Қоғам • 13 Қазан, 2023

Моңғолияның үздік дәрігері атанған тұңғыш қазақ

5274 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нұрбек  Бабанұлы – Моңғолияның қазағы. Қазір Ұлан-Батыр қаласында тұрады. Отызында орда бұзған Бабанның баласын бүгінде тек Моңғолия мемлекеті ғана емес, әлемнің бірнеше елі білікті нейрохирург, көп  маманнның тісі бата бермейтін күрделі отаны сәтті  жасайтын дәрігер деп таниды. Ол бүгінде Моңғолиядағы  нейрохирургиялық аурухананың  жетекші меңгерушісі. Қарауында 15-ке тарта қызметкері бар.  Жас та болса біліктілігімен әлемнің озық елдерінде тәжірибесін бөлісіп жүрген маманмен дидарласып сұхбаттасудың орайы туды.

Моңғолияның үздік дәрігері атанған тұңғыш қазақ

Фото: Жібек Қуатқызы

– Нұрбек, өзіңізді тереңдей  таныстырсаңыз. 

– Мен Моңғолияның  Ұлан Батыр қаласында туып-өстім. Ата-бабаларымыз қоныс еткен Моңғолия мемлекетінде  әкем мен анам да тұрады. Осы елде есейдім, мектепті бітірген соң Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы университетте нейрохирургия  мамандығы бойынша білім алдым.

– Естуімізше, дәрігерлік салаға әке жолын қуып келген секілдісіз?

– Сөзіңіздің жаны бар, атам елге білікті сынықшылығымен, уатылған сүйекті жинай білетін шипагер болған екен. Әкем де кәсіби дәрігер. Қаннан берілген қасиет шығар, бала күнімнен өзім де бұл мамандықты  таңдадым.

– Мойын, бел омыртқадағы жұлын жүйесіне эндоскопиялық лазерлі ота жасайтыңызды да естідім.

– 2013 жылдан бері ота жасап жүрмін. Жыл сайын орта есеппен 500 адамға ота жасағанда он жылда 5 мың науқастың сырқатына шипамды дарыттым десем де болады. 2018 жылдан бастап Ұлан-Батыр қаласындағы арухананың меңгерушісі лауазымын атқарамын. Сөз басында айтқанымдай, ауруханамызда 15 хирург маман бар.

– Өзіңіз іске асыратын отаны әлемде санаулы ғана маман  жасайды. Бұл рас па?

– Рас та шығар, өйткені біздің ауруханамызға Ресей, Қытай, Орталық Азия  мемлекеттерінен, алыс-жақын шетелден науқастар келіп ота жасатады. Егер дәл осы отаны сол елдерде жасаса, Моңғолияға сандалмас еді деп ойлаймын.

– Өзгелердің қолынан келмейді  дейтіндей бұл ота түрінің артықшылығы қандай?

– Эндоскопия ұғымы медтицинада 1973 жылдан бастап бар. Бірақ отаның осы тәсілі 2016 жылға дейін қолданыста болды, алайда  эндоскопияны дүниенің әр тарабындағы дәрігерлер қолданғанымен де нәтижесі көңіл көншіте қойған жоқ. 2016 жылы нейрохирургия саласында ота жасаудың жаңа технологиясы енгізілді, ол стеноскопия деп аталады.  Бұл ота түрін ойлап тауып айналымға енгізген – оңтүстіккореялық нейрохирург Контек Лим  деген кісі. Бағыма орай осы ғалымның алдын көріп, шәкірті атану бұйырды. Дүниежүзі бойынша стеноскопиялық тәсілмен ота жасауда Контек Лим ұстазымыздан кейін  менің көрсеткішім жоғары.

– Қазақтың нейрохирург дәрігерімен  тәжірибе алмасуды қалайтын  елдер де қалың шығар?

– Осы күнге дейін 13 мемлекетте тәжірибемді бөлісіп, стеноскопиялық ота жасадым. АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінен де шақырту келді. Озық технология болғандықтан көптеген елдерден мамандарына үйрету мақсатында шақырту жібереді.

Жалпы стеноскопия тәсілі ғылым ретінде дамып келеді. Бұл әдістің ерекшелігі – мойын, бел омыртқасының қозғалыс кезіндегі сырқатын  қимылға қарай анықтап, нақтылайды. Соған сай емдеу шарасы жүргізіледі. Өзім де келесі жылы докторлық диссертациямды осы стеноскопиялық ота жасау тақырыбында қорғаймын. Өкінішке қарай нейрохирургиялық ота арқылы сырқатын емдеткісі келетін науқастардың саны жыл озған сайын артып барады.  Сырқаты асықынған жандар «белім ауырады», «мойын омыртқам шыдатпайды» деген секілді жалпылама айтады. Анығында бел аруының  қырық себебі бар. Оның әрқайсын анықтап алып емдеу шарасын  жүргізген абзал.

– Астана қаласында өткен «Отандастар – 2023» форумына арнайы қонақ ретінде қатыстыңыз.

– Иә, форумда мені таңдандырғаны - талантты жастарды іздеп тауып, атажұртымызда басымызды біріктіріп, ойымызды  қабыстыру болды. Мені де ұйымдастырушылар өздері іздеп тауып, шақырту жібергенде ерекше қуандым. Қазақ  халқының гендік, ұлттық  бірегейлігі, ерекшелігі жоғары екенін қай қиырда жүрсе де дәлелдеп, жер жүзіне паш етіп келе жатқан азаматтарды шақырып,  аға буын мен жас ұрпақ ортасына алтын көпір орнатуға мұрындық болған ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Бұған дейін де сан түрлі құрылтай, форумға қатыстық, естіп, көріп,  біліп те жүрміз. Бұл жолғы жиынның сүбелісі деп келуші, қатысушы ағайынның аузынан бұрынғыдай атажұрттан не аламыз деп емес, көшімізді бұрып, елге келіп  қосылсақ Қазақстанға не береміз деген  мәселе көбірек айтылды. Сондықтан бұл форум  күлтөбенің басындағы  көп жиынның  бірі емес, жер бетіндегі тарыдай шашыраған қандас бауырларымызға берер тәлімі ерен басқосу болды деп санаймын.

Бұған дейін де мұндай форум, құрылтай өтпеді емес, өтті. Шеттегі қандас бауырларымыз Қазақстан бізге берсе, ала түссек деген пікір басым болушы еді. Бұл жолғы келген делегация өкілдері арасында «Біз Қазақстанға келсек, қандай пайдамыз тиеді, елдің дамуына серпін бере аламыз ба?» деген сыңайдағы ой-пікірлер көп айтылды.  Тағы  бір қуанғаным, әлемнің әр қиырында жүрген талантты жастарды жинай алыпты. Демек, бұл мемлекет  сырттағы тарыдай шашыраған қазақтардың  тағдырына алаңдап, тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстайды  деген сөз.

– Стеноскопиялық тәсілмен ота жасап жүргеніңізге он жылдың жүзі болыпты,  қандай марапат алдыңыз?

– «Алтын қолды дәрігер» деген арнайы марапат бар.  Медицина саласы бойынша озық мамандарға беріледі. Бұл атақ маған  стеноскопиялық әдіс бойынша сәтті ота жасағаным үшін, сырқаттанғандарға ем қонғаны үшін берілді. 2017 жылы Моңғолия үкіметі «Жас талант хирург»  деген атақпен марапаттады. 2018 жылы «Үздік эндохирург» марапатын алдым. Маған дейін бұл атақ Моңғолиядағы қазақ дәрігерлеріне берілмеген  екен.