Сұхбат • 15 Қазан, 2023

Бақыт Сарбалаұлы: Қоғам әдеби сынды қажетсінуі керек

352 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары әдеби сынның дамуы кенжелеп қалған секілді. Өйткені жаңа шығармалар туып жатқанымен, солардың көркемдігі, шынайылығы, жаңалығы туралы тереңнен толғап, әділ бағасын беретін әдеби сын аз жазылады. Шындығын айтқанда, кәсіби сыншылардың өзі саусақпен санарлық қана. Солардың бірі, айтулы сыншы, бірнеше кітаптың авторы Бақыт Сарбалаұлы. Сын сардарымен кездесіп, осы тақырыпта әңгімелестік.

Бақыт Сарбалаұлы: Қоғам әдеби сынды қажетсінуі керек

– Әдебиеттің мақсаты, міндеті туралы түрлі ой қозғауға болады. Өт­кен жолы бір мақалаңызда «адамды тәрбие­лейтін әдебиет» деп айтыпсыз. Осыны тереңірек қаузап өтесіз бе?

– Шынында да солай. Адам жасы ұлғайған сайын шым түбіне батқан тас­тай ойға көп беріледі. Қым-қуыт өмірде түрлі жағдайды көресің. Содан ой түйіп, тәжірибең молаяды. Діни тұрғыдан болсын, жер бетіндегі тіршіліктің падишасы – адам деп айтады. Алайда адамның бәрі саналы ма? Осы сұрақ мені де жиі мазалайды. Осының бәрі, айналып келгенде, білім мен тәрбиеге тіреледі. «Білім – өмірдің шырағы» дейді халқымыз. Сол шырақты қолымызға қалай ұстап жүрміз? Өмірдің қалтарыс-бұлтарысы көп. Сондай кезде жақсы мен жаманды, адал мен арамды, күнгей мен көлеңке, қараңғы мен жарықты ажы­рата білу үшін білім керек. Бірақ тәр­биемен берілген білімнің нәрі, құнары мол. Бұрынғы данагөй бабаларымызға таңғаласың. Барлығын бір-екі ауыз сөзбен түйіп айтып кеткен. Сонау X ғасырда өмір сүрген, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген. Ұлы ғалымның осы ғибратты нақылының тере­ңіне біз әлі бойлаған жоқпыз. Негізі, әрбір ұлт түп-тамырын жоғалтпай, өткені мен бүгіннің сабақтастығын сақтай білсе, қоғам орнықты дамиды. Бірақ соның ақ-қарасын айыра білгеніміз жөн. Мәселен, жоғары білім алып, әжептәуір қызмет істеп жүрсе, «ойбай, үлкен адам болды» деп, мақтаныш көреміз. Шын мәнінде, сол азаматтың адамдық қасиеті, ұлтқа жасаған қызметі қандай, оған мән бермейміз. Қызметкер мен қайраткердің айрымасы екі бөлек. Тарихқа үңілсек, қаншама тұлғалар өтті. Солардың қаншасы халықтың басына іс түскенде өзін қалай ұстады? Адамды кінәлау қиын, сонда да азаматтық биігінен табылған тұлғалар сирек.

Ақиқатында, өмірден өнерді, әдебиетті бөліп қарау мүмкін емес. Хакім Абайдың: «Ту­ғанда дүние есігін ашады өлең, өлең­мен жер қойнына кірер денең», деген өлең жолдары қандай мағыналы. Бұдан қазақ өміріне тән етене болмысты көресіз. Тал­бесік пен тас табыттың арасы да жыр. Қуа­ныш та, қайғы да, ерлік те жыр. Аме­ри­каның ұлы жазушысы Теодор Драй­зер: «физикті – физик, агрономды – агро­ном, инженерді – инженер, педагогті – педагог даярлайды» деп айтқан екен. Ал адамды жақсылыққа, ізгілікке, мейі­рімділікке, адамгершілікке бағыттап, адам­дық қасиетін жоғалтпауға күш салатын – әдебиет пен өнер. Өйткені әдебиет адамның жаны мен рухын тәрбиелейді.

– Қазір бір көркем шығарма жазылса мақтай жөнелетін үрдіс пайда болды. Оның аражігін ашып, жіліктеп беретін әдеби сын сирек. Бұған не себеп?

– Өзекті сұрақ екен. Әдебиет ешқашан жоғалмайды. Мен оған сенемін. Бірақ ол қандай әдебиет болады? Тағы да Абайға жүгінейік. Ұлы ақын «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейді. Бастысы, оқырманға өмірді айна-қатесіз танытатын, шындықты бұрмаламай шынайы көрсететін, алмас қылыш тәрізді ақиқатпен беттестіре алатын түзу, көркемсөз керек. Қазақ – талантты халық. Талантты болатын себебі, ерекше жаратылысымыздан емес, біз табиғаттың қойнауында өскен, болмысымыз да соған жақын жұртпыз. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қазір көркем шығармалар жазылып жатыр. Бірақ соның дұрысы мен бұрысын, ағы мен қарасын ажырату кемшін екені рас. Өйткені оған сыншылық білім мен білік қажет. Кейбіреулер «сын жоқ» деп айтып жатады. Бір жағынан, оны мойындаймын. Қоғам әдеби сынды қажетсіну керек. Өмірдің өзі сынға толы. Егер біз өмірдің сынын түзесек, бәрі өз қалпымен орнына келеді. Бір сөзбен айтқанда, өмірді түзеу үшін өнерді түзеу керек.

– Кезінде айтулы сыншылар, ақын-жазушылар әдеби үдеріске белсене араласып, әдебиеттің дамуына игі ықпал жасады. Қазір сондай белсенділік жоқ­тың қасы?

– Әдебиетте сыншының алар орны бөлек. Мәселен, мен Мұхтар Әуезовті ұлы сыншы деп бағалаймын. Әбіш Кекіл­байұлын да солай деп танимын. Әбді­жәміл Нұрпейісов сирек болса да сын жазды, мықты жазды. Талабы мен талғамы, мақсаты биік болмаса осы жазушылар әдебиетіміздің қазынасын байытқан тамаша туындыларын қалай тудырды. Сыншылық жолымда, өзім ерекше қадір тұтатын бес ұлағатты ұстазым бар. Олар: Әбіш Кекілбайұлы, Зейнолла Серікқалиұлы, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали. Бесеуі де талантты. Бесеуі де әдебиетіміздегі сын жанрын биікке көтерді. Мысалы, Әбіш Кекілбайұлының жас кезінде жазған «Дәуірмен бетпе-бет» атты сын кітабы бар. Бұл жинақтың маңызы, мазмұны әлі құнын жоймаған. Оқыған адам біраз нәрсе алады. Ал көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиұлын көзіқарақты қауым жақсы біледі. Оның әдебиетіміздің бағдары мен бағыты туралы, сондай-ақ ақын-жазушылардың шығармалары туралы жазылған еңбектерін рахаттанып оқисың. Тілі төгіліп тұр. Мысалы, Ә. Нұр­пейісовтің «Қан мен тер» романы жарық көргенде, осы туынды туралы сын жазды. Онда сыншы жазушының шығармадағы жетістігі мен жетпей жат­қан тұсы мен қырын айта отырып, жалпы қазақ әдебиеті алдағы уақытта қалай даму керек деген бағытта салмақты сөз қозғайды. Мәселен, өткен ғасырдың 60-70-жылдары жылына 50-70 романға дейін жазылды. Бұл қазақ әдебиетінің гүлденген шағы еді. Жазушылар одағында өткен жылдық есеп беру жиындарында баяндама жасағанда жоқ дегенде, 30 роман, 50 повесть оқитын едім. Осы шығармалардың арасында ортақол романдар да, түкке тұрмайтын туындылар да кездесті. Бір жақсысы – халық кітап оқыды. «Нашар» деген шығармаларды да жұрт сатып алды. Кітап дүкендерінде кітап жатпайтын.

Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы 60 мың данамен баспадан шыққанда, жұрт сол сәтте ту-талақай талап әкетті. Ол­жас Сүлейменовтің «АзиЯ»-сы жарық көр­генде де осындай жағдай болды. Бір жағынан, ол кезде халықтың да санасы оянды. Оқырман тарапынан сұраныс артты. Мұның бәрі – ұлтымыздың өзін-өзі тануға, санасын оятуға ықпал еткен туындылар еді. Санаға төңкеріс жасады. Мықты шығарма өмірдің қажеттілігінен туады. Талантты жазушы ешқашан жаман жаза алмайды. Егер маған салса, Мұхтар Мағауиннің « Кесік бас – тірі тұлып» атты хикая­тын миллион данамен шығарып, мектеп оқу­шыларынан бастап, еліміздегі барлық адамға оқытар едім. Бұл туынды туралы мақала да жаздым. Біз сондай тарихымызды, трагедиямызды ұмытпауымыз керек.

– Бұл хикаят сізге несімен ұнады?

– Біз тарихқа, шындыққа есеміз кеткен ұлтпыз. Сүбелі сыбағамыздан көп айырылдық. Оған себеп көп. Сондықтан «Кесік бас – тірі тұлып» секілді шығар­ма­ларды жастардың санасын ояту үшін оқыту қажет. Жазушы Марал Ыс­қақбайдың өткен ғасырда жазылған «Жойқан төбе» атты романы бар. Суреткер 80-ге толғанда баяндама жасау үшін осы шығарманы қайта оқып отырып, енді ғана жазылған көркем дүние оқығандай әсер алдым. Неге десеңіз, романды алғаш оқығанда жастықтың әсері ме, әлде «бақытты» кеңес дәуірінің ықпалы болды ма, астарына онша үңілмеппін. Тарихымыздың бір көрінісі деп ойладым. «Жойқан тө­бені» қайта оқығаннан кейін мен Ақсақ Темірдің шын мәнінде кім екенін білдім. Әсіресе оның Тоқтамыс ханды, Баязит сұлтанды, Ер Едігені (әрине соғыста) же­ңіп, Алтын Орданы құлату арқылы болашақ озбыр орыс отаршылдарына жәрдемдесіп, даңғыл жол ашып беріп, түркі-қыпшақ бабаларымызға, тіпті бүгінгі мына біздерге орасан зор тарихи зиян-зардап келтіргені сәл де айғақ-дәлел тілемейді.

– Әдебиетке келген жас ақын-жазу­шылардың шығармаларымен жақын таныссыз ба?

– Шынымды айтсам, жазып жүрген жастардың шығармаларының көбісімен таныспын деп айта алмаймын. Жас қаламгерлердің кітаптары баспадан аз таралыммен жарық көреді. Сондықтан қолыма көп түспейді. Бұрын авторлар сыншыларға шыққан кітабын сыйлайтын. Қазір бұл үрдіс үзіліп қалды. Кітап дүкендеріне аз таралыммен шыққан жинақтар түсе қоймайды. Әдебиетке талантты жастар келіп жатыр. Жазу техникасын жақсы меңгерген. Бірақ оларға тәжірибелі ақын-жазушылардың ұстаздық тәлімі жетпей жатыр деп ойлаймын. Бір жағынан, әдебиетте бүгінгі күнді жазу деген шартты ұғым. Меніңше, халықтың санасына, жан дүниесіне терең бойлап, ізгілікке, жақсылыққа тәрбиелейтін, ұлт­тың өзі мен сөзінің түзелуіне әсер етіп үлес қоса алатын талаптан шыға алмаған бү­гінгі жазылған шығармадан гөрі, іл­геріде жарық көрген «Жойқан төбе» секілді туындыларды одан жоғары бағалар едім. Тәуелсіздігімізді алуға, ұлт рухын оя­туға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді атақты жазушылардың шығармалары мол үлес қосты.

– Әдеби сынның көсегесін қалай көгертеміз?

– Бастысы, сыншыға жағдай жасап, қомақты қаламақы төлесе, сыншының да беделі өседі. Әсіресе әдебиетке енді келген жас сыншыларға қолдау керек. Бұрынғы ақын-жазушылардың бәрі сын жазды. Қазір қаламгерлер бір-бірінің шығармасын көп оқымайды, Қоғам қандай болса да, қандай қиындық көрсе де, жаратылысынан ақын, жазушы, сыншы болып туғандар қолынан қаламын ешқашан тастамайды. Қандай жағдай болса да оларды жазудан ешкім тоқтата алмайды. Қазір еліміздегі кітап шығару ісінде жаңаша бетбұрыстарды байқаймыз. Бұл әдебиеттің бағалануы деп санаймын. Әдебиет сынының айы оңынан туады деп сенемін.

– Бүгінде өзіңіз «Қазақ әдебиетінің Қазыбек биі» деп жазған көрнекті сын­шы, академик Мұхамеджан Қара­таевтың есімі де ескерусіз қалып барады. Бұл туралы не айтасыз?

– Мұхамеджан Қаратаев энциклопе­диялық білімге ие, өте білікті, қаламы жүрдек сыншы еді. Әдебиетіміздің аузы дуалы төбе биі болды. Әдеби сын туралы жазған еңбектері көркем шығармадай оқылады. Қазақ әдебиетінің дамуына да мол үлес қосты. Мұндай тұлға лайықты бағалану керек. Бізде тұлғаға, оның шығармасына таразыны тең басқан әділ баға беру жетпейді. Кейде сол кісіні кінәлаған пікірлерді оқимын. Соны айтып жүргендер сол қиын-қыстау жылдары Мұхаң көрген азапты бір күн көрсе төзер ме еді?

Жалпы, менің өмірдегі азаматтық көзқарасымның өзгеруіне 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қатты әсер етті. Сон­да көп нәрсені көзіммен көріп, ой түй­дім. Қырықтағы қылыштай кезім. Аға буын қаламгерлердің біразы сол кезде үнсіздік танытты. Алаңға шыққан жас­тар­ды Жұбан Молдағалиев, Салық Зи­манов, Сафуан Шаймерденов секілді ағаларымыз қорғап сөйлеп, халықтың ар-ұятын, намысын сақтап қалды. Қазақ жастарында ешқандай кінә болған жоқ. 16 желтоқсанда алаңға мен де бардым. Онда Жазушылар одағында жұмыс іс­теймін. Алаңнан Нұрлан Оразалинді, Тұңғышбай Жаманқұловты көрдім. Роза Бағланова апамыз жастарға «арандап қалмаңдар, абайлаңдар» деп шырылдап жүрді. 17 желтоқсанда тағы бардым. Сәбетқазы Ақатай ағамыз жүр екен. Жас­­тарға «араңдап қалмаңыздар» деп ақы­­лымызды айттық. Алаңға жи­ыл­ған жастар Дінмұхамед Қонаев пен Олжас Сүлейменовті іздеді. Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бірін­ші хатшысы Г.Колбин 31 желтоқсанда Қазақстан Жазушылар одағына келіп, жиын өткізді. Алғашқы қатарда аға ақын-жазушылар отырды. Жиналыс бас­талды. Колбин зиялы қауымға ұна­ғысы келді ме, жылы сөйледі. «Енді қазақ­ша сөйлеймін» деп уәде берді. Одан кейін сөзді қаламгерлер алды. Жазу­шы Иван Щеголохин сөйледі. Ақын Ха­мит Ерғалиев, жазушы, аудармашы Ба­қытжан Момышұлы мінбеге көтерілді. Жиын енді аяқтала беріп еді, Жұбан Молдағалиев қолын көтеріп, сөз сұрады. Колбин «мінбеге шығып сөйлеңіз» деп еді, Жұбан аға: «Ұзақ сөйлемеймін, орнымда тұрып сөйлеймін, жұрт естиді», деп жауап берді. Ол кісі сөйлегенде залда шы­бынның да дауысы естілмеді. Құлаққа ұрғандай тыныштық орнады. Ардақты азамат Колбинге тіке қарап тұрып: «Алаңға шыққан қазақ жастарының ешқандай жазығы жоқ. Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, қыздарымның шашын сенің ұрпағың жұлу үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймын, жақтас та бола алмаймын. Мен мұны көргенше соғыста өлгенім артық еді» деді. Ақынның баты­рып айтқан батырлық сөзіне дән риза болдық. Колбин құп-қу болып кетті. Біз ха­лық екенбіз ғой деп ішімнен тәубе дедім.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»