Оқиға 7 қазан күні болған. Кейуанаға белгісіз біреу телефон шалып, немересінің жол апатына түскенін, оған немересі кінәлі екенін айтып, шығынды өтеу үшін жәбірленушіге жедел түрде ақша беру қажеттігін жеткізеді. Өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған алаяқ немересі ауруханада жатқанын айтып, қара бұлтты тіпті қоюлатқан. Үрейі ұшқан әжей сол жерде бар жиған-терген 1,5 миллион теңге қаражатты сөмкеге салып, үйдің алдына келген такси жүргізушісінің қолына ұстатады. Біраз уақыттан кейін немересімен хабарласып, өзінің алаяққа алданғанын бір-ақ біледі.
Орал қалалық полиция бөліміне хабарласқан кейуананың шағымынан кейін полиция қызметкерлері дереу іске кіріскен. Әуелі әженің үйінен ақшаны алып кеткен таксиді табады. Ол әлгі қаражатты алып, алаяқтарға жеткізу үшін Атырауға кетіп бара жатыр екен.
«Қолданылған жедел іздестіру іс-шарасы барысында Орал қалалық Полиция басқармасының Абай бөліміне қарасты криминалдық полиция қызметкерлері Атырау облысындағы әріптестерімен бірлесіп, такси жүргізушісі туралы ақпаратты анықтады. Біздің қызметкер такси жүргізушісіне хабарласып, сәлемдемені алдырып жатқан алаяқтар екенін ескертті. Сөйтіп, такси орта жолдан кейін қайтарылды. Полиция қызметкерлері ақша салынған сөмкені жәбірленушіге қайтарды», дейді полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Асылай Ғұбашева.
Осы оқиғаға орай Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес тергеу басталған. Полиция алаяқтық жасамақ болған адамдарды анықтау мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы