етті.

Мал мен жүзім шаруашылығын да­мытудың озық үлгісіне айналған Қара­кемер ауылы Кеңес Одағының Батыр­лары Рақымжан Тоқатаев, Қашаған Жа­манғараевтың есімдерімен тығыз бай­ланысты. Қос батырдың мүсіні қатар қойылып, ортасындағы ескерткіш тақтаға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер тізімі жазылған екен. Сол тізімде төртінші тұрған Аманбайұлы Ыбырайым атасының жолын қуып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге Нұржан Ақанов та уәде еткен.

 

Алматы облысы