Қоғам • 18 Қазан, 2023

"Заң бәріне ортақ". Төреғали Төреәлі сот шешімімен қоғамдық жұмысқа тартылды

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі сот шешімін орындап, қоғамдық жұмыста жүргенін көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Заң бәріне ортақ". Төреғали Төреәлі сот шешімімен қоғамдық жұмысқа тартылды

"Бізге соттың үкімі бойынша 40 сағат қоғамдық жұмыс тапсырылған еді. Аллаға шүкір, түске дейін саябақта болдық, қазір осындамыз. Бұл менің тәуелсіздігі бар Қазақстаным, бұл менің отаным, елім, жерім. Сондықтан, әлбетте, әнұраны мен көк туы бар елдің өзінің заңы болады. Ол заңға бәріміз бірдей бағынуымыз керек деп ойлаймын. Міне, ұлы дала баласы өзінің ұлы даласын сыпырып жатыр", - деді әнші бейнежазбада.

Өзінің айтуынша, ол мұндай жұмыстан ұялмайды.

"Бұл намыс көретін емес. Өзіміздің ауламызды сыпырамыз, қоқыс төгіп келу деген сияқты ғой. Бұл жұмыс, айналып келгенде, Пайғамбар сүннетіне келеді ғой негізі. Өз жатқан-тұрған жеріңді таза ұстау, ертеңгі ас құятын ыдысыңды бүгін жуып қою деген нәрсенің бәрі - тазалық иманнан емес пе? Аман болыңыздар! Ананың бәрін жинап тастадық", - дейді Төреғали Төреәлі.

Айта кетейік, бұған дейін танымал әнші билік өкілдерін өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде тіл тигізгені үшін сотталған болатын.