Теннис • 17 Қазан, 2023

Жерлестеріміздің жеңісі

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері ел теннисшілері әлемнің әр қиырында өтіп жатқан теннис тур­нирлерінде бақ сынап жатыр.

Жерлестеріміздің жеңісі

Атап айтар болсақ, ерлер арасындағы еліміздің бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Бельгияның Антверпен қаласында жалауы желбіреген «ATP 250» санатындағы жарысты сәтті бастап, турнирдің ширек финалына жолдама алды. Ресейлік Александр Шевченкомен жұп құрап ойнап жатқан Бублик 1/8 финалда бельгиялықтар – Микаэль Гиртц пен Готье Онклинді екі сетте 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңді. Александр Бублик жекелей жарыстағы алғашқы кездесуін бүгін франциялық Грегуар Баррермен өткізеді.

Сондай-ақ Қытайдың Шэньчжэнь қала­сындағы «Челленджер» турнирінде өнер көр­сетіп жатқан Бейбіт Жұқаев та жарыстың екінші айналымына шықты. 1/8 финалда әлемдік рейтинг­те 249-орынға жайғасқан отандасымыз дүниежүзілік рейтингте 726-орында тұрған қытайлық Сяофэй Ванмен шеберлік байқасып, екі сетте 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Б.Жұқаев бәсекенің ширек финалына шығу үшін бүгін әлемнің 112, осы жа­рыстың 2-ракеткасы америкалық Александр Ковачевичпен кездеседі.