Аймақтар • 15 Қазан, 2023

Сауыр-Сайқандағы құсбегілер сайысы

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иә, бұл күні Сауыр-Сайқанның баурайында еліміздің әр өңірінен ат терлетіп жеткен құсбегілер мен тазы баптаған азаматтардың басы қосылды, бағы мен бабы сыналды. Айта кетейік, Зайсан ауданында бүркітшілердің дүбірлі додасы тұңғыш рет ұйымдастырылған.

Сауыр-Сайқандағы құсбегілер сайысы

Зайсан ауданының құрыл­ға­нына биыл 95 жыл. Осынау мерейлі датаға орай өңірде түр­лі ша­ралар қолға алынған. Соның бірі – қазақтың бекзат өнері құсбегілер сайысы. Сауырдың бауырында Ақын­бек ақсақалдан басқа бүр­­кіт баптап отырған ешкім жоқ. Десе де аудан әкімдігінің қол­­да­уы­мен бүркітшілер сонау Аты­­рау, Алматы, Абай, Ақ­мола, Қара­ған­ды, Ақтөбе облыстарынан келген.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы «Құс­бегілік» федерациясы­­ның вице-президенті Бағдат Мүп­текқызы, Қазақстанның құсбегіліктен мем­­лекеттік жаттықтырушы Күн­­ту­ған Базарбек, «Шығыс Алтай» бүркітшілер федера­ция­сының төр­­ағасы Тәттімбет Кәпұлы сөз сөй­­леп, сайысқа қа­ты­сушыларға сәт­тілік тіледі.

мси

Шараның алғашқы күні құ­май тазылардың жарысы өткен. Оған ұзын саны 26 тазы қаты­сып, ұшқырлықтары, еп­тіліктері, қырағылықтары сы­­налды. Нә­тижесінде,  I орын­­ды Жанат Аха­товтың та­зысы «Сағым», II орынды Али­жан Нұрмұхаметовтің та­зы­сы «Сұңқар», III орынды Айдын Асқарбекұлының тазысы «Тұйғын» иеленді. Ал құсбегілердің сайысын­да I орынды Атырау облысынан келген Арман Қошқарбеков жеңіп алды. Жүлделі II орынды да Атырау облысының бүр­кітшісі Сармат Абду­кари­мов иеленді. III орынды Аста­на­дан келген Күнтуған Диас қан­жығаға байлады. Ителгі мен қар­шыға сайы­сында жүлделі орын­дар­ды Қарағанды, Аты­рау, Абай, Шығыс Қазақ­стан об­лыс­тарының құсбегілері алған.

Жеңімпаздарға аудан әкі­мінің атынан ақшалай сый­лықтар, кубог, медальдар және Зайсан ауданының 95 жыл­дық мерейтойына арналған төс­белгілер тапсырылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы