Ғылым • 18 Қазан, 2023

Жылқыны сапаландыруға да ғылым керек

244 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстандағы жылқы саны кейінгі жылдары еселеп өсіп, 4,2 миллионға жеткен. Алайда жылқы етін экспортқа шығаруды былай қойғанда, жергілікті ірі сауда желілеріне өткізу ауылдағы ағайын үшін үлкен мәселеге айналған. Ал ет өңдейтін кәсіпорындар мен мейрамханалар оны Ресейден тасып отыр. Елдегі жылқы өсірушілердің қазір тығырыққа тіреліп тұрған жайы бар.

Жылқыны сапаландыруға да ғылым керек

Суретті түсірген –автор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технология­лы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», деген еді. Ғылымдағы соңғы жетістіктер мен өнертабыстар жылқы шаруашылығына да енгізілуі керек деп есептейді отандық сарапшылар. Себебі қазіргі күні елдегі жылқы өсірушілер тығырыққа тіреліп отыр. Қазақ жылқылары шындап келгенде өзге жылқы түрлеріне қарағанда денесі шағын, экспортқа таза ет күйінде шығарылғанда салмағы аз. Мысал үшін, кейбір жылқы етін тұтынатын Еуропа елдері жылқының ұшасы тұтастай алғанда 250 килодан төмен болмауы керек деген талап қояды. Бұл – бір ғана мәселе. Екіншіден, елімізде жылқы етін, оның терісі мен тұяғын, қылын кәдеге жарататын кәсіпорындар жоқтың қасы. Пісірілген шұжық дайындайтын үлкен компанияларда жылқы етінен шығарылатын өнімдердің үлесі 5 пайызға да жетпейді. Ел тұрғындары жылқыны көбіне соғымға және ат спортына ғана жарататынын айтуымыз керек. Үшіншіден, жыл санап жайылымдар тарылып келеді. Бұл үйір-үйір жылқы ұстайтын үлкен шаруашылықтарға қысы-жазы жұмыс істейтін мал бордақылау орындарын құруға негіз болуы керек.

Қысы-жазы қоңын жоғалтпайтын, суық пен ыстыққа төзімді, жайылым, жем-шөп талғамайтын етті және сүтті жылқы түрлерін қалай көбейтуге болады? Ертіс-Баян өңірінде өткен «Қазақстанда және басқа да іргелес мемлекеттерде жылқы шаруашылығының жағдайы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы мәселе кеңінен талқыланды. Оған отандық және Қытай мен Моңғолия елдерінің ауыл шаруашылығы ғалымдары, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, сондай-ақ жылқы өсіруші шаруашылықтардың өкілдері қатысты. Ғылыми конференцияға ұйытқы болған Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов атап өткендей, кейінгі 4 жылда жергілікті университет өңірдің іргелі шаруашылықтарымен байланысын нығайтып, дуалды оқытуға көбірек көңіл бөле бастады. Нәтижесінде, «Победа» және тағы басқа шаруашылықтарда жастар жұмыс істеп әрі білім алып, тәжірибелерін толықтырып жатыр. Бұл тәжірибені болашақта жылқы шаруашылықтарында да жүргізуге болады. Себебі қазіргі күні аймақта жылқышылардың тапшылығы байқалып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдары Кереку же­рін­­­де 86 мың жылқы болса, қазіргі уақытта оның саны 250 мыңнан асқан. Қазақ жыл­қы­­сы күні-түні тебінде жүретіндіктен оған мал шаруашылығындағы ең шы­ғы­ны аз жа­нуар ретінде қарайды. Ғалым­дар­ алдағы 10-15 жылда еліміздегі қыл­құй­­рық­ты­лар­дың­ саны 10 миллионнан аса­ды деп бол­жап­ отыр. Бұған еліміздегі жа­йы­лым­дық жер­лер мүмкіндік береді. Ен­дігі жерде қа­зақ жылқысының сапа тұр­ғы­­сын­да­ғы­ көр­сеткіштерін арттыру ма­ңыз­ды. Мә­се­­лен, керекулік ғалымдар мен жыл­қы өсі­ру­шілер бірлесе отырып, Тау­лы Ал­тай­­дан әкелінген Жаңаалтай жыл­қы­сы­ның айғырын қазақтың биелерімен бу­дан­­­дастырған. Жаңаалтайлық тұқымның ге­но­типінде алтайлық, кеңестік, орыс, лит­ва­­лық ауыр жүк тартатын жылқы тұқым­да­­­ры­ның қаны бар. Бұл тұқымдардың ге­не­­­ти­калық потенциалы жоғары, тірідей сал­­­ма­ғы 600-ден 1000 кг-ға дейін жетеді. Ал сүт­­тілігі – 4 мыңнан 7 мың литрге дейін. Ма­­­ңыз­дысы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жа­йы­­лымға бейімделген әрі бұл жағынан қа­­з­ақ жылқыларынан кем түспейді. Егер осы­ қасиеттер қазақ жылқыларына дарыса­, олар­­дың сүттілік қабілеті одан әрі арта түседі.

– Жергілікті «Мойнақ-2015» серік­тес­ті­гін­де жаңаалтайтық жылқылар 2000 жылдан бері өсіріледі. Жаңа алтайлық пен қазақ жыл­қысын будандастырып алынған жабағы 170 килограмм ет берді. Ал екі жарым жасар құнан­ның таза еті 250 килограмм тартты. Әлгі серіктестік жергілікті шаруашылықтар үшін жаңаалтайлық жылқы тұқымын сата бастауы мүмкін. Бұрын Ресейден қым­­бат­қа­ сатып алып келген жануарлар өзі­мізде кө­бейіп жатқаны қуантарлық жаңа­лық. Бұл біздің климатқа әбден бейім, тө­зімді жа­нуарлар, – дейді Торайғыров уни­вер­си­тетінің қауымдастырылған профессоры,­ Пав­лодар облыстық жылқы өсіру­ші­лер қауым­дастығының төрағасы Төлеген Асанбаев.

Абай облысының ғалымдары 1967 жылдан бері күрделі селекциялық жұмыстарды жүргізіп, бүгінде «Бесқарағай» жылқы түріне патент алған. Бесқарағай жылқысын шығару үшін оқымыстылар әуелі қазақ жылқысының биелері мен жәбенің айғырын шағылыстырып, одан алынған ұрғашы төл жетілген соң қаба типті айғырға қосқан. Нәтижесінде, жаңа тип өнімділік тұрғысынан жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исханның айтуынша, бесқарағайлық тип тәулігіне 13 литрге дейін сүт бере­ді. Сой­­ғанда таза ет тірі салмағының 58 па­­йы­зын құрайды. Айғырлары асыл текті, ұрпағына нәсілдік қасиеті толықтай бері­­ле­тінін байқаған ғалымдар олардың санын қазіргі күні 500-ге дейін жеткізді.

Павлодар облысында жылқы саны кейінгі 30 жылда 3 есе көбейгеніне қара­ма­с­тан, бұл салада бірқатар мәселе бар. Айталық, өңірдегі жылқының тек 5,6 пайызы асыл тұқымды. Жергілікті шаруашылықтар үшін жылқы етін экспортқа шығару әлі күнге арман болып отыр. Дамыған мемлекеттер, мәселен, Франция мен Италия халқы жылқы етін тұрақты тұтынғанымен қазақ жылқысының еті олардың тәбетін ашпай тұр. Еуропа жұрты еттің сапасын қазының қалыңдығымен өлшемейтіні белгілі. Импорт еттің салмағы мығым болуы керек. Ал біздің жылқылардың әлеуеті оған әзірше жетпейді. Сондықтан жылқы өсірушілеріміз әуелі сапа тұрғысына мән беріп, жануардың қасиетін физикалық тұрғыдан арттыруға көңіл бөлсе керек. Бір қызығы, Орал өңіріндегі «Кублей» зауытының өзі жылқы өнімдерін дайындау үшін шетелден жылына 5 мың тонна тоңазытылған жылқы етін сатып алатын көрінеді. Ал нарықтағы жылқы етінің 6-7 пайызын Ресейден жеткізілетін өнімдер құрап отыр. Өзіміздің қалалардағы супермаркеттер желісі жергілікті шаруа­шы­лықтардан жылқы етін тіпті алғысы кел­мейді. Олардың талабы бойынша өндірушілер жылдың төрт мезгілінде де бірдей сападағы етті жеткізуі керек. Қазақ жылқылары тек тебінде жүріп, ауа райы, табиғат жағдайына байланысты қоң жинайтындықтан, олардың көңілінен шығатын ет тек күз айлары мен қыстың басында ғана болатыны түсінікті. Сондықтан жылқы өсірушілер үшін сауда желілері алынбас қамалға айналған.

– Өңірдегі жылқы табындарының дені Баянауыл, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында шоғыр­ланған. Саланың қарқынды өсуі мен дамуы үшін биелердің үлесін 60 пайызға дейін, ал бие сүтін өндіруге байланысты қолданыстағы субсидиялау нормативін литріне 60 теңгеден 200 теңгеге дейін ұлғайту керек деп есептеймін. Бізде жайылым мен жылқышылар тапшы. Урбанизация әсерінен жастардың көбі қалаға қашады, ал ауылдық жерлердегі жылқышының еңбегі 150-200 мың теңгеден аспай тұр. Біз жыл са­йын мемлекеттік бағ­дарламаларды пайдаланып, кемінде 30 ауылдың инфрақұрылымын жаңартып жатырмыз. Өкінішке қарай, бұдан нәтиже шамалы. Өзім байқаған тағы бір түйткіл, жылқыны көп ұстайтын шаруашылықтар табынды бөлмей, кемі 1000-1500 бас етіп ұстайды. Бұл – қате қадам. Қазіргі статистикаға сүйенсек, 100 биеден әрі кетсе 65 құлын алынады. Сондықтан жылқы табынын бөліп-бөліп әрі кетсе 400-450 бастан асырмай ұстау керек. Жайылым тапшылығы да сезіліп отыр. Биыл облыста 380 мың гектар игерілмеген жер халыққа қайтарылады. Облыста қымыз дайындау бойынша ұйымдастырылған өндіріс жоқ. Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» агрофирмасы жұмысшылардың жоқтығы­нан тоқтап тұр. Ал құр ет өндірумен айналыссақ, жылқы шаруашылығының болашағы бұлыңғыр болмақ. Бұл салада нарықтық бәсекелестік деген атымен жоқ. Халықаралық нарыққа бейімделу үшін өзге елдердің тәжірибелерін үлгі етуден ұтылмаймыз. Мысалы, Моңғолия мемлекетіне қараңыздаршы, оларда жылқы арасында түрлі індет көп бола тұра, Қытайдың нарығын жаулап алды. Жергілікті экспортшылар жылқы етін әуелі ыстық суда жартылай қайнатып алады да, сосын экспортқа жібереді. Ондағы еттің килосы әрі кетсе 3,5 доллар. Интенсивті дамуға көшіп, еттің сапасын қысы-жазы бірдей қалыпта ұстау үшін мал бордақылау фермаларын салуымыз керек. Көптеген мемлекетте болдық қой. Сонда байқағаным, шет жұрттың көбі жылқы етіндегі ақуыз бен майдың үлесі жылдың төрт мезгілінде де бірдей нормада болғанын қалайды. Анау Бахрейн мемлекеті қойдың жасы 6 айдан, ал құйрығының салмағы 2 килодан асып кетсе, алмайды. Жылқы малымен біздің қазақ халқына бақ-дәулет те, береке де келген. Ендігі жерде оны нарыққа бейімдеп өсіру маңызды. Алдағы жылдары жылқының еті де қазіргіден арзандайды, оған күмән болмасын. Себебі ол нарықта көбейе түсті, – деді Асайын Байханов.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Парламенттегі халық қалаулылары мен ел билігі жылқы етін сыртқа шығарудың жолдарын пысықтап жатқанын айтып өтті. Алайда әлемде жылқы етіне сұраныс аз. Іргедегі Қытай елімен келісімдер жасалып жатқанымен, ол мемлекет өз шешімін әлі күнге айтқан жоқ. Негізі бұған дейін қазақ жылқысының етін Жапонияға экспорттау бойынша уағдаластықтарға қол жеткізіліп, Қазақстандағы 44 шаруашылық арнайы тізімге енген екен. Бірақ бұл тарапта да біраз кілтипан, атап айтқанда, тасымалдауға қатысты мәселелер туындап, әзірге ол да жабулы қазан күйінде жатыр. Әйтсе де, Н.Әшімбетов жылқы шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдаулар баршылық екенін айтты. Шаруа асыл тұқымды айғыр сатып алса 100 мың теңге, қымыз баптаса литріне 60 теңге төленеді. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер шешімімен жемшөпке субсидия беріледі. Жылқы өсірушілер техника сатып алса 25 пайызын мемлекет өтеп, несие рәсімдесе түрлі жеңілдіктер ұсынады. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 2,5 пайызбен несие алуға болады.

– Бір жылдары Өзбекстанға тірідей қара мал көп кетіп жатыр деп, шектеу жасалғаны естеріңізде болар. Былтыр малды сыртқа шығаруға байланысты квота енгізіліп еді, ұсақ шаруашылықтар қиналып қалды. Бұл мәселені қазір Парламентте қайта қарап жатырмыз. «Қазинвест» және тағы басқа компаниялар бұл іспен айналысуға тиіс. Оның үстіне биыл құрғақшылық қос өкпеден қысып, астық жинау көрсеткіштері құлдырап кетті. Алдағы уақытта біз ауа ра­йына тәуелді егін шаруашылығын азайтып, мал шаруашылығына басымдық беруді ойға алып отырмыз. Қазақстанның жер көлемі әлемде 9-орында болса, жайылымдық жерлер бойынша 5-орында тұрмыз. Яғни бізде мал шаруашылығының игерілмеген орасан зор әлеуеті жатыр деген сөз. Жайылымдық жерлерге қатысты заңнамаларға 40-қа жуық түзету енгіздік. Соның нәтижесінде, игерілмей жатқан 20 млн гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылады. Ол жерлерді жайылым таппай отырғандарға үлестіреміз. Бұған қоса ауыл шаруашылығы ғылымын қолдауға бөлінетін қаражатты тиімділік тұрғысынан қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Бюджеттен жалпы ғылым саласына 200 млрд теңге бөлінсе, Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша тағы 9 млрд теңге қарастырған. Ал нәтиже мардымсыз, – дейді Нұржан Әшімбетов.

Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Тарым университетінің профессоры Гіміңгүл Мұқантайқызы мен Моңғолия ғалымы Сайполда Тоқтарбай өз елдеріндегі жылқы шаруашылығының дамуы туралы баяндады. Қытай халқы жылқы етінен гөрі, есек етін жегенді ұнататындықтан бұл елде де жылқы етін қайта өңдеу аса дамымаған. Ханзу халқына жергілікті ғалымдар әлі күнге қымыздың пайдасын да жеткілікті дәлелдей алмай отыр. Мұнда 3 миллионға жуық жылқа бар болса, оның көбі спорт және көпшілік серуені үшін пайдаланылады. Жалпы саны 3000 жылқы клубы құрылып, мұнда мініс жылқылары халыққа ұсынылады.

– Ел билігі ат спортында бәс тігуге рұқсат бермей отыр. Өйтсе, адамдар оқу-білімнен қалады, ғылыммен айналыспайды, лудоман дертіне шалдығады деген пікір бар. Әйтпесе, бізде ат спорты өз деңгейінде дамып келеді. Бие сүті аса танымал емес, себебі жұрт оның пайдасын нақты білмей отыр. Кейбір кезде жылқы етін есек еті деп ұсынатын да жағдайлар кездеседі. Ғылыми тұрғыдан баға берсек, қазақ жылқысының төзімділігі мен мініске шыдамдылығына тең келетін жылқы әлемде жоқ. Қазақ жылқысын өзге тұқыммен будандастырудың қажеті жоқ, оның қасиетін сақтап қалу аса маңызды, – дейді Гіміңгүл Мұқантайқызы.

Ал Моңғолияда жылына 49,1 мың тонна жылқы еті өндіріліп, көбі сыртқа экспортталады екен. Бұл елде арнайы стратегиялық бағдарлама түзіліп, келешекте жергілікті моңғол жылқыларының ет сапасын және жылдамдығын арттыру көзделіп отыр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Торайғыр ауылы