Қоғам • 19 Қазан, 2023

42 қызметкер ант қабылдады

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Құтқарушылар күніне орай елордадағы «Құтқарушылар саябағында» орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қойып, қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алу іс-шарасына қатысты. Сонымен қатар қаза тапқан қызметкерлерді еске алу рәсімі барысында азаматтық қорғау органдарына жаңадан келген 42 қызметкер ант қабылдады.

42 қызметкер ант қабылдады

Сала мерекесі қарсаңында ұйымдас­тырылған іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінен бөлек, өрт сөндіру кезінде қаза тапқан құтқарушылардың туыстары, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және жиынға арнайы шақы­рылған қонақтар да қатысты.

Жиында сөз алған С.Шәріпханов тәуелсіздік алған кезден бастап бүгінге дейін қызметтік міндеттерін атқару кезін­де азаматтық қорғау органдарының 69 қыз­меткері қаза тапқанын, олардың бар­лығы өз ісіне адал болғанын атап өтті.

«Бұл өрт сөндірушілер мен құтқару­шы­лар – басқалардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын екенінің тағы бір дәлелі. Олар – заманымыздың нағыз батырлары. Олардың қызметі батылдықты, адал­дықты және құрбандықты қажет етеді. Өз өміріне қауіп төндіре отырып, үнемі төтенше жағдайлардың ортасында болады, азаматтарымызды қорғау үшін отпен және түрлі апаттармен күреседі. Осы саябақтағы ескерткіш ерлік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ісіне адалдықтың материалдық байлықтан гөрі құнды екенін еске салады. Қиын сәттерде адамдар бірігіп, мүмкін емес нәрсені жасай алатынын білдіреді», деді Төтенше жағдайлар министрі.

Ардагерлер кеңесі төрағасының бі­рінші орынбасары, тарих ғылым­да­ры­­ның докторы, профессор Өмір­зақ Оз­ғанбайұлы жиынға қаты­сып отыр­ған барша құтқарушы қызмет сала­сын­­­дағы әскерилерді, жауынгер­лерді кәсі­би мерекелерімен құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

«Кешегі жауынгер жолдастарыңызды еске алу іс-шарасын өткізіп жатқанда­рыңыз, қазақтың ұлы ойшылы, Алаш қайрат­кері Халел Досмұхамедұлы айтқан­дай, ел үшін еңбек еткен адамдар­дың ерлігін ұмытпау, елдіктің айқын белгісі деп білемін. Қаншама азаматтарымыз жұмыс барысында өз өмірін емес, өзге жанның амандығын ойлап, қиын сәтте басын бәйгеге тігіп, артына өшпес із қалдырып кетті. Олардың ерлігін ешқашан ұмытуға болмайды. Саябақтағы қолына сәби ұстаған батыр азаматтың ескерткіші сияқты сіздер де қаншама адамдарды қиын сәтте аман алып қалып жүрсіздер. Сондықтан құтқарушы қыз­меті еліміз үшін, Отанымыз үшін өте маңызды мамандықтың бірі деп айта аламын», деді Ө.Озғанбайұлы.

Ресми іс-шаралардан кейін С.Шәріп­ханов азаматтық қорғау органдарына жаңадан келген 42 қызметкердің ант қабылдау рәсіміне куә болды.

Елордадағы «Құтқарушылар сая­бағы» өрт сөндірушілер мен құтқа­рушылардың, сондай-ақ қызметтік мін­деттерін орындау кезінде қаза тап­қан қызметкерлердің құрметіне ар­нап осыдан екі жыл бұрын ел Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығына орай салын­ған еді. Құтқарушылар скверінің орталы­ғында өрт сөндіруші түрінде жасалған ескерт­кіш бар, ол өзгенің өмірін құтқару үшін күн сайын өз өмірін қауіпке тігетін батырларға алғыс ретінде орна­тылған. Сонымен қатар аумақта 1964 жылы шығарылған АЦ-30 МАЗ 205 раритетті арнайы өрт сөндіру машинасы орнатылған.