Қоғам • 16 Қазан, 2023

Көлік иелеріне тиімді қызмет

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел тұрғындары енді push-хабарламалардың жаңа түрін алатын болады. Хабарламалар автокөліктің диагностикалық тексеру картасының жарамдық мерзімі аяқталғаны туралы алдын ала хабарлайды.

Көлік иелеріне тиімді қызмет

Аталған жаңашылдық аза­мат­­тарға құжаттың жарам­ды­лық мерзімі туралы 30 күн бұ­рын ескертуге мүмкіндік бе­реді. Жіберілген push-ха­бар­ламалар eGov mobile қосымшасының «Ха­бар­ламалар» бөлімінде қолжетімді. Егер мобильді қосым­ша орнатылмаған болса, пайдаланушыға қосым­шаны жүктеуге арналған сілтемесі бар 1414 нөмірінен жаңа хабарлама келгені туралы SMS жіберіледі.

– Президенттің «көрінбейтін мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарға қажетті қызметтерді көрсетуді және бұлар туралы алдын ала хабардар етуді жалғастырып жатырмыз. Push-хабарламалар азаматтарға ыңғайлы, себебі хабарламалар бір ай бұрын жіберіледі. Тиісінше, жаңа құжатты қайта ресімдеуге уақыты болады. Осылайша, біз көлік иелеріне көптеген қауіптің алдын алуға көмектесеміз. Бү­гінде eGov mobile әртүрлі өмір­лік жағдайларға арналған push-хабарландырулардың 15 түрін ұсынады. Уақыт өте бұл сан да көбейді, – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ eGov мобиль­ді қосымшасында тағы бір цифрлық құжат – «Диагнос­ти­калық тех­никалық байқау карта­сы» қол­жетімді. Жаңа құжат­та техни­калық жай-күй параметр­лерінің тізбесі мен міндет­ті техникалық байқаудың нәтижелері көрсе­тілген көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі туралы мә­ліметтер бар. Құжаттың мерзі­мі өтіп кетсе, ол цифрлық құжат­тарда көрсетілмейді. Көлік иеле­рі электронды құжатты қағаз құжатпен қатар ұсына алады. Цифрлық құжатты eGov mobile қосымшасының басты бетіндегі «Цифрлық құжат­тар» бөлімінде табуға болады. Құжат иесі оған QR код ар­қы­лы қол жеткізе алады. Бұл құ­жатты сұраған тарапқа оның түп­нұс­қалығын тексеруге көмек­теседі.

Цифрлық құжат – түпнұсқа құжаттың баламасы. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисінде 29 құжат бар. Оның ішінде жеке куәлік, жүр­гізуші куәлігі, Қазақстан аза­ма­ты­ның төлқұжаты және бас­қа да құжаттар қолжетімді. Жаңар­тулар Ин­дустрия және инфра­құры­лым­­дық даму министр­лігінің, Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі Мемле­кеттік көрсетілетін қызметтер коми­те­­­тінің және «Ұлттық ақпа­рат­тық технологиялар» АҚ бір­лес­кен жұмысы кезінде іске асырылғанын еске сала кетейік.