ФОТО: halyq-uni.kz
Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Барлық бағыттағы тұрақты байланыс саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал етуде.
Мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимыл Үкіметаралық ынтымақтастықтың жаңа бағдары ретінде айқындалды. Атап айтқанда, осы жылдың ақпан айында Дубай қаласында қол қойылған Даму және жаңғырту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Үкіметтер арасында тәжірибе алмасу бағдарламасы» бойынша жұмыс басталды. Қазақстан мен БАӘ-нің сарапшы топтары мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жасанды интеллект, бағдарламалау, туризм және смарт-қызметтер сияқты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын анықтады.
«Қазақстан өзара ақпарат және пайдалы тәжірибе алмасу арқылы мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі», деді Ғ. Қойшыбаев.
Кездесу аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин араб тарапына Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерін, атап айтқанда, «e-government», Smart Data Ukimet инфрақұрылымын, Орталық Азиядағы Astana Hub ірі халықаралық технопаркінің жұмысын көрсетті.
Өз тарапынан М. Әл-Гаргауи біздегі әріптестеріне БАӘ Үкіметінің мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылатын цифрлық шешімдерді таныстырды.
Кездесу соңында тараптар басым бағыттар бойынша тығыз өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға уағдаласты.