Елорда • 18 Қазан, 2023

Рухани келісімнің іргетасы

234 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада қала әкімдігі, Өркениетаралық және конфессияаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы және Астана қаласы діндерді зерттеу орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне арналған халықаралық конференция өтті.

Рухани келісімнің іргетасы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

1992 жылы Алматы қаласында Бірінші дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Сол жиын соңында манифест қабылданып, кон­гресстің ашылған күнін, яғни 18 қазанды «Рухани келісім күні» деп жария­лау ұсынылды. Бұл – түрлі шиеле­ніс пен қақтығысқа мораторий жариялау, татуласу жолдарын іздеу, адамдар арасындағы өзара түсіністік орнату, жақындарыңа мейірім мен жәрдем беру күні ретінде күнтізбеге енді. Сол кезден бері елімізде жыл сайын Рухани келісім күні атап өтіліп келеді.

«Рухани келісім – қазіргі қоғамдық татулық пен бірліктің негізі» тақыры­бында өткен халықаралық конференцияға мемлекеттік органдардың, диплома­тиялық корпустардың өкілдері, діни қай­раткерлер, отандық және халықаралық сарапшылар қатысып, сөз сөйледі. Жиын­ды жүргізген Рухани келісім кү­ні­нің бастамашысы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов әлемдегі және еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің гүлденуі үшін бірлік пен ынтымаққа шақыратын осындай атаулы күндердің маңызы зор екеніне тоқталды.

– Бұл мерекенің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол іс-шараға тұңғыш рет барлық діннің, бітімгершілік қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, руханият пен адам өмірінің мәселелеріне алаңдайтын белгілі ға­лым­дар мен мәде­ниет қайраткерлері қатысып, бір үстел басында пікір алмасты. Міне, 30 жылдан аса уақыттан бері елімізде 18 қазан өзара түсіністік пен рухани үндестік мейрамы ретінде атап өтіліп келеді. Мемлекет басшысы «Қазақстан барлық күрделі мәсе­лені БҰҰ Жарғысы негізінде үстел ба­сын­дағы келіссөздер арқылы шешуге шақырады. Біз пікірталастарды күш­пен, қорқытумен немесе санкция салу арқылы шешу мүмкін еместігіне се­нім­діміз» деп атап өткен еді. Қазір­гі күні дәстүрлі діндер гуманистік идея­лардың сақтаушысы болып отыр. Адамзат баласын татуластыруда да дін қайраткер­лерінің ықпалы орасан. Біздің елімізде 100-ден аса ұлт және 18 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әр­қай­сысының өз тілі, діні, дәстүрі бар. Біз­дің бірлігіміз – барлық жетістігіміздің кілті, – деді ол.

Астана қалалық мәслихатының төр­а­ғасы Ерлан Каналимов елімізде діни сенім еркіндігіне кепілдік берілгенін атап өтті. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөз қанша ғасыр өтсе де өз мәнін жоғалтпай келеді. Қазақ жерінде бас қосқан барлық ұлт өкілі осы нақылды басшылыққа алып, бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін сақтап отыр. Рухани келісім – біздің баға жетпес байлығымыз. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуы жерімізді мекендеген халықтардың достығына тікелей байланысты. Белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар», деп атап өтті ол.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов рухани келісімнің еліміз үшін маңызын айта келе, бір апта бұрын ғана елордамызда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысы барысында көтерілген маңызды баста­маларға тоқталды. Сондай-ақ ол еліміз­дің дін саласында жүргізіліп жатқан келелі істер туралы кеңінен әңгімеледі.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мемлекет тарапынан түрлі дін өкілі қатысатын маңызды жиындарға, соның ішінде әлемдік діндер съезіне, басқа да халықаралық іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Өйткені халықты бірлікке шақыруда, өзара тү­сі­ністікке үндеуде дін қайраткерлерінің рөлі орасан. «Бұл бізден зайырлы мемлекет ретіндегі сипатымызды сақтай отырып, діни бірлестіктермен тығыз жұмыс істеуді талап етеді», деп атап өтті ол.

Өркениетаралық және конфессия­-­­аралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назар­баев орталығының басқарма төрағасы Бо­лат Сәрсенбаев жуырда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі хатшылығының отырысына тоқталып, 23 елден келген дін мамандарының әлем­д­егі бей­біт­­ші­лікті сақтауға үн қос­қан­ын атап өтті. «Бұл жиын­да Пре­зидент Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырысы­мен дайын­далған Әлемдік және дәстүр­­лі діндер көшбасшылары съезі­нің 2023-2033 жыл­дарға арналған даму тұжырым­дама­сын елімізде және шетелде кеңінен насихаттаудың маңыз­ды­­лы­ғы айтылды. Ғаламдық қа­терлер мен халық­аралық қауіпсіздік негіздері­нің шай­қалған заманында еліміз түрлі өрке­ниетті, мәдениет пен халықты жақындастыруда дін факторын алға тартуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар әлемдік діндер съезі түрінде өз тәжі­рибесін әлемге таратуға қа­дам жасайды. 20 жылдан бері үзбей өтіп келе жатқан осынау іргелі жиын арқылы еліміз өзара тіл табысу мен үн қатысудың үлгісін көрсетті», деді ол.

Халықаралық конференция барысында еліміздегі діни бірлестіктер өкілдері, БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Скендер Сыла, БҰҰ Даму бағдарламасының еліміздегі тұрақты өкілі Катаржина Вавьер­ниа, Үндістанның Қазақстан Респуб­лика­сындағы төтенше және өкілет­ті елшісі Нагендра Прасад, т.б. қонақ­тар сөз алып, ой-пікірлерін ор­таға сал­ды. Конференция жұмысы аяқ­талған­нан кейін Бейбітшілік және келісім сарайының «Опера» залында концерт өтті.