Олимпиада • 16 Қазан, 2023

Параазиада ойындарына аттанды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда еліміздің паралимпиадалық құрамасын IV Параазиада ойындарына ресми шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Биылғы сары құрлық додасы 22-28 қазан күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылады.

Параазиада ойындарына аттанды

Туризм және спорт ми­нистрілігінің мәліметі бойынша, сары құрлықтың басты бәсекесінде еліміздің аты­нан 131 спортшысы спорттың 14 тү­рінен түрлі-түсті жүлдеге та­ласып көреді. Атап айтқанда, отандастарымыз пара жеңіл атлетика, бочча, пара пауэрлифтинг, шахмат, пара жүзу, пара велоспорт, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара таэквондо, пара садақ ату, пара үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату сияқты спорт түрлерінен сынға түседі.

«Пара Азия ойындары 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында ұйымдас­тырыл­ған сары құрлық бәсекесінен бастап өткізіле бастады. Азия ойын­да­рынан кейін жалауы жел­бірейтін параазиадаға Қазақ­стан құ­рамасының спортшылары 2010 жылдан бері тұрақ­ты қатысып келеді. Биыл да елі­міздің атынан 131 спортшы 14 спорт түрінен сынға түседі. Байрақты бәсекеде пара спортшыларымыз үздіктер қатары­нан көріну үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Биылдың өзінде ұлттық құрама спортшылары 40-тан аса спорттық іс-шараға, 30-дан аса оқу-жаттығу жиындарына қатысып, біліктілігін шыңда­ды. Енді осындай жауапты сәтте аянып қалмай, жанкүйерлерді жеңіспен қуантады деген ойда­мын. Спортшыларымызға сәт­тілік тілеймін!», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Жазғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттық­тырушылары­на берілген ақшалай ынталандыру сыйлықақысынан пара спортшыларда құр қалмай­ды. Яғни параазиада чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың доллар, күміс жүлдегерге – 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Сонымен қатар алтын медаль иегерін жарыс­қа дайындағаны үшін оның жаттықтырушысына – 5 мың, күміс жүлдегердің бапкеріне – 3 мың және қола жүлдегер­дің жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.

Жексенбі күні Ханчжоуда шы­­мылдығы түрілетін сары құр­лық жарысына Азияның 43 мем­лекетінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп жос­пар­ланған. Олар спорт­тың 22 тү­рінен жалпы саны 564 ме­даль (пара­лимпиадалық спорт түрінен – 490 және пара­лим­пиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын өзара сарап­қа салады.

Осыдан бес жыл бұрын Индо­­незияның Жакарта қала­сын­да өткен III Пара Азия ойын­­дарында еліміздің спортшы­лары тарихи нәтижеге қол жет­кізіп, параазиада тарихында алғаш рет 33 медаль (5 алтын, 15 күміс, 13 қола) жеңіп ал­ған еді. Осы көрсеткіштің нәти­­жесінде, Қазақстан құра­масы жалпыкомандалық есепте 13-орынға тұрақтаған. Жер­лес­те­ріміз бұл жүлделерді пара жүзу, пара дзюдо, пара пауэрлиф­тинг, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау және шахмат бәсекелерінен жеңіп алды.