Ашық аспан астындағы бұл экспозицияда 60-тан аса техника қойылған. Олардың кейбірі ХІХ ғасырдың жәдігері болса, көпшілігі кеңестік кезеңде қолданылған құрал-жабдықтар. Одан бөлек, бұл жерде он екі қанатты киіз үй мен партия көсемдерінің бюст мүсіндері де келушілердің назарын аударады. Ауылдағы музей жанынан ашылған жаңа көрмені Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те тамашалап көрді.
– Тәуелсіздігімізді алғалы тарихымызды түгендеп, өткенімізге орынды бағасын бере бастадық. Азаттықтың арқасында оң-солымызды танып, елеулі тұлғаларымызды ұлықтап жатырмыз. Ақпәтерде келешек ұрпаққа мұра болар музей ашылды. Мұндағы құнды жәдігерлер өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басуға сеп болады, – деді Н.Төреғалиұлы.
Ақпәтердегі халықтық музейдің негізін қалаған – ауыл ақсақалы Кәрім Өтеғұлов. 1986 жылы жоспарланып, 1992 жылы арнайы ғимараты салынған музей ұзақ жылдан кейін, 2013 жылы іске қосылған екен. Талай жыл өтсе де, мақсатынан айнымай, ақыры музейді ашып, халық назарына ұсынған Ақпәтер ауылының тұрғыны, Жаңақала, Қазталов аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кәрім Тәжмағанбетұлы осы күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы