Футбол • 15 Қазан, 2023

«Зенитке» жеңісті берген жоқ

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының «Қайрат» футбол клубы Орта­лық стадионда Санкт-Петер­бургтің «Зенит» клубымен жолдастық матч өткізіп, азулы қарсыласымен алғаш рет тең ойнады.

«Зенитке» жеңісті берген жоқ

Ұлттық құрама ойындарына байланысты «Қайрат» пен «Зенит» қысқамерзімді үзілісті тиімді пайдаланып, жанкүйерлерге тамаша матч сыйлады. 20 мыңнан аса жанкүйер тамашалаған Орталық стадиондағы ойын тең есеппен аяқталды – 2:2. Аса тартысты өткен кездесудің есебін бірінші болып «Қайрат» футболшылары ашты. Ойынның 8-минутында «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло гол соқса, 29-минутта қонақтар сапынан Александр Ерохин есепті теңестіріп кетті. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін «Зениттің» бас бапкері Сергей Семак алаңға бразилиялық ойыншыларын шығарып, жеңіске жетуге тырысып көрді. Бірақ екінші таймдағы алғашқы голды да «Қайрат» футболшылары соқты. 70-минутта Офри Арад командасын есепте тағы да алға шығарғанымен, ресейлік команда матчтың аяқталуына бес минут қалғанда таразы басын қайта теңестіріп кетті. Бұл жолы Густаво Мантуан дәлдік танытты – 2:2. Осылайша, екі клуб арасындағы үшінші жолдастық кездесуде «Қайрат» бірінші рет «Зенитпен» тең ойнады. Мұның алдындағы екі матчта да «Зениттің» мерейі үстем болған еді.