Пікір • 15 Қазан, 2023

Интернет әлеуеті

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда төрінде Digital Bridge 2023 халықаралық форумы өтті. Ілкімді іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысты. Жиынның ауқымын содан-ақ бағамдауға болады. Форумға шартараптың 30 елінен 300-ге жуық компанияның өкілдері ат басын бұрыпты. Алайда Астанада дүркіретіп жиын өткізгенмен, ақпараттық технология саласындағы кемшілік бастан асады.

Алысқа бармай-ақ қоялық. Коронавирус пандемиясы кезінде бүкіл әлем үйге тығылып, бүкіл жұмыс онлайн форматта өткені белгілі. Оқу жылы басталғанда білім ордалары да осындай тәсілге көшті. Жауапты мекеме басшылары еліміздің басым бөлігі интернетпен қамтылғанын атап өтіп, талай мәрте есеп берген-тұғын. Бірақ іс-жүзінде айтылғанның бәрі қағаз жүзінде екені, шын мәнінде 4G былай тұрсын, 3G жетпеген ауылдар барына куә болдық.

Жыл басында Үкімет отырысында «Қол­же­тімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі қаралған-ды. Сол жиында Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірқатар мә­лімет келтірді. Мәселен, еліміздегі 6406 елді мекеннің 4974-і, яғни 77 пайызы кеңжолақты мобильді интернетке қосылған. Үш мыңға жуығы 4G, ал екі мыңнан астамы 3G технологиясымен қамтылған.

Айтпақшы, Мусин мырза Астанадағы ин­тернет жылдамдығы Токиодан жақсы еке­нін алға тартып, халықты шулатқаны есі­міз­де. Расында, министр жүгінген Speedtest индексіне сүйенсек, Астана мен Алматыдағы интернет жылдамдығы біраз елге қарағанда жақсырақ екеніне көз жеткіземіз. Мысалы, мобильді интернет бойынша Алматы 58-орында, елорда 80-орында тұр. Рейтингке сәйкес Астанамыздағы желі жылдамдығы Мәскеу, Анкара секілді бірқатар танымал қалаға қа­­ра­ғанда әлдеқайда жоғары. Алматыға Лон­­дон, Рим, Мадрид, Токио, Барселона се­кіл­ді шаһарлар шендесе алмайтын көрінеді. Өкі­ніш­ке қарай, оптикалық-талшықты интернет бо­йынша Астана мен Алматы мақтана ал­майды. Тиісінше, 102 және 111-сатыға жайғасыпты.

Дегенмен Speedtest индексі секілді интернет жылдамдығын анықтайтын құралдар нақты ахуалды көрсетпейтінін ұмытпаған жөн. Біріншіден, аталған сайт компьютердің не құрылғының моделі, желіге қаншалықты қосылуы, дәл сол жақын маңдағы басқа адам­дар­дың онда кіру-кірмеуі секілді көптеген фак­тор­ға байланысты түрлі нәтиже көрсетеді. Сон­дықтан Speedtest-тің жылдамдығына қа­рап түбегейлі қорытынды шығаруға әсте бол­майды.

Біздің елде интернет министр айтқандай керемет болса, шалғайдағы ауылдар желіге кіре алмай сенделмейтін еді ғой. Алыстағы елді мекендер былай тұрсын, мақтаулы Астананың өзінде интернет кей жерде ұстамайды. Таяуда Хан­шатырдың артқы бетінде орналасқан ауданға барған едік. Қайтарда телефонымыз тек «Е» ғана көрсетіп, такси шақыра алмай, біраз жер жаяу жүруге тура келді. Қаланың сырты болса бір жөн. Ханшатыр елорданың орталы­ғы­на айналып кеткелі қаша-а-ан! Елор­да­ның өзінде интернет сапасы осындай болып жат­са, шалғай аймақтарға сын айтудың өзі ұят секілді.

Бірақ ауызды қу шөппен сүрте берген жөн емес. Интернет туралы сөз қозғағанда мына мәселені де ескере кеткен абзал. Еліміз жаһан­дық желіге бүгінге дейін Ресей арқы­лы келетін арнамен шығып келді. Оның жыл­дам­дығы секундына 6 терабайт көрінеді. Сарапшылар мұндай жылдамдық Қазақстан секілді алып мемлекетке аз екенін алға тартады. Қайбір жылы Қазақстан мен Әзербайжан тарапы Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кәбіл төсеуге уағдаласты. Жоба бойынша Бакуге дейін жеткен желі одан әрі жаһандық интернетке қосылмақ. Мұның жалпы жылдамдығы 4-5 терабайтты құрайды. Сөйтіп, еліміздің әлеуетін арттыруға тиіс.

Сөз басында Digital Bridge форумын тілге тиек еттік қой. Осы жиында министр Бағдат Мусин жағымды жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы бірнеше жылда шалғай ауылдарға Starlink технологиясы апарылмақ. Осылайша, интернетпен қамту көзделген.

«Форумға «SpaceX» төрағасының орынбасары келген болатын. Онымен екіжақты кездесулер өтті. Ол Президент мырзамен кездесуі барысында пилот ретінде шалғайдағы 2 мың ауыл мектебін SpaceX Starlink технологиясы арқылы интернетке қосуға келісімін берді. Біз көп ұзартпай, жарты жылдың ішінде 2 мың ауылдағы мектепті Starlink арқылы жыл­дам­дығы жоғары интернетке қосамыз», деді Б.Мусин.

Кейінгі жылдары интернетке қатысты сынның көбейіп кеткенін ескерсек, бұл – қол­дау­ға лайық бастама. Ендеше, Илон Маск негі­зін қалаған Starlink жобасы Қазақстанда іске қосылатын күн алыс емес.