Саясат • 16 Қазан, 2023

БҰҰ қолдаған Қазақстан бастамасы

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан ұсынған бастама қолдау тапты. Орталық Азия елдерінің атынан алғаш болып бастама көтерген еліміз «Әрбір балаға бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету» туралы қарарды күн тәртібіне қойған еді.

БҰҰ қолдаған Қазақстан бастамасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Құжат оқыту және білім орда­ла­рын­да балалардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу идея­ларын ілгерілетуге бағытталған. Қарар сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу, балалардың білім алуға, соның ішінде қарулы қақтығыстар жағдайында қауіпсіз білімге қол жет­кізуінің негізгі қағидаттарын жү­зеге асыру жөніндегі мемлекеттердің мін­деттемелерін белгі­лейді. Құжат қақты­ғыс аймақта­рынан балаларды репатриациялау және реинтеграциялау бойынша оң тәжірибеге сүйене отырып қабылданды. Ондағы негізгі элементтердің бірі – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетті қақтығыстар мен терроризмнен зардап шеккен балалардың білім алуын қамтамасыз ету. Атап айтқан­да, білім беру арқылы қалпына келтіру және қоғамға қайта кіргізу шаралары қарас­ты­рылған.

Қазақстан қарар жобасын Орталық Азиядағы бес мемлекет өкілдерімен бірлесіп, күш-жігерін біріктіріп, тұң­ғыш өңірлік бастама ретінде ұсын­ды. Осылайша, аймақ БҰҰ-ның басты құ­қық қорғау алаңына мол үлес қосып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемле­кеттердің Адам құқықтары мәсе­лелері жөніндегі ұстанымдарында айыр­машылық бар. Соған қарамастан, ұсы­нылған құжатқа 70-тен астам ел қолдау көрсетті. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ, Латын Амери­ка­сы, Азия және Африка мемлекеттері бірлескен автор атануға қосылуға ниет танытты.

Қарарды БҰҰ Адам құқықтары жөнін­дегі кеңесі бірауыздан қабыл­данды. Бала құқықтарын қорғау мәсе­лесі еліміздің саясатында басым орын алады. Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар шеңберінде әлеуметтік қолдау күшейтілді. Заң­намаға бала­лар­дың қауіпсіздігіне қатысты жауап­кер­шілікті қатаң­дататын өзге­рістер енгізілді. Сон­дай-ақ еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктер қағидатын іске асыру мақ­сатында білім беруге инвестиция салуға назар аударылып отыр. БҰҰ Адам құқықтары кеңе­сі­нің қарарын қабылдау қойылған мін­дет­тер­ді одан әрі іске асыруға ықпал етеді.

Естеріңізде болса, БҰҰ Бас Ассам­б­лея­сының 76-сессиясы барысында Қазақстан 2022–2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңе­сі­нің мүшесі болып сайланған-тұғын. Қазақ­стан Кеңестегі жұмысының басым ба­ғыт­тары гендерлік теңдікті іл­ге­рі­ле­ту және әйелдердің құқық­тары мен мүмкін­діктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысанына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз етуге ба­ғыт­талды.

Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету үдерісіне белсенді және жауапты қатысушы ре­тіндегі рөлін мойындау екені анық. Қазақ­станмен бірге БҰҰ Адам құқық­тары жөніндегі кеңесінің құрамына АҚШ, Люксембург, Финляндия, Литва, Черногория, Аргентина, Гондурас, Парагвай, Бенин, Камерун, Эритрея, Гамбия, Сомали, Үндістан, Малайзия, Қатар және Біріккен Араб Әмір­ліктері кірді. Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған еді.