Мемлекет басшылары келіссөздерінің нәтижесі бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынған болатын. Соған сәйкес қос мемлекеттің ведомстволық министрліктері деңгейінде Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы университеттің филиалын ашу турасында үшжақты келісімге қол қойылды.
Auezov University шетелдегі филиалда 18 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер оқытпақ. Атап айтқанда, экономика, құқықтану, халықаралық қатынастар, биотехнология, экология, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, машина жасау, көлік, көліктік техника және технологиялар, электрэнергетика, биорганикалық заттардың химиялық технологиясы, органикалық заттардың химиялық технологиясы, мұнай-газ ісі, металлургия, тамақ қауіпсіздігі және инженерия, тоқыма материалдарының технологиясы мен жобалануы, құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру, қоршаған ортаны қорғау және өмір қауіпсіздігі мамандықтары бойынша білім алмақ.
– Шыршық – Өзбекстандағы өнеркәсібі өркендеген қаланың бірі. Өңірде машина жасау, металл өңдеу және химия өнеркәсібі салалары қарқынды дамыған. Осындай тенденцияларды ескере отырып, Auezov University өңірге қажетті білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауды қолға алмақ, – дейді университет басшысы Дария Қожамжарова.
Еске сала кетейік, университет 301 бакалавриат, магистратура және докторантура білім бағдарламасы бойынша маман даярлайды.