Атырау облысының тұрғындарымен кездескен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, «қара алтын» өндіруде бұл өңірдің үлесі басым. Былтыр өңірдегі компаниялар 46,8 млн тонна мұнай өндірген. Ал биыл тоғыз айда өндірілген мұнай 39,2 млн тоннаны құрады. Енді жыл аяғына дейін өнім көлемі 51 млн тоннаға жететіні жоспарланып отыр.
«Мұнай мен газ конденсатының айналымын есепке алу үшін ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл мұнай айналымының 95 пайызын бақылауға мүмкіндік береді. Еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы үш кен орнында ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр», деді А.Сәтқалиев.
Бұл жобалардың бастауында Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында Келешек кеңейту жобасы тұр. Жобаның құны – 45 млрд АҚШ доллары. Оны іске асыруға 300-ге жуық отандық компания мердігерлікке тартылды. Ал жұмыс істеген адамдардың саны 27 мыңнан асты. Олардың 91 пайыздан астамы өзіміздің жергілікті мамандар болған.
Жобаға қажетті модульдер Қазақстанда, Италия мен Оңтүстік Кореяда дайындалып, су жолымен тасымалданған. Мұндай модульдердің жеңілі 500 тонна болса, ауыры 1 800 тоннаға дейін жеткен. Модульдерді кен орнына жеткізу үшін Каспий теңізінің жағалауындағы Прорва түбегінде арнайы айлақ салынып, 120-дан астам кеме пайдаланылған. Кемелердің 40-тан астамы жаңадан құрастырылып, кейбірінің құрылымы осы жоба үшін өзгертілген.
«Кен орнында іске асырылып жатқан ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл «Теңіз» кен орнынан мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді», деп мәлім етті Энергетика министрі.
Екінші жоба – «Қашаған» кен орнынан алынған газды өңдеу зауыты. Оның қуаты – 1 млрд текше метр. Ілеспе газды қайта өңдейтін бұл зауыттың құрылысы 2022 жылы басталды. Ал биыл зауыттың екінші кезеңінің тұжырымдамалық жобасы қолға алынған. Қуаты 2 млрд текше метрден 6 млрд текше метрге дейін болады.
Үшіншісі – «Қарашығанақ» кен орнындағы жоба. Мұнда төртінші газды кері айдау компрессоры іске қосылған. Енді осындай бесінші компрессордың құрылысын іске асыру басталды. Жобаның құны – шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ 735 млн АҚШ долларына бағаланып отырған алтыншы компрессорды салу жұмыстары басталып отыр.
Халықты сұйытылған мұнай газының бағасына қатысты мәселе толғандырады. Сол себептен елімізде сұйытылған мұнай газы нарығына баса назар аударылып отыр. Энергетика министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекіткен. Мәселен, Атырау облысында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 54-59 теңгені құрады. Қазір мұнайлы өңірде төрт газ толтыру стансасы, 104 автогаз құю стансасы бар. Мұнда сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі артып келеді. Өткен жылғы қаңтар-тамыздағы тұтыну көлемі 40,7 мың тоннаны құраған. Ал биыл қаңтар-тамызда бұл көрсеткіш шамамен 62,5 мың тоннаға жеткен.
«Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеу мақсатында сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдадық. Басым бағыт – сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу. Бұл бөлшек сауда бағасының күрт өсуіне жол бермейді» деп мәлім А.Сәтқалиев.
Ал ішкі нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданған нақты қандай шаралар бар? Министрдің айтуына қарағанда, алдымен мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынып отыр. Ресурс ұстаушыларды жанармай құю стансаларына тікелей сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданыпты. Резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілген. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және жанармай құю стансаларына дизель отынын жеткізу жеке ПИН-код арқылы қадағаланады.
«Министрлік отандық мұнай өнімдерін әкетуді болдырмау мақсатында мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі өнімсіз делдалдарды жою бойынша заңнамалық нормалар қабылдады. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын 205 теңгеге дейін (11%), ал дизель отынының 1 литрі үшін 295 теңгеге (20%) дейін көтеруге бұйрық шығарды. Үш мұнай өңдеу зауытында аварияны төмендетудің жоспарлары жасақталды. Сыртқы электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін Атырау мұнай өңдеу зауытында газ турбиналық станса салу жобасы іске асырылып жатыр. Газ турбиналық стансаның қуаты – сағатына 154 МВт құрайды. Оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», деді министр.
Елімізде мұнай-газ химиясы саласын өркендетуге қадам жасалып отыр. Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аумағында жаңа мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру жалғасып жатыр. Енді оның қатарына тағы екі жоба қосылмақ. Қазір жылына 339 мың тонна бутадиен, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сондай-ақ полиэтилентерефталат, метанол, карбамид өндіретін жобалар да бар.
«Мұнай-газ-химия өндірісі экономиканың аралас салаларында шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады. Әрбір кейінгі қайта бөлумен мұнай-газ-химия өнімдерінің құнын арттыруға мүмкіндік бар. Ал төртінші қайта бөлуден кейін өнімнің құны 10 есеге артады», деп түсіндірді А.Сәтқалиев.
Биыл электр желісіндегі ақаудың салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының, бірнеше кен орнының жұмысы тоқтады. Тұрғындар жарықсыз қалды. Енді осынау түйткіл қалай шешімін табады?
Алмасадам Сәтқалиевтың мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында үш кәсіпорын электр энергиясының көзі болып отыр. Олардың жиынтық белгіленген электр қуаты – 1 319 МВт, ал жылу қуаты 798 Гкал/сағ құрайды. Биыл тоғыз айда өңірде 5,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Өңірде электр энергиясын тұтыну көрсеткіші – 5,3 млрд кВт/сағ.
Электр энергиясын беруші компания – «Атырау Жарық» ЖШС. Оның иелігінде 9,8 мың шақырым кәбілдік және әуе электр беру желісі, 1700-ден астам кіші станса бар. Алайда электр желісінің тозуы 40 пайызды құрайды. Сол себепті, батыс энергетикалық аймағының электр желілерін күшейту көзделіп отыр. Қазір Батыс Қазақстан және Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 МВт болатын 220 кВ электр беру желісімен қамтылған.
«Осы желіні жөндеуге шығарған кезде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелері оқшауланған жұмысқа ауысады. Бұл тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты «KEGOC» инвестициялық бағдарлама шеңберінде «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасын бастап жатыр. Бұл жоба өткізу қабілетімен Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деп мәлім етті министр.
Жобаға сәйкес электр желісінің ұзындығы – 779,7 шақырым. Осы кезге дейін 684,4 шақырым желі монтаждалған. Бұл жалпы жұмыс көлемінің 88%-ын құрап отыр. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде Атырау жылу электр орталығында 2021-2023 жылдары жалпы қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегатты ауыстыру және салу жұмыстары жоспарланған. Жобаға шамамен 16 млрд теңге инвестиция салу көзделген. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама жоспарында 2021-2023 жылдар аралығында қуаты 30 МВт болатын Sagat Energy электр стансасын кеңейту қарастырылған.
Атырау облысы