Сенат • 18 Қазан, 2023

Ұлттық мүдде: Қоғамға қажетті құндылық

1290 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біздің ұлттық мүддеміз қандай? Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қаншалықты мән беріп жүрміз? Әділетті Қазақстан құру жолында елдік мәселелер қалай іске асырылып келеді? Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңында бас қосқан зиялы қауым, ұлт қайраткерлері мен жастар осы сұрақтар төңірегінде ой-пікірлерін білдіріп, елдіктің өзекті мәселелерін талқыға салды.

Ұлттық мүдде: Қоғамға қажетті құндылық

Сенат төрағасы Мәулен Әшім­­баевтың қатысуымен өткен іс-шара «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» та­қырыбына арналды. Кездесуге қатысқан зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар ұлттық құн­дылықтардың Әділетті Қазақ­стан құру жолындағы рөлін кеңінен талқылады.

Мәулен Әшімбаев қазіргі таң­да елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен мәдени мұраны және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­дың Түркістан төрінде өткен отырысында жүйелі идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Бұл бағытта тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны насихаттау, өскелең ұрпақты тәр­биелеу мәселесіне баса мән беріл­ді», деді М.Әшімбаев.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың күн сайын күрделеніп бара жат­қанын атап өткен М.Әшімбаев осы кезде ұлттық бірегейлікті сақ­тау, тарихи тамырымыздан ажы­рамау, жалпы айтқанда, қа­зақы қалыптан айнымау өзекті мәселеге айналып отырғанын еске салды. Ұлттық құндылықтар, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтініне назар аударған Сенат төрағасы: «Тарихи сананы қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Соның аясында Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Сенат ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», деді. Палата спикері отырыс барысында айтылған ұсыныстар Сенат жұмысында ескерілетінін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев ұлттық құн­ды­лықтар мәселесінде ғасыр­лар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын да айтты.

«Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра біл­ген. Көшпенді өркениетке тән ой ер­кіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі радикалды көзқарасқа бой ұрмауға мүмкіндік берді. Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өт­кен осы рухани жолымыздан жа­ңыл­мауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген», деді М.Әшімбаев.

«Қай кезде де, әсіресе жаһан­дық ахуал шиеленіскен бүгін­гідей кезеңде ұлттық құнды­лықтарымыз – біздің бағдар ұстай­тын темірқазығымыз болуы керек. Сондықтан бұл рет­те бәрімізге маңызды мін­дет жүк­теледі. Ол – ұлттық құнды­лықтарымызды барынша қорғау және дәріптеу. Әсіресе заманауи тәсілдер негізінде оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды деп есептейміз», деді Сенат спикері.

Отырыс барысында қатысу­шылар қозғалған мәселеге қа­тысты өз пікірлерін білдіріп, ал­­дағы уақытта бұл бағытта бір­­лесіп жұмыс істеуге мүдделі екен­дерін жеткізді. Сондай-ақ іс-ша­рада ұлттық құндылықтарды оқыту бағдарламалары, цифрлық коммуникацияның заманауи форматтары және басқа да бастамалар арқылы дәріптеу жөнінде тың идеялар айтылды.

Жиында сөз алған жазу­шы Жабал Ерғалиев Әді­летті Қазақстан құру ұлттық идео­логиямыздың басты тақырыбына айналуға тиіс екенін айтты. «Қазір біз үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан, Әділетті Қазақстан құрудан асқан ұлттық мүдде де, мұрат та болмауға тиіс», деді қоғам қайраткері.

«Ұлы далада діннен бұрын, діннен де мықты алтын діңгегіміз, алтын тамырымыз – халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болатын. Қазіргі жастарымыздың білместікпен жан-жаққа ұрынып жүргені ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді білмей, ұмыт болып бара жатқанынан. Президент айтқан ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық әдет-ғұрпымызды қал­пына келтіріп, жастардың бойына сіңіруіміз керек», деген Жабал Ерғалиев орыс халқының саяхатшысы Николай Пржевальский Жетісу өңірін аралағанда «Бұл халыққа білім берудің қажеті жоқ, олардың салты мен дәстүрінің өзі тұнып тұрған білім мен ғылым» деп жазба қалдырғанын да мы­салға келтірді.

«Ұлы даланың, көк пен жер астын мекендеген халықтың заң­дылықтарын қалыптастырған білімі де, ғылымы да ұлтымыздың салт-дәстүріне арқау болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қазір заман басқа, адам басқа. Құндылық пен сана да басқа. Рухани, тұрмыстық жұтаңдық жайлаған бүгінгі заманда қазақ баласы ешкімді кінәламаса, ешкімді сөкпесе екен дейсің. Терең зерделейтін болсақ, оған заман да, сол заманның адамы да кінәлі емес. Кінәлі – саясат. Біздің ұлы даламызға кешегі Ресейлік патша араласқаннан кейін дінінен, салтынан айыру саясаты жүргізілді. Соның салдарынан талай сорақылыққа баруға мәжбүр болдық. Кеңестік жүйенің жүргізген саясатын бәріміз жақсы білеміз. Талай нәубетті басынан өткерген, ұлт зиялыларының өмірі қиылып, қан кешуден өткен халқымыз қазір бірін-бірі емес, саясатты айыптап, алайда дау-дамайды қоздырмай, сол тарихтан қорытынды шығарып, алға қарауға тиіс», деген жазушы қазіргі уақытта бізге мүлде жаңа көзқарас, тың ойбайлам мен жаңа сана қажет екенін атап өтті.

Жиында Мемлекеттік елтаң­баның авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков ұлттық архитектураның маңызы жөнінде пікір білдіріп, бұл бағыт ұлттық сананың қалыптасуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Сана дегеніміз – терең рухымыз бен дәстүрімізге табан тірейді. Бұл бағытта ұлттық архитек­тураның да маңызы зор. Біз Еуразия ұлттық университетінде ұлттық архитектура институтын аштық. Бұл – қажетті әрі ма­ңызды бастама. Себебі қазіргі құрылыстың бәрі кеңестік нормативпен салынып жатыр. Мұндай кезде біз өз дәстүрімізді, санамызды берік қалыптастыра алмаймыз. Өйткені визуалды орта бізге ондай мүмкіндік бермейді. Сондықтан ғылыми зерт­теулер жүргізіп, соның негі­зінде ұлттық архитектураны басымдыққа ала отырып, Аста­надан шағын аудан салу керек. Бұл – адамның санасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі», деді Ж.Мәлібеков.

Ал ақын, филология ғылым­дарының кандидаты Оңайгүл Тұржан жиында ұлттық имидж, ақпараттық қорғаныс және ақпараттық шабуыл мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ұлттық имидж­дің күрделі ұғым екенін ескертіп өткен сарапшы оның беріктігі мен жағымсыз сипатқа ие болуы­на әсер ететін бағыттарды да атап өтті. «Ақпараттық қорғаныс ұлттық имидждегі тұрақтылықты қамтамасыз етсе, ақпараттық шабуылдар оны керісінше жағымсыз сипатқа бұрады. Ал қоғаммен байланыс ғылымы екі бағытқа да қызмет етеді», дейді сарапшы.

Оңайгүл Тұржан ең бірінші кезекте сыртқы ұлттық имиджге селкеу түсірмеудің маңызына  тоқталды. «Жаңа ұлттық архитектура деген мәселе де соның ішіне кіреді. Әрине, бұл құр мақ­тана беру деген сөз емес, бұған қатысты имиджді технология көп. Қазіргі ең өтімді түрі – жасанды интеллекті пайдалану. Себебі жастар жаңашылдыққа ерекше назар аударады. Мемлекеттік тілді насихаттап, оны өзге ұлт өкілдеріне үйретудің методикасында осы тәсілді пайдалану қазіргі таңда өте тиімді», деді жиынға қатысушы.

Ақпараттық интеллектуалдық иммунитетті күшейтуді мектептен бастауды ұсынған сарап­шы әлеуметтік желілердегі ұлттық құндылықтарға қарсы контентке дер кезінде ден қоюдың ма­ңыздылығына да тоқталды. «Ұлттық болмысымызға, таби­ғатымызға қатысты теріс ақпарат­тар пайда болса, құзыретті орындар көбіне үнсіз қалады. Кейде тым кеш жауап беріп жатады. Бірақ ол кезде ақпараттық вирус қоғам ағзасына тарап үлгереді. Осылайша, жұртшылық екіұдай ойда қалады, сенімсіздік пайда болады. Халық тіпті сеніп жүрген дәстүрлерге күдікпен қарай бас­тайды. Құндылықтарымызды құрбандыққа бермеу күресін күшейтетін кез келді», деді Оңай­гүл Тұржан. Қазіргі заман­ның тым асығыс екенін ескертіп өткен ақын: «Бізге құйған шайды ішіп үлгертпейтіндей шапшаңдық керек. Бірақ шайымызды төгіп алмайтындай ептілік те қажет», деді.

«Ұлттық мүдде» диалог ала­ңында сөз алған жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова тұлға мә­дениетін қалыптастыру, көркем әдебиет, ұлттық кино, театр төңірегінде тұшымды ойларымен бөлісті.

«Тәуелсіздік жылдары өз тарихын, тілін, ділін, дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтейтін ұлт тәрбиелеу үшін әдебиетімізді, мәде­ниетімізді, тарихымызды терең білуге жол ашылды. Бірақ кей тұстар ақсап қалды. Сал­дарынан діншілдік, өзгенің мәдениетін, өзге жұрттың дәс­түріне қызығу үстемдік ала бас­тады. Қазір дүйім қауым үміт артатын кей тұлғаларымыздың басқа бағытқа, түсінікке, сырттың идеологиясына қызмет етіп кеткенін байқаймыз», деген жазушы ұлттық мүддеге үлес қосқан актер, режиссер, тарихшылар мен әдебиетшілердің сұхбатын жастарға тыңдатып, халықпен жиі рухани байланыс жасау қажеттігін айтты. «Өйт­кені елге, ұлтқа рух керек. Жаңа сенім керек. Мұндай ұлттық мүддеге қызмет етуге жазушылар, қаламгерлер, өнер адамдары дайын. Осы бір олқылықтардың орнын толтырсақ, сырттан келетін ықпалды күштерге тойтарыс бере аламыз», деді Р.Мұқанова.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы құндылықтарды қалыптастыру бір күнде, не бір кезеңде шешіле қоятын мәселе емес екенін еске салды. Бұл жүйелі бағытты, белгілі бір уа­қыт аралығын қамтитын үдеріс екенін айтқан серіктестік басшысы: «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолында ата-ананың жауапкершілігіне басымдық берілуі қажет. Қоғамдық бірлес­тіктер құрып, бұл бағыттағы жұ­мыс­ты жандандырудың ма­ңызы зор. Сондай-ақ газет-журналдарды, оның ішінде балалар басылымын қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Мәселен, «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» және тағы да басқа балалар басылымы қазір күрделі жағдайда тұр. Елімізде 10 мың балабақша бар десек, соның көп бөлігі «Балдырғанға» жазылмайды. Қазір күштеп жаздыру деген жоқ. Бірақ мекеме де, ата-ана да баланың зейінін баспасөзге аударғаны дұрыс. Әрине, әлеу­меттік желінің мүмкіндігі көп. Алайда оның салдарын да ұмытпау керек. Бағдарласақ, әлеуметтік желідегі комменттің 30 пайызы былапыт сөздер», деп сөзін жеткіншектер мәселесіне қарай ойыстырды.

Дихан Қамзабекұлы сондай-ақ ұлт құндылықтарын қолға алғанда, әуелі ғылыми педагогикалық-пси­хологиялық, әлеуметтік жо­балардың мазмұнын толықтау қажеттігін алға тартты. «Алдыңғы буын, замандастарымыз әлі ескі тақырыпты қаузап келеді. Ескі заманның сөзін сөйлеп жатады. Осы жиында қаншама мәселе көтерілді, олардың түйіні тарқатылу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет», деді академик.

Дінтанушы-ғалым Кеңшілік Тиышхан діни сенім мен жауап­кершілік мәселесін қозғап, заң­ның осы тұсын нақтылау мен өзектендіруді ұсынды.

«Білім-Инновация» халық­аралық қоғамдық қорының пре­зиденті Дархан Өте ұлттық құн­дылықтарды жастардың бойы­на сіңіруде сапалы контент қа­лып­тастыру маңызды деп есеп­тейді.

«Жастардың бойына ұлттық менталитетті сіңіру мәселесінде заманауи, тартымды, балалардың жас ерекшеліктеріне сай контенттер жасау қажет. Ұстаз ретінде бұл қадамның мемлекеттік дең­гейде жасалуы аса маңызды дер едім. Жапония бұл мәселені уақытында түсініп, өзінің Уолт Диснейін құрды. Наруто сияқты ұлттық кейіп­керлері арқылы өздерінің мәдениетін дәріптеді. Әртүрлі комиксті, әлеуметтік желідегі дүниені аудиторияның жас ерекшеліктеріне сай дамытып, өз жастарына ғана емес, бүкіл әлемге мәдениетін, дәстүрін насихаттап жатыр. Егер біз осы мәселені қолға алып, қазірден бас­тап жұмыс істемесек, кейінгі ұр­паққа ұлттық құндылықтарды тү­сіндіру қиын болады», деді Д.Өте.

Ал белгілі мәдениет қайрат­кері Қанат Айтбаев диалог ала­ңында еліміздегі мектептерге салт-дәстүрлер пәні енгізіліп, он­да қазақ халқының ұлттық әдет-ғұ­рыптары туралы терең мәлімет беру керек деген ұсынысын жет­кізді.

«Біз өзге ұлттың дәстүрі мен киім үлгісін дәріптемей, өзіміздің ұлттық дәстүрге бет бұруымыз керек. Ол үшін мектептерге оқыту тілі қандай екеніне қарамастан салт-дәстүрлер пәнін енгізу қа­жет. Бұл сабақ аптасына екі рет өтуге тиіс деп санаймын. Себебі қа­зақ дәстүріндегі қыз баланың орны, оның киім үлгісі, ата-анаға деген құрмет сияқты тәрбиелік мәндегі құндылықтар балаға кіш­кентайынан түсіндірілетін болса, біз менталитетті қоғам қа­лыптастыра алатын едік», деді Қанат Айтбаев.

Айта кетейік, диалог ала­ңының отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, «Qazaq boxing» мектебінің жаттықтырушысы Мұхит Аман­таев, «Unknownkazak» жоба­сының авторы, блогер Диас Каме­ри­данов, тағы басқа сарапшылар қатысты.

Жиынды Сенат төрағасы М.Әшім­баев қорытып, «Ұлттық мүдд­е» алаңының құндылықтарға қа­тысты ұсыныстары ескеріле­тінін жеткізді.