Құтқарушы • 19 Қазан, 2023

Алғыс деген – ел сыйы

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құтқарушылар жұмысы қашанда ақтара айтып, ақ алғысыңды білдіруге әбден лайықты. Мамандықтың түр-түрі бар, дегенмен жанын шүберекке түйіп жүріп, өзгенің өмірін қорғап қалатын өрендердің еңбегі – өз алдына бір төбе.

Алғыс деген – ел сыйы

Сол күні облыс орталығының іргесіндегі Қопа көлі бұрқ-сарқ етіп ақбас толқындары аспанға атып, ашуға булығып жатқан. Әншейінде моп-момақан көлдің мұндай кейіпке түсуі сирек. Солтүстік батыстан соққан жел сырлы тостағандай шағын көлді аудара төңкеріп, сапыра ширықтырып, көбік шашқан сабасын күмпілдете пісіп жатқандай. Кезекші бөлімнің телефоны безгегі ұстағандай қайта-қайта шырылдасын-ай келіп. Суыт хабар. Күннің рабайсыз жайсыздығына қарамай, көл бетіне шыққан қайық қауіпке кез болса керек. Хабарлаушылардың айтуына қарағанда, үш адамы бар қайық ығып бара жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бөлімше бастығы Рүстем Мужупов бастаған жедел топ оқиға орнына бірден аттанған. Көзді ашып-жұмғанша көл шетіне жетіп, моторлы қайықпен көмекке ұмтылған. Көл суы мұздай әрі көз байланып келе жатқан уақыт. Толқын арасында ығып бара жатқан қайық бірде көрініп, бірде ғайып болады. Көрінбей кеткен сайын жүрек қобалжып, күдік молая түсетіндей. Моторлы қайықтың өзі қасат қарға малтыққан шана құсап жүрісі өнбей қойды. Әупірімдеп жете бергенде ыққан қайықтың үстіндегі ересек екі адамның біреуі суға секіріп кеткен. Анық көрді. Әйтсе де Рүстем Достиярұлы бұл әрекеттің себебін түсіне алған жоқ. Ішіне су толып, көл түбіне шөге бастаған кішкентай қайық жанымызды сақтап қалмас деп ойлаған болар. Мәселенің мәнісіне кейін жан шақырып, ес жиғаннан кейін барып жеткен. Сөйтсе, ер адам кішкентай баласы бар келіншекті көл бетінде қайықпен серуендеуге шақырған. Күннің дауылдатып, көлдің аласұрып жатқанын да ескермеген. Ал қауіп төнген кезде серуендеуге алып шыққан адамдарын тас­тап, қайықтан секіріп кеткен. Абырой болғанда құтқарушылар алдымен қайықтағы келіншек пен баланы анық төніп келген ақ ажалдың аузынан жұлып алды. Арада аз уақыт өткеннен кейін қайықты тастай қашқан ер адам да құтқарылды. Қас-қағым сәттің арасында жалпақ тілмен айтқанда, ана дүниеге бір барып қайтқан үш бірдей адамды аман алып қалды. Көрер жарықтары бар екен.

– Бұл бір ғана сәт, дейді Рүстем Достиярұлы, – негізі мұндай оқыс оқиға жиі кездеседі емес пе? Бірақ біздің әріптесте­рі­міз өз іс-әрекетін ешқашан ер­лікке баламайды. Сайып келгенде, жүрек қалауымызбен таңдап алған мамандығымыз. Тек қысылтаяң сәтте абыржып қалмай, батыл шешім қабылдап, өз басыңа төніп тұрған қауіп-қатер­ді де елемей, жүректілік көрсе­туің қажет. Тұтастай алғанда, құтқарушылардың әбжіл қимылы талай адамды ажалдан аман алып қалғанын білемін.

Енді бірде су қоймасына жас қыз батып кеткен екен. Куә­гер­лердің айтуына қарағанда, оқи­­ғаның шапшаң өрбігені сон­ша­лықты, байғұс балаға қол ұшын беру ешкімнің қолынан келмеген. Ендігісі – су түбінде қалған мәйітті табу. Адамгершілік парыз. Зар еңіреген ата-анасының да тілегі – осы. Тереңдігі 20 метрден асатын су қоймасының табанынан он екіде бір гүлі ашылмай жатып опат болған бейкүнә қызды табу өте қиын болған екен. Осы заманғы құрал-жабдықтар да қолданылған. Тәжірибелі құтқарушылардың күш-жігері жұмылдырылған. Үшінші күні Рүстем Достиярұлы тапқан. Бүк түсіп, суыққа тоңған адамша бүрісіп жатыр екен. Жағалауға алып шыққанша жүрегі атқақтай соғып, елжіреп кеткен. Қайғыдан қара жамылған ата-анасының қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Күйрей қиналып, өз беттерін өздері жыртып, жанын қоярға жер таба алмай жан ұшырған ата-анасы мәйітті су бетіне алып шыққан құтқарушыларға алғысын жаудырып жатыр.

– Кейде бір өткен өмір белес­те­ріңнің өрнекті жолы іспетті адамдарға шарапатың тиіп, жақ­сылығың жан-дүниесін нұр­лан­дырып жатқанын көргеннен артық бақыт жоқ. Өйткені алғыс біздің қызметімізге орай маң­дайы­мызға жазылған ел сыйы емес пе?! – дейді біздің кейіпкеріміз.

Өткен жылы Түркияда жер сілкінісі орын алған кезде зіл­заланың зардабын жоюға қатыс­қан. Түбі бір түркі елінің ақс­ақал­дары қазақтың азамат­тары­ның қажырлы еңбегіне тәнті болып, ақ батасын беріпті. Қан­ша­ма құтқарушы күн сайын оқтау­лы мылтықтың ұңғысының ұшын­дағыдай қауіп-қатерге кеудесін төсеп жүрсе де қос қол­ты­ғынан демеп, жебейтін періште пейіл, ақ ниетті адамдардың алқау­сыз алғысы шығар. Көптің алғы­сын алғанға не жетсін, шіркін!

 

Ақмола облысы