Қоғам • 13 Қазан, 2023

Мағжан шығармаларының үш томдығы жарық көрді

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Түркі Академиясы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлесіп ұйымдастыруымен көрнекті ақын, педагог, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай  «Мағжан Жұмабаев мұрасы: түркі дүниесінің рухани тұтастығы мен тарихи сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мағжан шығармаларының үш томдығы жарық көрді

Ашық дереккөз

Іс-шараға әдебиеттану, тілтану, өнертану, педагогика саласы бойынша Қазақстанның және шетелдің ғалымдары, халықаралық ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері және институттың ғылыми қызметкерлері қатысты. Жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов жүргізді.

Конференцияда Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйлеп, Академия басшысы Шаһин Мұстафаевтың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар жиында Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтау хаттары оқылды. Конференция Мағжанның ақындық әлемі, Мағжан Жұмабаев және ХХ-ХХІ ғасырдағы әдеби-мәдени байланыстар, мағжантану және түркология саласы, көркем әдебиеттегі Мағжанның ақындық дәстүрі, Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық қызметі, Мағжан Жұмабаевтың қайраткерлік тұлғасы және Алаш қозғалысы, мағжантанудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері және архив, музей және сирек қолжазба деректеріндегі Мағжан мұрасы сынды зерттеу бағыттары бойынша өрбіді.

мағжан

Басқосуда Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Насимхон Рахманов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Дандай Ысқақұлы, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, Түркі Академиясының ғылыми қызметкері, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ч.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының Қырғыз әдебиеті бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы Келдібек Қойлубаев, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Жұмашай Рақыш зерттеу тақырыптары бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар жиында М. Жұмабевтың шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағының тұсаукесері өтті. Түркі Академиясының қолдауымен баспаға әзірленген жинақтың бірінші томына ақынның өлеңдері топтастырылса, екінші томға поэмалары мен әңгімесі, аудармалары енгізілген. М.Жұмабаев әзірлеген оқу құралдары мен мақалалары үшінші томға топтастырылған. Барлық шығармаларына ғылыми түсініктемелер берілген.

Конференция аясында Ғылым Ордасы РМК Орталық ғылыми кітапханасы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.

Ғылыми отырыстан кейін қонақтар М. Әуезов мұражай-үйінде кинорежиссер, документалист Халил Омаров түсірген «Мағжан Жұмабаев» деректі фильмін тамашалады.