Мемлекеттік қызмет: мақсат және мансап
2020 СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЫ: ОҢТАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ НЕГІЗГЕ АЛҒАН ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жыл сайынғы жолдауларында мемлекетіміздің өткен уақыт аралығындағы іргелі істерінің нәтижесін қорытындылап, мемлекет алдында тұрған маңызды тапсырмаларды айқындап келеді. Әр Жолдаудың ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналып жүргендігі де сондықтан.
Қазақстан қоғамы үшін стратегиялық мәні зор биылғы Жолдау да алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызды толығымен қамтиды. Ол “Қазақстан – 2030” Стратегиясының алғашқы онжылдығын қорытындылап, ел дамуының келесі онжылдық жоспарына қадам басуын айшықтап отыр. Бұл орайда Елбасы Ұлттық көшбасшы ретінде Қазақстан қоғамының күшін ел дамуындағы нақты мақсат-міндеттерді орындауға бағыттады. Аталған тапсырмалардың жүзеге асу мүмкіндігі зор, өйткені, оларды орындауға Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері де, адам ресурстары да жеткілікті.
Өткен он жыл ішінде қабылданған стратегиялық шешімдер елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Мұндай жетістікке еліміз “Қазақстан – 2030” Стратегиясындағы басымдықтардың бірі – кәсіби үкімет құруды жүзеге асыру арқылы қол жеткізді. Аталған стратегиялық тапсырма Қазақстанда мемлекет қызметін тиімді іске асыра алатын қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет құруды қарастырады. Осы орайда Қазақстан 1990-жылдардың соңынан бері мемлекеттік қызмет жүйесіне оң ықпал еткен кешенді әкімшілік реформаларды жүзеге асырған болатын. Бұл орайда өткен жылдарда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылып, “Мемлекеттік қызмет туралы”, “Жемқорлыққа қарсы күрес туралы”, сондай-ақ “Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі” секілді бірқатар маңызды заңдар қабылданды.
Осындай әкімшілік реформаларды тиімді жүргізудің арқасында бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің оңтайлы моделін қалыптастыру мүмкін болып отыр. Талаптарды орындау тұрғысынан ол шетелдік баламалардан кем түспейді. Бұған қоса, келешек даму жолында да мүмкіндіктері зор. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың бағалауынша, осы салада қазақстандық заңнамалар халықаралық стандарттарға біршама жақындай түскен.
Мұның басты көрінісі – елімізде мемлекеттік қызметке орналасудың конкурстық негізде жүзеге асырылуы. Ата Заңымызға сәйкес еліміздің әрбір азаматы еш кедергісіз мемлекеттік қызметке орналасудың заңды құқығына ие. Аталған қағида тең қолжетімділік ұстанымы деп аталады.
Сондай-ақ, Қазақстанда саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резерві жұмыс істейді. Басқарушы саладағы мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан негізсіз шығарылуына жол бермеу заңмен қорғалады. Мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселесіне де баса назар аударылады. Біліктілігімен көзге түскен мамандарды қызмет бабымен өсіру қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік органдарымыздың жұмысын анағұрлым айқын етіп, мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Бүгінде кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесін бір жүйеге келтіріп, тұрақты негізде жүзеге асырмайынша, мамандарымыздың кәсібилігіне қол жеткізудің мүмкін болмайтыны белгілі. Бұл мәселемен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі айналысады. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкерлер қатары “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандармен толыға түсуде.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар жылдан жылға қатаңдай түсуде. Мәселен, қазіргі ақпараттық қоғам дәуірінде мемлекеттік қызметкерлердің ақпараттық технологияларды меңгерулеріне баса назар аударылады. Жұмыстың этикалық бөлігіне де ерекше мән берілуде. Әрбір мемлекеттік қызметкер азаматтардың талап-тілектерімен жұмыс жасай біліп, мәселенің мән-жайын анықтап, өз құзыреті аясында оның шешімін табуға бар күшін жұмсауы тиіс. Мұнымен қатар, қызмет бабында мемлекеттік қызметкер тек мемлекет пен қоғам мүддесін жетекшілікке алып, кез келген жағдайда отансүйгіштік, саяси бейтараптық және заңға бағынушылық қасиеттерімен танылуы керек.
Әрине, мұндай талаптар мемлекеттік қызметкерлер үшін осыдан он жыл бұрын да маңызды болатын. Ал дамуымыздың жаңа кезеңінде бұл талаптар аса ерекше мәнге ие бола түседі.
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
Алдағы 10 жыл Қазақстанның ілгері дамуы мен жаңа бағыт-бағдарының шарықтаған кезеңіне айналары сөзсіз. Осы орайда мемлекет рөлі нығая түсіп, мемлекеттік басқару сапасының артуына ерекше мән берілетін болады. Сол себепті “2020 Стартегиялық даму жоспарында” да оны реформалаудың басты бағыттары айқындалған. Мемлекеттік аппарат халықаралық тәжірибенің тиімді тұстарын жинап, жұмыс барысында нәтижелілік, ашық болу және қоғамға есеп беру сынды маңызды қағидаларға негізделуі тиіс.
Бұл заңды құбылыс, себебі, жаңа онжылдық экономикасын жоғары кәсіби әрі құзыретті кадрлар құрайтын болады. Стратегиялық жоспардың басты ділі де осылайша танылуда. Бұл орайда, біз мемлекеттік қызметке нағыз кәсіпқой мамандарды тартуымыз керек. Елбасымыз біздерге осындай міндет жүктеп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа онжылдық тапсырмаларын орындау барысында кәсіби біліксіздік салдарынан жұмыстың тежелуіне жол бермеу керек. Керісінше, осы уақытқа дейін шыңдалып келген басқару тәжірибемізді жоғары сапалы деңгейге шығаруымыз қажет. Бұл – мемлекеттік басқару саласындағы ділімізді қалыптастыруда адам мүмкіндігінің артықшылығын мойындауға бет бұру деген сөз. Бүгінде мемлекеттік қызметкердің жеке басының іскерлік, зияткерлік және адамгершілік қасиеттерінің рөлі мен маңызының күннен күнге артып отырғанын қаперде ұстаған жөн.
Аталған екі фактор – адам мүмкіндіктері мен мемлекеттік басқару сапасы арасында екіжақты тығыз байланыс бар. Ол төмендегідей жағдайларда көрінеді. Тек жоғары кәсіби кадрлар арқасында ғана мемлекеттік институттар жұмысының тиімділігін арттыруға қол жеткізуге болады. Және де сәйкесінше, мемлекеттік басқару тиімділігінің артуы адам мүмкіндіктері сапасының жоғарылауын айқындайтын бірден-бір көрсеткіш болып табылады. Мемлекеттік шешімдердің уақтылы әрі дұрыс болуы осы екі құраушы негіздің сәйкес келуіне тікелей байланысты.
Және де осы қағидаттың санамызда анағұрлым жылдам қалыптасуы еліміздің даму қарқынына игі ықпалын тигізетінін айта кеткен жөн.
КӘСІБИЛІК – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
2020 Стратегиялық жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметті реформалау оны кәсібилендіруге ұштасады. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың басты бағыттары қалыптасқан.
Мемлекеттік қызметтің өкілдерін басқару жүйесі мемлекеттік қызметті атқару кезеңдеріне – конкурстық іріктеуден бастап, қызмет бабымен өсу барысында әр кезеңге сай құрылатын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібін жетілдіру бойынша қосымша қажетті шаралар қабылданады. Ол конкурстық іріктеу жүйесіне белгілі жаңашылдықтарды енгізуді қажет етеді. Бұл орайда, өткен онжылдық тәжірибеміз бен бүгінгі өмір шындығын ескеруіміз керек.
Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби тұрғыда жетілдіру жүйесін дамыту да кеңейіп отыр. Мәселен, әр қызметкердің бір жылға арналған жеке басты даму жоспарын енгізу ісі қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер жұмысының нәтижесі, оларды аттестаттау, арнайы оқу бағдарламаларын іріктеу, лауазымдық жоғарылау болжамы сынды бар жағдайлар ескерілетін болады. Әрбір мемлекеттік қызметкерді оқыту шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс, яғни ол жаңа білім алып, қабілеттілігін арттыру кәсіби жолының әр кезеңін қамтуы міндет.
Аталған жағдайда маңызды рөл мемлекеттік органдардың кадрлар қызметіне тиесілі. Кадр қызметі жұмысына ортақ талаптар енгізіп, оларды кадрлық менеджмент қызметіне бөлу керек. Өзге сөзбен айтқанда, біздің кадрмен қамтамасыз ету қызметіміз тек кадр есебін жүргізіп қана қоймай, өз ведомстволары шеңберінде кадрларды толыққанды басқаруы тиіс.
Мемлекеттік қызметкерлердің мансабын жоғарылату жолында оларды ағымдағы жылдың қаңтар айында Президент алға тартқан орталық-аймақ желісі бойынша ротациялау іс-шарасы жүзеге асырылып отыр. Қазірде мемлекеттік орталық және аймақтық орындаушы органдар арасында жүргізіліп жатқан ротация ел үшін аса маңызды. Елбасы атап өткендей, елдің индустриялық-инновациялық дамуы бағытындағы барлық тапсырмаларды орындау барысында негізгі ауыртпалық аймақтардың еншісіне тиесілі болатындықтан, облыстарымызды кадрлар тұрғысынан бекемдеуіміз керек. Бүгінде көпшілік аузында жүрген аталмыш ротацияның негізгі мәні осында жатыр.
Мемлекеттік қызмет кадрларын ротациялау шарасы көптеген елдерде тиімді қолданылып келеді. Мәселен, Финляндия үкіметі “Ротацияны жүзеге асыру стратегиясы” жобасын қабылдап, осыған сай 2015 жылға дейін 4 мыңнан 8 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді аймақтарға ротациялауды жоспарлап отыр. Сол сияқты, ротацияның мемлекет аппаратының қызметіне оң ықпал ететініне көз жеткізетін бірқатар мысалдар келтіруге болады. Бір орында ұзақ қызмет атқару мемлекеттік қызметкерлердің еңбекке деген ынтасының бәсеңдеуіне әкелетіні белгілі. Бұған қоса, қызметкер көзқарасы да қызмет аясымен шектеліп, біліктілігін жаңа басқару әдістерімен жетілдірмейтіні ақиқат. Жаңа қызметке ауысу екі жақтың ахуалын салыстырып, жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндігін туғызады.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТҰТЫНУШЫЛАРЫ
Біздің мемлекетіміз бүгінде мемлекеттік қызмет тұтынушыларының мүддесіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы үлгісін құрауда. Бұл орайда, Елбасы “Жыл сайынғы орталық мемлекеттік және облыстар, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі туралы” қаулыға қол қойған болатын. Аталған құжатқа сай, Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету және персоналды басқару бағыттары бойынша орталық және жергілікті атқару органдары қызметінің тиімділігіне баға беретін болады.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгінгі деңгейін анықтау барысында қызметтің сапасы, оның уақытында орындалуы, қолжетімділігі, шағым беру шарасы, қызметкерлердің кішіпейілдігі, электрондық пішімде көрсетілуі сынды тұстар қаперге алынады. Қызмет сапасын бағалауда мемлекеттік қызмет көрсету тұтынушылары арасында әлеуметтік сауалдама жүргізіліп, санақ мағлұматтары пайдаланылатын болады. Сауалдама жүргізу жұмысына дербес сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Бұл – көпшілік мақұлдаған әлемдік тәжірибе.
2009 жылы Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету сапасын анықтау бағытында әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу аясында сондай-ақ БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері арасында сауалдама жүргізілді. Оның қорытындыларына жүгінер болсақ, азаматтардың мемлекеттік мекемеге хабарласуы барысында қағазбастылыққа жиі ұшырайтыны айқындалып отыр.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру талаптарының бірі ретінде мемлекеттік қызметкерлердің ділінің өзгеруін ескерген маңызды. Іс жүзінде мемлекеттік қызметке тұрған соң, қызметкер мемлекет атынан азаматтарға қызмет көрсетуге тиісті. Азаматтар мемлекеттік қызметкерлер еңбегін төлеушілері бола тұра, соңғыларынан сапалы қызмет көрсетуді талап етуге құқылы.
Осы тапсырманың сауатты орындалуы азаматтардың мемлекеттік қызметкерлерге деген сеніміне тікелей ықпал етсе керек. Аталмыш сенім мемлекеттік қызметкерлер жұмысының қоғамдағы беделін де айқындайды. Оң бедел деген ұғымды күштеп телуге болмас, оған тек лайықты болу шарт. Сол себепті мемлекеттік қызметтің оң беделі мемлекеттік органдардың халыққа көрсететін қызметінің сапасына тікелей байланысты.
Мамандарды басқаруды бағалауға келер болсақ, бұл орайда оларды іріктеу, оқыту, біліктілігін жетілдіру, ынталандыру және әдеп талаптарын орындауы мен сыбайластық деңгейін ескеру қаперге алынады. Жұмыс барысында мемлекеттік қызмет персоналын сараптау, мемлекеттік орган мамандары арасында жүргізілген сауалдама қорытындылары мен сыбайластық құқық бұзушылық және Ар-намыс кодексін бұзу көрсеткіштері негізге алынатын болады.
Осылайша, аталған қаулы күшіне енген сәттен бастап мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру бағытында қосымша тетіктер іске қосылды. Бұлардың барлығы еліміздегі мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жолындағы үлкен жұмысқа жаңа дем беретініне сенімдімін.
Жалпы, мемлекеттік қызмет жеке-дара бөлек дүние емес. Керісінше, ол – мемлекеттік басқару жүйесінің өзегі, елдің мемлекеттілігін қамтамасыз етіп, нығайтатын дәнекер. Бүгінде қазақстандық мемлекеттік қызмет бұл саладағы серпінді реформаларымен сипатталуда. Мұны бірқатар шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Сөйте тұра, бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметті жетілдіре түсу жолдары мен жаңа тәсілдерін қарастырып, іске асыру қажет. Бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлап, батыл қадамдарға бару керек. Сол жағдайда ғана Елбасымыз “2020 – Стратегиялық жоспары” шеңберінде алға қойған тапсырмалар ұтымды жүзеге асатын болады.
Қайрат НҰРПЕЙІСОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы.