Форум • 17 Қазан, 2023

Астанадағы азаматтық форум

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің замана талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын екені белгілі. Азаматтық қоғамды қалыптастыру тетіктері «Құқықтық мемлекет құру үшін билік пен қоғамның серіктестігі» атты XI Азаматтық форумда жан-жақты талқыланды.

Астанадағы азаматтық форум

Іс-шараға елорда мен өңірлер­дегі үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайрат­керлері, еріктілер қауымдастығының мүшелері және елорда әкімдігінің өкіл­дері қатысты.

«Қазір елордада 15-тен аса көпфунк­цио­налды орталық жұмыс істейді. Ор­талықтардың мақсаты – азаматтық бас­тамаларды қолдау және дағдарыс жағ­дайларын шешу. Қаладағы үкіметтік емес ұйым­дардың үзіліссіз жұмысы арқылы іске асырылған жобалардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді. Азамат­тық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимыл­ды дамы­тудағы маңызды қадамдардың бірі «Астанадағы азаматтық бастамалар орта­лығын» құру болды», деді Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Оның айтуынша, биыл елордада үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 55 әлеуметтік жоба қолға алынып отыр. Жалпы, қалада білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік қолдауды қоса алғанда, әртүр­лі қызмет салаларын қамтитын 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.

«Биыл облыстар мен респуб­ликалық маңызы бар қалаларда алғаш рет өңірлік форумдар өтті. Бұл – қолданбалы идея­лар мен бастамалар пайда болатын ең тиімді алаңдардың бірі. Онда жер­гі­лікті атқарушы органдардың өкіл­дері азаматтық қоғам белсенділерімен қатар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылайды, оларды шешу жолдарын әзірлейді, сондай-ақ үшінші сектор мен билік өкілдері арасындағы әріптестіктің негізін қалайды», дейді Астана қаласы азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Арман Ашкин.

Форумға қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарын пысықтау үшін 3 тақы­рыптық алаң ұйымдастырылды. Онда қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері өз қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.