Кездесудің алғашқы кезеңін «Барыс» ойыншылары жап-жақсы бастаған еді. 15-минутта Райли Барбер есеп ашып, «Барыс Аренаға» жиналған жанкүйерлерді қуантса, екінші кезеңнің 23-минутында Роман Старченко сан басымдығынан кейін есепті 2:0-ге жеткізген-ді. «Металлург» хоккейшілері өз қақпасына екінші шайба өткізіп алған соң қарқынын күшейтті. Нәтижесінде, 26-минутта Данила Юров есеп айырмасын қысқартып, 36-минутта Никита Гребёнкин таразы басын теңестірді. Арада бір минут өткенде «Барыстың» экс-шабуылшысы Никита Михайлис «Металлургті» есепте алға шығарды – 3:2.
Үшінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда «Барыстың» чехиялық легионері Рудольф Червени мергендік танытып, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Бірақ овертаймға ұласқан ойында «Металлургтің» бағы жанып, жеңісті жұлып алды – 4:3. Жеңіс шайбасының авторы – Денис Зернов.