Қоғам • 16 Қазан, 2023

Жәңгір хандай жаңашыл университет

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық универ­ситеті биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Еліміз­дің батыс аймағын жоғары білімді өндіріс мамандарымен қамтамасыз етіп, экономикалық және әлеуметтік дамуына сүбе­лі­ үлес қосқан университет бұл белеске үлкен нәтижемен жетті.

Жәңгір хандай жаңашыл университет

1963 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институты болып ашылған оқу орны 1996 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университеті болып қайта құрылды. 2000 жылы оқу орындары ірілендірілген кезде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамына кірді. Ал 2002 жылы қайтадан жеке бөлініп шығып, Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық универ­си­теті атына ие болды. 2003 жылы университетке Жәңгір ханның есімі берілді. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен 4 мыңнан аса студент білім алып жүр.

Әрине, алпыс жылдық жылнамасы бар оқу орнының тарихы алты ауыз сөзге сыймайды. Жәңгір хан университеті өз тарихында сан мыңдаған кәсіби маман дайындады. Олардың көпшілігі Батыс Қазақстан облысында және басқа өңірлерде аграрлық-техникалық, экологиялық бағыт бойынша қызмет етіп жүр. Көптеген түлек ірі өндіріс орындарында еңбек етіп, көпшілігі алған білімі арқылы мансап сатысында ілгері жылжыды, жетекші маман ретінде жоғары лауазымдарға тағайындалды. Университетте шыңдалған ғалымдар да бір төбе. Осы ұжымда 2005 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан профес­сор, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев – әлем­де­гі ең беделді ғалымдар тізіміне ен­ген санаулы қазақтың бірі. Жәңгір хан университетінің ин­дус­­триалды-технологиялық инс­­­ти­тутын басқаратын Сәр­сен­бек­ Әлиакбарұлының ізбасар шәкірт­­тері де аз емес.

сми

Бүгінде университет 48 ма­ман­­дық бойынша жоғары, 45 ма­­­мандық бо­йынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім береді. 14 бағыт бойынша магистратура, 5 бағытта докторанту­ра бағдарламасы тағы бар. Уни­вер­ситеттің әскери кафедрасында 2001 жылдан бері 3114 запастағы лейтенант және 835 запастағы сержант даярланған. Бүгінде олардың 80-нен астамы Қарулы Күштер қатарында офицерлік лауазымда қызмет етеді.

Әрине, оқу орнының әр жетістігі тиімді басқарудың және сапалы оқытушылар құра­мының еңбегі екені даусыз. Университетте 344 профессор-оқытушы жемісті қызмет атқарып жүр. Оның ішінде 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD және 400-ге жуық қызметкер бар. Университет 2010 жылдан бері Ресейдің Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университетімен ынтымақтастық орнатып, өз студенттеріне қос диплом алып шығуына мүмкіндік жасады.

Университет жанындағы роботтехника, ихтиология және аквакультура зертханалары да ерекше бағыттағы, сұранысқа ие құрылымның бірі. Роботтехника зертханасында студенттер мен зерттеушілер аграрлық салаға қажетті автономды жүйелер мен робот­тарды дайындаумен айналысады. Ал ихтиология зертханасында бүгінде өте өзекті болып отырған су ресурстарын сақтау мен тұрақты пайдалану, балық популяциясын зерттеу, балық өсіру әдістерін әзірлеу, аквакультураны дамыту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау дағдысы тео­рия және тәжірибемен жымдаса жүреді.

Жәңгір хан университетінде білім алушылардың әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Университет аумағында 2140 орындық төрт студенттік үй бар. Яғни студенттер пәтер іздеп сабылмайды. Студенттік үйлер университет аумағында, ыңғайлы жерде орналасқан. 352 орындық 9 қабатты жатақхана 1989 жылы пайдалануға берілді. Ал 2011 жылы пайдалануға берілген жаңа үлгідегі тоғыз қабатты Студенттер үйінде білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жетім балалар, мүгедектер жатақханада тегін тұрады. Сондай-ақ мұнда жатақханада тұрудың жылдық құны да ел бойынша ең арзан. Оқу залы, демалыс аймағы, электронды оқулықтары бар компьютерлік сынып, асхана, тұрмыстық үй-жаймен қамтылған жатақханаларда жайлы өмір сүру және білім алу үшін бар жағдай жасалған.

Өткен жұма күні Жәңгір хан университетінде 60 жылдық мерейтойы аясындағы айтулы іс-шараның бірі өтті. Оқу орнының түлектері мен қамқоршылар қауымдастығы бас қосты. Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келді.

– Бүгінгі іс-шараға жинал­ғандардың ішінде 40 жыл бұрын бітірген түлектеріміз де бар екен. Олардың барлығы да түрлі салада табысқа жеткен азаматтар. Жәңгір хан университеті қазіргі уақытта кәсіби білікті кадрлар даярлаумен қатар жаңа технологияны, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асырумен де танымал. Сапалы маман даярлау бағытындағы ісімізді одан әрі жетілдіру үшін түлектер мен қамқоршылардың басын қоса отырып, әріптестік байланысымызды одан әрі нығайтсақ дейміз, – деді университеттің басшысы Асқар Наметов.

Университет ұжымын мерейтоймен құттықтаған облыс әкімі жоғары оқу орнының атауы қазақтың алтын бесігі – ауыл­мен байланысты екенін атап өтті. Бөкей ордасының соңғы ханы, жаңашыл билеуші Жәңгір ханның есімін иеленген оқу ордасы – бүгінде еліміздің жетекші университеттерінің бірі.

– Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік 2022 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті еліміз­дегі жетекші техникалық университеттер рейтингінде 4-орын­да деп жариялады. Бұл – үлкен жетістік. Университет өз түлек­терімен мақтанады. Бүгінгі залда отырған түлектердің басым бөлігі – өз саласында табысты, үлкен жетістікке жеткен, өмірлік тәжірибесі бар білікті тұлғалар. Қазіргі таңда Ақжайық өңірі экономикасының барлық саласында еңбек етіп жүрген мамандар Жәңгір хан университетінде білім алғанын мақтанышпен айтып жүреміз, – деді Н.Төреғалиев.

Университет түлегі, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев та оқытушылар мен білім алушыларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Айта кетейік, университет жанынан құрылған Түлектер мен қамқоршылар қауымдастығы белсенді жұмыс істеп тұр. Оның жетекшісі, Мансап және бизнес-серіктестік орталығының директоры Зәмзагүл Сұлтанова түлектермен және жұмыс беру­шілермен етене байланыс орнат­­­қан. Қазіргі уақытта университет өңірдің 230-дан аса бейінді кәсіпорнымен серіктес. Таңдаулы студенттер осы компанияларда тағылымдамадан өтіп, кейін тұрақты жұмысқа да орналасуына мүмкіндік жасалған. Бұл үрдіс екі жаққа да тиімді болып тұр. Түлектер форумында сөз алған Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры Дәурен Тұрлыбеков, «Shell Kazakhstan» компаниясының менеджері Ринат Хұсайынов, «Белес» компаниялар тобының бас директоры Мұрат Жәкібаев, «Қазақстан халық банкінің» облыстық филиалының директоры Игор Стексов Жәңгір хан университетінің кадрлар даярлаудағы әлеуеті жоғары екенін айтты.

 

Батыс Қазақстан облысы