Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Іс-шараға қатысушылар қатарында ҮЕҰ көшбасшылары, қоғамдық кеңестердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың, өңірлік және ұлттық даму институттарының, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері, азаматтық белсенділер бар.
Форум жұмысын Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров ашып берді. Вице-министр өз сөзінде азаматтық қоғам Қазақстанның саяси-әлеуметтік жетістіктеріне зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттармен бүгін Астана төрінде қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі форумның тарихы тереңде жатыр. 2003 жылдан бері азаматтық саланың белсенділігі өте мықты дамып келеді. Бүгінгі жиынды өткізу мерзімі де маңызға ие. Алдымызда Республика күні келе жатыр. Баршаңызды осынау айтулы мейраммен шын жүректен құттықтаймын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамды дамытуға ерекше мән береді. Еліміз қол жеткізген жетістіктерге азаматтық сала өкілдерінің қосқан үлесі мол. Халық пен билік арасындағы алтын көпірді күш-жігерлеріңізбен, азаматтық ұстанымдарыңызбен жалғастырып отырсыздар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы басты қозғаушы күш те сіз деп айта аламыз», деді Д.Қадыров.
Вице-министр сондай-ақ Президент заң үстемдігіне ерекше мән беріп отырғанына тоқталды. Осы орайда спикер азаматтық қоғамды көптеген өзгерістің қозғаушы күші деп атап өтті.
«Әрбір заң жобасы алдымен қоғамдық талқылаудан өтеді. Көпшілігіңіз – сол заң жобаларын қарайтын жұмыс топтарына мүшесіздер. Өзгерістер мен ұсыныс жасайсыздар. Осындай еңбектің арқасында қабылданған заңдар бүкіл республика бойынша күшіне енеді. Сондықтан бұл тұрғыда еңбектеріңіз үлкен. Бүгінгі форум бұған дейін өңірлерде ұйымдастырылды. Көпшілігіңізбен сонда кездесіп, пікір алмастық. Сол іс-шаралардың жаңғырығы бүгін Астанаға жетіп отыр. Республика бойынша өткен форумдардың қорытындысы нәтижесінде ұсыныстар енгізіледі. Айтылған пікірлердің бәрі ескеріледі», деді Д.Қадыров.
Бұдан кейін Қазақстан Азаматтық альянсы басшысы Бану Нұрғазиева сөз алды. Спикер алғашқы форум жұмысы осыдан 20 жыл бұрын өткеніне назар аударды. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында әлеуетті азаматтық қоғам қалыптасқан.
«Қазіргі таңда біз өзгердік. Басқаша, мықты әрі кемел азаматтық қоғамға айналдық. Бүгін осы залда белсенді өмір салтын ұстанатын, қамқор жандар отыр. Еліміздің дамуына, әр үйдің береке-бірлігіне үлес қосып жүрген сіздерге шын жүректен алғыс айтамын. Еліміздің 20 өңірінде өткен аймақтық форум – Қазақстанның ХІ Азаматтық форумының басты ерекшелігі. Маған солардың бәрін көру бақыты бұйырды. Әрқайсысы лайықты деңгейде өтті», деді Б.Нұрғазиева.
Спикер өз сөзінде өңірлік іс-шараларға облыс әкімдері түгелге жуық қатысқанын атап өтті. Оның пайымдауынша, бұл – мемлекет пен қоғамның бірлігінің көрсеткіші. Сондай-ақ Б.Нұрғазиева азаматтық форумның екі жыл сайын өтетінін жеткізді. «Жиын қорытындысы бойынша форумға қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, елімізде азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың Жалпыұлттық жоспары қабылданады», деді Б.Нұрғазиева.
Азаматтық форум аясында халықаралық тренерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары, әлеуметтік жобалардың көрме-тұсаукесері, диалог алаңдары, қайырымдылық саласындағы Құрмет атағын, сондай-ақ республикалық қоғамдық сыйлықты табыстау өтеді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстанның стратегиялық мақсаты-әділ мемлекет құру үшін қоғамды біріктіруде мемлекеттің толыққанды және өзара тиімді серіктесі ретіндегі азаматтық сектордың рөлін айқындау.
Айта кетерлігі, қоғам қайраткерлерінің күшімен 2023 жылы облыс әкімдіктері мен ҰКП қолдауымен еліміздің 20 облысында өңірлік форумдар өткізілді. Солардың әрқайсысына алғаш рет өңір басшылары қатысып, әртүрлі тақырыптағы өзекті мәселелер көтерілді.
Ашылу салтанатынан кейін кезек панельдік сессияларға берілді. Алдымен «Орталық Азиядағы ОД мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін азаматтық қоғаммен өңірлік әріптестікті қалыптастыру» тақырыбында сессия өтті. Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында «Халықтық дипломатия – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиімді сыртқы саясатының кепілі» тақырыбы талқыланды.
Панельдік сессиялар «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» тақырыбында жалғасты. Күні бойы өткен форумның екінші бөлігінде «Азаматтық қоғам институттары: Әділетті Қазақстан құру жолындағы шоғырландыру» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» және «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу барысындағы өңірлік аспект» тақырыбында панельдік сессиялар өтті.
Жалпы, қазіргі таңда елімізде 258 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Соның ішінде республикалық деңгейде – 35, жергілікті деңгейде – 223 (облыстар, Астана, Алматы, Шымкент қалалары деңгейінде – 20, қалалар, аудандар деңгейінде 203 кеңес бар.
Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің құрамына 3 830 ел азаматы кіреді. Оның ішінде жергілікті өкілді органдар жанындағы кеңестерге – 3 251, орталық мемлекеттік органдар жанындағы кеңестерге – 456, квазимемлекеттік сектор субъектілері жанындағы кеңестерге – 123 адам мүше.
Сондай-ақ форум аясында «Азаматтық бастама аймағы» әлеуметтік жобалар көрмесі өтті. Онда ҮЕҰ қызметінің бағыттары бойынша неғұрлым табысты іске асырылған әлеуметтік маңызы бар жобалар көрсетілді.
Форум қорытындысы бойынша елімізде азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.