Қазақстан • 17 Қазан, 2023

Заңсыз активтерді қайтару: пәрмен мен пайым

347 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биыл 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге, халық игілігіне арналған дүние-байлықтың заңсыз жолмен әлдекімдердің қолына кетуіне ықпал ететін жағдайлар мен себептерді жоюға арналған құжатты әзірлеуге депутаттар бастама көтеріп, жүйелі әрі кәсіби тұрғыда жұмыс жүргізді. Алайда заң қабылданғалы бері 3 айдан астам уақыт өтсе де, оның нақты нәтижелері көрінбейді. Сонда заң қашан жұмыс істемек? Құжаттың қандай құқықтық тетіктері бар? Оған кім жауапты?

Заңсыз активтерді қайтару: пәрмен мен пайым

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Заң неліктен жұмыс істемей жатыр?

Жуырда Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, осы сұрақтарды қойды. «Парламент қабылдаған өте маңызды құжат – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң ендігі жұмыс істеп, нәтижесін көрсетуге тиіс еді. «Amanat» партиясының депутаттары активтерді қайтару – жазаның бұлтартпастығына және ел азаматтарының құқықтары бұзылуына берілген әділетті жауап екендігіне сенеді. Біз қысқа уақыттың ішінде жүзден аса жұмыс тобының отырысын өткіздік. Барлық норма нақтыланып, заң орындауға дайын болды. Міне, жылдың аяғы таяп қалды. Ал халық үшін маңызы орасан заңның орындалуын біз көрмей отырмыз. Мемлекет басшысы қосарланған стандарттан бас тартып, «әділетті қоғам» қағидаларын өмірге шынайы енгізуді тапсырды. Сондықтан өзекті заң қазірдің өзінде жұмыс істеп, атқарылған іс-шаралар туралы халыққа тұрақты негізде ақпараттар беріліп отыруы керек. Осыған орай қоғамда орынды сұрақтар туындап жатыр және біз оны Үкіметке жолдағымыз келеді: заң қашан жұмыс істейді? Капиталды қайтару ісіне кім жауапты? Анық жемқорлардың аты-жөндерін қашан білеміз?» делінген депутаттық сауалда.

13 қазанда «Amanat» партиясында жаңа заңның жай-жапсарын талқылауға арналған жиын өтіп, оған Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі басқармасының аға прокуроры Айнұр Ибраева және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің қызмет басшысы, генерал Қанат Сүлейменов қатысып, өзекті сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің айтуынша, бұл заң Еуропалық кеңестегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвен­ция­сының қағидалары негізінде жасал­ған. «Сыбайлас жемқорлық үшін қыл­мыстық жауапкершілік туралы кон­венция» талаптарына сәйкес, Еуропалық кеңес елдерінде егер адам өз капи­та­лың­ның шығу төркінін дәлелдеп бере алмаса, ол бірден мемлекет меншігіне тәр­кілеуге жатады. «Біздің жаңа за­ңы­­мыздың да негізгі мәні осында. Ол ха­лықаралық құқықпен, ел Кон­сти­ту­ция­сымен, заңдарымызбен толық­тай сәйкестендірілген. Бұл – әділеттілік заңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен қабылданған құжат халық игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс», деді Мәжіліс депутаты.

 

Заң нормалары толық дайын емес

Әділет вице-министрі Алма Мұқа­но­ва заң қабылданғалы бері оның то­лық жұмыс істеп кетуі үшін кейбір рәсімдік үрдістердің орындалуы қажет­тігін атап өтті. Заңның өзі Президент қол қой­ған сәттен бастап күшіне енгенімен, оның бірқатар нормасы 60 күннің ішін­де жұмысын бастайды. «Заңды жүзеге асыру мақсатында Премьер-министр өкімімен тиісті заңға тәуелді нормативтік-актілер тізімі белгіленді. Ол жерде 27 құжат атауы бар. Атап айтқанда, 3 Президент Жарлығы,
7 Үкі­мет қаулысы, орталық мемлекеттік орган­дардың 13 бұйрығы және 3 біріккен бұй­рық. Қазір олардың басым бөлігі қабылданып, күшіне енді. Мемлекеттік органдармен келісілді», деді Әділет вице-министрі.

Оның айтуынша, осы уақыт аралы­ғын­да елімізде заңсыз иемденілген ак­тив­терді мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істейтін арнайы комиссия құру туралы Үкімет шешімі күшіне енді. Президенттің Жарлығымен Бас прокуратура жанынан заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Қайтарылған ақшалай актив­тер­ді жинақтайтын қазынашылық шот ашылып, заттай активтерді басқа­рып, сатып, ақшаға айналдыратын ұйым құрылған. Осындай жұмыстардың бәрі екі ай уақытты алыпты.

Вице-министрдің сөзін жалғаған Бас прокуратура өкілі Айнұр Ибраева Президенттің 5 қазандағы Жарлығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылғанын айтты. Жаңа ведомство «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ретінде қызмет етпек. Оған активтерді іздеу және қай­тару, осы саладағы халықаралық-құ­қық­тық ынтымақтастықты дамыту, сон­дай-ақ экономикалық ресурстардың заң­сыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою секілді міндеттер жүктелген.

Бұл комитет Премьер-министр бас­қа­ратын Заңсыз иемденілген актив­терді мем­лекетке қайтару мәселелері жө­нін­де­гі комиссияның жұмыс органы болып саналады. Алға қойған міндеттерді орындау, оның ішінде мүліктің шығу көздерінің заңдылығын анықтау үшін комитет активтер мен олардың иелері туралы барлық қажетті ақпаратты сұ­ра­туға және алуға, сондай-ақ жұмыс ба­рысында ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды тартуға құқылы. Коми­тет­тің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заң­­дылығын тексеру, комиссияның ше­­ші­мі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көр­сету туралы декларацияларды қа­был­­дау және қарау кіреді. Ведомство сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерге тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы отандық және шетелдік соттарға талап қоюға, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерік­ті түрде қайтару туралы келісімдер (бітім­гер­ші­лік, үдерістік және өзге де келісім­дер) жасасуға уәкілетті.

Комитет активтерді қайтару мәселе­ле­рі бойынша еліміздің шетелдегі мүд­­делерін білдіретін, халықаралық тә­жірибені зерделейтін, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жыл сайын­ жа­­риялайтын, сондай-ақ заңсыз шы­ғарылған активтерді елге қайтару мақса­тын­да өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Бас прокуратура өкілінің мәлі­ме­тін­ше, бүгінде жаңа орган ұйым­дас­ты­ру мәселелерін шешумен бірге негізгі қызметтік міндеттерді орындауға кірісіп кеткен.

 

Күдіктілер қалай анықталады?

Мемлекет меншігіндегі дүние-мү­лік­ті заңсыз иемденді деп күдікке ілін­ген адамдарды жауапқа тарту ісі бірнеше сатыдан тұрады. Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, Бас прокуратура жанынан құрылған комитеттің ең басты жұмысы – елімізде және шетелде заңсыз активі бар адамдардың толық тізімін жасау. Олардың аты-жөндері анықталғаннан кейін тізімді Премьер-министр басқаратын комиссияның қа­ра­уына ұсынады. Комиссия мүшелері барлық жиналған құжаттар мен дәлел­де­ме­лерді сараптап, қолында қайдан және қалай алынғаны түсініксіз активтері бар барлық тұлғаны тиісті тізілімге (реестр) қосады.

Айта кету керек, бұл тізілім жабық, яғни көпшілікке қолжетімсіз болады. Өйткені «кінәсіздік презумпциясы» деген түсінік бар. Сол тізілімнің ішінде елге белгілі адамдар, үлкен безнес өкілдері болуы мүмкін. Ертеңгі күні олардың ары таза, табысы адал, қолындағы байлығы заңды жолмен келгені анықталса, оның бұл тізілімге кіруі кәсіпкерлік абырой-бе­деліне нұқ­сан келтіруі мүмкін.

Одан кейін әрбір адамға комиссияның шешімі негізінде тізілімге енгені туралы хабарлама жіберіледі. Содан соң оның ең бірінші әрекеті – декларация тапсыруға тиіс. Яғни пайда болуы түсініксіз активтерінің қайдан шық­қа­нын дәлелдеуі керек. «Бұл – бәріміз тапсыратын стандартты декларация емес, осы заңсыз активтерді дәлелдеу үшін дайындалған арнайы декларация. Оның сипаты Қаржы министрі мен Бас прокурордың бірлескен бұйрығымен нормативтік-құқықтық акт негізінде анықталды. Ол жерде қолындағы әрбір активінің қалай, қайдан, қандай ақшаға алынғаны туралы толық ақпарат берілуге тиіс. Бұл декларация тіпті бірнеше томнан тұруы да мүмкін», дейді Алма Мұқанова.

Әділет вице-министрінің айтуын­ша, декларация тапсырылғаннан ке­йін комиссия одан әрі қарай шешім қа­был­дайды. Егер ол жерде ақпарат то­лық болмаса, тағы да толықтыруға мүм­кін­дік беріледі. Ал барлық ақпарат болған жағдайда мүлік иесіне «Сіздің мынау байлықтарыңыз (барлығы немесе бір бөлігі) заңсыз иемденілген активтерге жатады. Сізде екі жол бар: не оны өз еркіңізбен мемлекет меншігіне қайтарыңыз немесе күштеп қайтару шарасы қолданылады» деп талап қо­йылады.

 

Активтерді жасырса немесе қайтарудан бас тартса,
не істеу керек?

Егер қолында заңсыз иемденілген активтері бар адам оны бірден мо­йындап, мемлекет меншігіне өткізуге келісімін берсе, оған қатысты еш­қан­дай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қол­да­нылмайтынын айта кету керек. Ал егер ол дүние-бай­лығын жасырса немесе тиісті тізілімге енгізілгені туралы ха­барлама келгеннен кейін активтерін басқа жолдармен заңдастырып алуға тырысса, ол қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Өткен жылы Қылмыстық кодекске жаңа 218-1-бап енгізілді. Ол «Заңсыз ием­денілген активтерді мемлекет кірі­сі­не айналдырудан жасыру, сондай-ақ оларды заңдастыру (жылыстату)» деп аталады. Мүліктерін жасыруға немесе басқа да жолмен заңдастыруға тырысқан адам осы бап бойынша қылмыстық жазаға тартылады. Ал егер ол өз әрекеті әшкере болғаннан кейін активтерін қайтаруға келісімін берсе, Әкімшілік іс жүргізу кодексі бойынша оған жеңілдеу жаза қарастырылады», деді Әділет вице-министрі.

Оның айтуынша, егер кімде-кім пайда болуы түсініксіз активтерін қай­та­ру­дан бас тартса, Бас прокуратура оған қатысты 2 жолмен жаза қолданады: егер Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тарту мерзімі өтіп кетпеген болса, қылмыстық жауапқа тартылады. Ал мерзімі өтіп кеткен істер бойынша аза­маттық тәркілеу қолданылады. Аза­мат­тық тәркілеудің белгілі бір мер­зі­мі жоқ. Ол тіпті 20-30 жыл бұрын алынған заңсыз актив болса да, оның шығу төркінін дәлелдей алмаса, мемлекетке қайтаруға міндеттеледі.

 

Қайтарылған активтер құны 1 трлн теңгеден асады

Жоғарыда айтылғандай, қолында заңсыз активтері болуы мүмкін адам­дар­дың тізілімі жасалғаннан кейін ол жа­бық негізде жұмыс істейді. Яғни соттың нақты үкімі шыққанға дейін ол жердегі азаматтардың аты-жөндерін ешкім көре алмайды. Тек сот үкімі шық­қан­нан кейін ғана қолындағы заңсыз активтері қайтарылған адамдардың тізі­мі жарияланбақ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің қызмет басшысы Қанат Сүлейменовтің айтуынша, өткен жылдан бері мемлекетке 856 млрд теңге актив қайтарылған. Оның ішінде ақшалай, жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер түріндегі активтер бар. Өз еліміздегі, Франция, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, т.б. шетелдегі дүние-мүліктер мемлекет меншігіне өтті. Енді жыл соңына дейін тағы 180 млрд теңге активтерді қайтару жоспарда тұр. Сонда барлық қайтарылған активтер құны 1 трлн теңгеден асып жығылмақ.

Антикор өкілі «Өндірушілердің (им­порттаушылардың) кеңейтілген мін­дет­темелері операторы» ЖШС-не (Опера­тор РОП) қатысты журналистің сауалына жауап берді. Бұл заңды тұлға бойынша сот үкімі шыққан. Мемлекетке 180 млрд теңге қайтарылған. Бұл қа­ра­жат­тың бір бөлігі бүгінде жеңілде­тіл­ген автонесиелендіруге жұмсалып жатыр.

«Amanat» партиясының баспасөз орталығында өткен кездесуде журна­листер тарапынан жуырда лауазымынан босатылған Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов туралы да сұрақтар қойылды. 3 қазанда Президент өкімімен қызметінен кеткеннен кейін оның Францияда қымбат үйі бар екендігі туралы ақпарат шыққан еді. Алайда агенттік өкілі Қанат Сүлейменов «Ұ.Байжановтың бұл мүл­кінің шығу төркінін растағанын, яғни про­куратурада қызмет еткенге де­йін­гі кәсіпкерлігі арқасында алын­ға­нын» жеткізді. Де­ген­мен жуыр­да Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ұлан Байжановтың Бас прокурордың орынбасары қызметінен шетелде мүл­кі болғандығынан емес, керісінше заң­сыз активтерді қайтарумен белсенді жұ­мыс істегендігі салдарынан кетуі мүм­кін екендігін айтқан болатын. Яғни депутат­тың сөзінше, заңсыз ием­де­ніл­ген активтерді қайтаруға ке­дер­гі келтіріп жатқан бір күш болуы мүмкін.

«Байжанов – заңсыз активтерді қай­тару жоспарын жасаған адам. Енді оны жұмыстан шығарып тастады. Ол заңсыз активтерді қайтару сызбасын жасап, Парламентте қорғады. Менің ойымша, билікте заңсыз активтерді қайтаруға немқұрайлы қарайтын мүдделі топ пайда болғанға ұқсайды», деген депутат «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның да қабылдануына кедергілер болғанын айтты.

Бұдан бөлек, Ұлан Байжанов жыл басында қыркүйек айында шығу тегі түсініксіз активтер иелерінің толық тізі­лімі жасалады деген болатын. Алай­да, ол тізілім әлі жоқ. Бас прокурор орынбасарының осы бағыттағы бел­сенді жұмысы салдарынан активтерді қайтаруға қарсы топтардың ықпалымен ол қызметтен кетті ме деген сауалға кездесуге қатысқан мемлекеттік органдар өкілдері жауап бермеді.

 

Сіз де үлес қоса аласыз

Әділет вице-министрі Алма Мұқано­ва­ның айтуынша, заңсыз ием­де­ніл­ген активтерді мемлекет меншігіне қай­та­ру халықтың игілігі үшін жасалып жат­қан­дықтан, ол іске еліміздің кез келген азаматы үлес қоса алады. Мәселен, егер кімде-кімнің қолында заңсыз активтер туралы шынайы деректер болса, оны Бас прокуратура жанындағы комитетке ұсынып, көмегін тигізе алады. Мемлекеттік орган бұл мәліметті жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылдайды. «Дегенмен берілетін ақпараттың шы­найылығына көз жеткізіп қана ұсын­ған жөн. Өйткені теріс ақпараттың салдары да болуы мүмкін», деді ол.

Сонымен қатар ол депутат Бақытжан Базарбектің жуырда көтерген мәсе­ле­сі­не жауап берді. Депутат: «Арнайы қор қалай басқарылады, ол ертең ашық бола ма, жабық бола ма, біз оны білмейміз. Сондықтан елді заңсыз тонап, халықтың дүние-мүлкін, жерлерді, зауыт-фабрикаларды иеленіп алған олигархтар мен сол билік басында отырғандардың дүние-мүлкін ең алдымен сауда-саттыққа енгізіп, ақшаны Ұлттық қорға түсіру керек. Арнайы қордың соңғы мақсаты не болатыны түсініксіз. Ұлттық қор бар, қаражат соған барып түссін», деген болатын. Әділет вице-министрінің айтуынша, қайтарылған активтерді қабылдайтын жер жалпы түсініктегі қор емес, қазы­на­шылық шот қана. Ақша сол жерге түседі және арнайы бұйрықпен қажетті мақсаттарға жұмсалады. Соны­мен қа­тар Қаржы министрлігінің жанынан заттай активтерді басқаратын арнайы ұйым құрылған. Ол жерде үй, кө­лік, т.б. жылжымайтын және жылжитын мүліктер нарықтағы бағамен сатылымға шығарылып, оның да ақшасы қазынашылық шотқа аударылмақ.