Спорт • 16 Қазан, 2023

Анадолыда алдына жан салмады

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркия тасжолдарында ұйымдас­тырылған велоспорттан «Түркия пре­зи­денттік туры» жерлесіміз Алексей Луценконың жеңісімен аяқталды.

Анадолыда алдына жан салмады

Жарыстың үшінші кезеңінен бастап көш­басшыға тиесілі көк жейдені киген «Astana Qazaqstan Team» велошабандозы Ыстанбұлда мәресіне жеткен сегізінші кезеңге дейін жалпы есепте алдына жан салған жоқ. 130,5 шақырымға жалғасқан велокөпкүндіктің соңғы кезеңінде бельгиялық Йеспер Филипсен («Alpecin-Deceuninck») жеңіске жетсе, екінші және үшінші орындарды «Астананың» нидерландтық өкілі Кейс Бол мен италиялық Джованни Лонарди («EOLO-Kometa») иеленді.

«Астана» капитаны Алексей Луценко бұл кезеңде мәре сызығын сегізінші болып кессе де, жалпы есептің қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтерілді. Оның уақыт көрсеткіші – 30 сағат 6 минут 58 секунд. Луценкодан 26 секундқа қалып қойған германиялық «Bora-Hansgrohe» командасының өкілі Бен Цвихофф екінші орынды еншілесе, қола жүлде тағы бір «Астана» командасының велошабандозы Харольд Техадаға (Колумбия) бұйырды. «Астананың» өзге өкілдерінің нәтижесіне тоқталар болсақ, жалпы есепте Кейс Бол – 55, Микеле Гадзоли (Италия) – 79, Глеб Сырица (Ресей) – 101 және Марк Кавендиш (Ұлыбритания) 130-орынға ие болды.