Спорт • 17 Қазан, 2023

Велоспортшылардың тарихи жолдамасы

142 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық велосипедшілер одағы шосседегі велоспорттан Олимпия ойын­­­дарына жолдама беретін ірік­теу жа­рыстарының аяқталғанын мәлім­деді.

Велоспортшылардың тарихи жолдамасы

Іріктеу қорытындысы бойынша Қазақ­стан ұлттық құрамасының велоспортшылары UCI рейтингінде 19-орынға ие болды. Бұл нәтижемен жерлестеріміз Париж Олимпиадасына тағы екі жолдаманы ел қор­жынына салды. Атап айтқанда, ерлер және әйелдер арасындағы топтық жарысында бір, ерлер сайысында уақытқа жарысуда бір жолдама олжалады. Бұған дейін биылғы Азия чемпионатында топ жарған Глеб Брусенский де Олимпиада жолдамасына қол жеткізген еді.

Осылайша, еліміздің әйелдер құрама­сы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан ке­йін алғаш рет Париждегі додада топтық жа­рыста бақ сынамақ. Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова, Фаина Потапова, Марина Кузьмина, Ангела Соловьева бірігіп, бір лицензияға қол жеткізді. Халықаралық велосипедшілер одағының ережесі бойынша, UCI рейтингінде алғашқы бестікте тұрған құрамаларға – төрт, 6-10-орынға дейінгілер­ге – үш, 11-20-орындардағы құрамаларға – екі, 21-45-ке дейін бір жолдама беріледі.