Мәселен, Жоғарғы сот жасанды интеллектіні осыдан бірнеше жыл бұрын қолдана бастады. Сот алқасының мұндай жаңа трендке мойын бұруына отандық бизнес септігін тигізген. «Жасанды интеллектінің сот алқасына қаншалықты қажет болды?», «Бұл жоба нені өзгертіп, нені жеңілдетті?» деген орынды сауал туындары ақиқат. Қарапайым тілмен түсіндірсек, мұндағы мақсат – халықты сот істерінің нәтижелерін іздеу мен бағалауда сапалы тың құралмен қамтамасыз ету. Осылайша, 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жоғарғы сот бірлесіп, аталған жобаны іске асыру үшін Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандарын тартқан. Жүйеге барлық сот актісі мен азаматтардан қабылданған мыңдаған талап-арыз жүктелген. Мұнда сот актісі бір жүйеге келтіріліп, «негізгі» сөздер анықталып, содан кейін ол цифрлық жүйеге көшіріліп, санатқа бөліну арқылы іріктеледі.
Заңнама өзгерген сайын ақылды жүйе де соған сай өзгеріп, бейімделіп отырады. Бұл жоба қазіргі уақытта судьялардың шешім қабылдаудағы сенімді көмекші құралына айналған, ал азаматтарға өз талап-арызының қаралу барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Жүйе Жоғарғы соттың шешімі бойынша шыққан азаматтық сот актілері негізінде ғана жұмыс істейді. Жүйені енгізу халықтың өз уақытын үнемдеуіне және материалдық ресурстарын оңтайлы пайдалануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар судьяларға түсетін жүктемені төмендетуге ықпал етеді. Алгоритмге негізделген нейрондық желі миллиондаған сот актісін талдайды және судьяларға елдегі ұқсас істер бойынша статистика мен басқа да қажетті мәліметтерді ұсынып отырады.
Әрине, жасанды интеллект судьяларды алмастыра алмайды, алайда күнделікті жүктемені жеңілдетеді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану адам ресурстарын үнемдеуге, қателіктерді азайтуға және судьяларға күрделі істерге жіті назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін жеңілдете түспек.
Сот жүйесін цифрландыру бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Біріншіден, ол сот үдерістерінің ыңғайлы логистикасын қамтамасыз етеді. Яғни кәсіпкер сотқа жүгінуден бастап цифрлық платформалар арқылы істің түпкілікті шешілуіне дейінгі барлық үдерісті бақылай алады. Екіншіден, соттарды цифрландыру сот үдерістерінің ашықтығына кепілдік береді. Бұл судьяларға жүктемені азайтады, шығындарды оңтайландырады және, ең бастысы, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады.
Мемлекеттік органдардағы үдерістерді цифрландыру олардың халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылын ретке келтірері сөзсіз. Мәселен, кәсіпкерлер сот процестеріне жиі қатысады. Әрине, мұндай жүйкеге салмақ салатын істер олардың одан да тапшы уақытын алады. Ал бизнес өкілі сот есігін емес, кәсіптің кілтін іздеуі керек емес пе. Сондықтан бұл жобаның бизнеске де тиімділігі шашетектен. Бұрын олардың сот процесіне міндетті түрде қатысуы талап етілсе, қазір сот оны бейнебайланыс арқылы қашықтықтан өткізуге құқылы.
Осылайша, Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандары, бизнес пен судьялардың бірлесіп тапқан шешімі сот практикасын цифрлық талдайтын әрі сот істерінің нәтижесін болжайтын жасанды интеллект құралы GPT Chat шыққанша ойластырылып, 2021 жылдан бері қолданылып келеді.
Қазақстан соттарында цифрландыруды дамыту сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еурокомиссияның (СЕПЕЖ) 2020 және 2022 жылдардағы соттардың IT-технологияларды қолдануы жөніндегі шолуларында 47 елдің ішінде 4-орынды иеленді. Демек көш соңында емеспіз, алдыңғы қатарда келеміз. Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану, халықаралық серіктестердің зор мүмкіндігін еліміздің кәдесіне жарату.