Сараптама • 16 Қазан, 2023

Майға ашылған «майдан»

201 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көрші елдердің осы саладағы біржақты ұстанымы отандық астық өңдеудің құлдырауына себеп болып тұр.

Майға ашылған «майдан»

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Астық трейдерлерінің шектен тыс «ықыласының» ақыры біздің дайын өнім шығаратын мүм­кіндігімізді ақсатты. «Күн­бағыс, май сегменті басқа жолмен жүре ала ма?» деген мәселе осы саланың ойыншыларын алаңдата бастады. Себебі астық трей­дерлерінің «ыстық ықы­ласы» енді күнбағыс экспортына қарай ауа бастады деген әңгіме жиі айтылып жүр.

Алматыда күнбағыс ма­йын өндірушілердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында мамандар «жағдай өзгермесе, күнбағысты тек экспорттап отыратын елге айналамыз ба?» деп қауіптенетіндіктерін жет­кізді. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі Аг­роөнеркәсіптік нарық­тар және ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін қайта өңдеу департаменті директорының орын­басары Шаймерден Ах­метов тамыз айында өткен бас­пасөз мәслихатында  өңдеуші күнбағыс тұқымын фермерден қажетті бағамен алмаса, онда олар кедендік баждарды төлей отырып,  экспортқа жібере алатынын айтқан. 

Күнбағыс тұқымы экс­порты­ның өсуі немесе кері кетуі – нарықта қалыптасқан үрдіс. Ал бұл жолғы экспорттың өсуі  – сұраныстың нәтижесі.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі соңғы екі айда еліміз­ден шамамен 18-20 мың тонна күнбағыс тұқымы экспорт­талатынын хабарлады. Ал Шай­мерден Ахметовтің пікі­рін­ше, кедендік баж салығын белгі­леу өндіруші мен қайта өңдеу­шілердің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. 

Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлт­тық қауымдастығының басқарма төр­ағасы Ядықар Ибрагимовтің айтуынша, күнбағыс кәсіпорындары өңделген өнімді өткізе алмағандықтан, өз қызметін толық жүргізе алмай отыр. Мемлекет тарапынан квота көлемі шындыққа сәйкес келмейді. Ішкі нарықтың ауқымы өңдеушілер үшін жеткіліксіз. Күнбағыс өңдеу қуатының шамамен 70-80 пайызы тоқтатылған кездері де болды. Бұл ішкі нарықта күнбағыс тұқымын сатып алудың төмендеуіне әкеліп соқты, мұның бағаға кері әсері тиді.

«Бізге бидай жағдайындағыдай шикізат қосымшасы болу немесе дайын өнімді өсіретін, өндіретін және экспорттайтын қарқынды дамып келе жатқан құрылымға айналуы керек. Сол арқылы ғана елдің экономикасын көтере аламыз», дейді Я. Ибрагимов.

Сарапшы айтып өткендей, мәселе мемлекеттік органдардың нарықтағы жағдайды түсінбеуінде немесе түсінгісі келмейтініне байланысты болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шикізаттық емес экспортты 2 есеге ұлғайтуды тапсырды. Бірақ бұл бағытта нақты әрекет жоқ. Кейбір құзырлы орындардың осы мәселеге келгенде «қалғып кетуі» күнбағыс ма­йын өндірумен айналысатын сегменттің түбіне жете ме деген қауіп бар. Бірақ соған қарамастан, елде күнбағыс алқап­тарының ауқымы жыл сайын өсіп келеді. Майды тереңдетіп өңдеймін дегендерге шикізат көзі де жеткілікті. Бірақ ішкі нарықтағы жағдай осы мүмкіндікті пайдалануға ықылас танытпай отыр.

Я. Ибрагимовтің баяндауынша, осыдан бірер жыл бұрынғы шикізат экс­портын шектеу туралы шешім баға­ның тұрақтылығына әсер етті. Әлемдік нарықтағы баға өскен кезде бізде жағдай тұрақты болды. Тіпті май өңдеу көлемінің 46 пайызға жеткен кездері де болды. Елдегі зауыттардың әлеуеті 3 млн тонна күнбағыс майын шығаруға жетеді. Биыл ақпаннан бастап енгізілген осы салықтың салдарынан күнбағыс өсірудің өзі мүлде пайдасыз бизнеске айналған. Келісімшарттағы құнның 20 пайызы немесе бір тоннасына 100 (50 мың теңге) еуро шығындайтын экспорттық салым фермерлердің ойын ескермей қабылданып кеткен. Бұл арада азық-түлік қауіпсіздігі мақсатын көздеп, бағаны тұрақтандырып, жергілікті май өндірушілері отандық өніммен қамтамасыз етуді көздеген. Май өңдейтін зауыттардың өндірістегі қуаттылығын ғана есепке алған. Еліміздің май зауыттары күнбағыс тоннасын 135 мың теңгеден алады. Май зауыттары Шығыс Қазақстанда шоғырланғандықтан, Қос­танай мен Солтүстік Қазақстан облыс­тары­ның фермерлеріне өнімін жеткізу оңай емес.

Сарапшының айтуынша, тазартылған сұйық майды дайындаудың шығыны тазартылмаған майға қарағанда бірнеше есе көп. «2022-2023 жылдар маусымын­да 317 мың тонна күнбағыс майын өн­дір­дік. Күнбағыс майын экспортта­у­дан түсетін валюталық түсім тұқым сатудан түсетін түсімнен 19 пайызға жоғары», дейді сарапшы.

Өткен уақыттың тәжірибесі ауыл­ша­руа­шылық өнімін өндіруші де, өң­деу­ші де бірлесіп жұмыс істегенде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынын білеміз. Бірақ соңғы кез­дері осы екі тарапты бір-біріне қарсы қой­ғысы келетін жағдай қалыптаса баста­ды. Өндірушілер мен өңдеушілерді бір-бі­ріне қарсы қойып, содан есебін айыр­ғысы келетін үшінші топтар да бой көр­сетіп қалып жүр. Олардың арасында ауыл­шаруашылық шикізатын сатуға және қайта сатуға да мүдделі агрохолдингтер бар. Олардың басым көпшілігі ұсақ шаруашылықтардан арзан сатып алып, кейін қайта сатуға дағдыланып қалған. Қысқасы, олар отандық өндірісті дамытамыз десек, ең алдымен, Қазақстандағы зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуіміз керек екенін ашық айтып отыр.

Қысқасы, майлы дақылдарды өңдеу­шілердің ұлттық қауымдастығы күн­бағыс көрші елдерге экспортталса, бізге қажет өнімді басқа көздерден тол­ты­руы мүмкіндігінен айырылып қала­ты­нымызды ашық айтып отыр. Дел­дал­дар, трейдерлерлер күнбағыс тұқы­мын елден шығарып жатыр. Егер ол қалып­ты мөлшерден көп шығарылса, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп, импортқа тәуелділік артады. Мұның соңы енді ғана аяғынан тік тұрып келе жатқан саланың күйреуіне алып келіп, қайтадан тек шикізат экспортымен шектеліп қалуымызға алып келеді. Я. Ибрагимовтің айтуынша, Орталық Азияда күнбағысты тек біздің ел ғана өсіретін көрінеді.

Климаттық жағдайға байланысты Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан бұл дақылды өсіре алмайды. Бірақ екі ел де күнбағыстан дайын өнім шығаратын зауыттарды салып тастаған. Олардың айтуынша, экспорттық салық біздің елде ғана арзан. Ресейде күнбағыс тұқымына экспорт­тық баж салығы тоннасына 320 доллар. Осы жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облысындағы майлы дақыл­дарды өңдеу зауыттарының бірі дирек­торының орынбасары Михаил Чу­вашов та экспорттық баж салығын алып тастау Қазақстанның жалпы өңдеу өнеркәсібіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда шикізаттың қолжетімділігі бұдан да төмендеп, бірқатар ойыншылар басқа нарыққа кетіп қалуы мүмкін. Қысқасы май өндіретіндерге субсидия емес, өмір сүруіне, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заңнамалық қолдау керек. Экспорттық баж салығы енгізілгеннен бергі кезеңде күнбағыс майының ассортименті шетелдік өнімдер есебінен ұлғайып, отандық зауыттардың өнімдерін ығыстырып шығарды.

Осы қауымдастықтың заңгері Мейрам­бек Дүйсенбаев жан-жағымыз­дағы бізден өзге елдер алдымен ішкі нары­ғын қорғайды, істеп тұрған зауытта­рын шикі­затпен қамтамасыз етуге басым­дық беретінін айтады. Отандық күнба­ғыс ма­йын өндірушілер үшін алдағы ауылшаруа­шылық маусымы соңғы жылдардағы ең қиын кезеңдердің бірі болғаны айтылып жүр. Қауымдастықтың болжамы бойынша ағымдағы жылы күнбағыс тұқымының жалпы жиналуы көңіл көншітпейді, ол құрғақ ауа райына және вегетациялық кезеңде жауын-шашынның болмауына байланысты негізгі егін егетін өңірлерде 30-40 пайызға қысқарып, 850 мың тоннадан аспауы мүмкін. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17 пайызға аз.

Демек, май зауыттары шикізат тап­шылығы жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болады.

 

АЛМАТЫ