Әлемнің 26 мемлекетінен 135 шахматшы бақ сынаған жаһандық бәсекенің блиц сайысында Ксения Балабаеваның бағы жанып, әлем чемпионы атанды. Ол бас жүлде үшін өткен бәсекеде тағы бір отандасымыз Əмина Қайырбековамен ойнап, тең түсті. Қосымша көрсеткіш бойынша алтын медаль К.Балабаеваға, күміс жүлде Ә.Қайырбековаға бұйырды. Осылайша, жылдам шахмат бағдарламасының жеңіс тұғырына екі бірдей қазақ қызы көтерілді. Ал ерлер арасында Арыстан Исанжулов 3-орыннан көрінді.
Сонымен қатар рапид бойынша да отандастарымыз үздіктер қатарынан табылды. Жерлестеріміздің тек алтын жүлдеге қол жеткізе алмағаны болмаса, кейінгі төрт орынды ешкімге берген жоқ. Финалда Әзербайжан өкілі Говхар Бейдуллаеваға есе жіберген Ксения Балабаева бұл жолы әлемнің вице-чемпионы атанса, Зейнеп Сұлтанбек қола жүлдеге қол жеткізді. Ал төртінші және бесінші орындарды Назерке Нұрғали мен Лия Құрманғалиева иеленді.