Балалар ақыны Нұрлан Қалқаның бұл кітабы – ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Балаларша ойлау, олардың рухани сұранысын қанағаттандыру үшін, қазақ сөзіне қызықтыру үшін түрлі жанрларды қамтыпты. «Атамұра» баспасынан биыл ғана шыққан «Жыл – он екі ай» жинағына мектепке дейінгі тәрбие жасындағы балдырғандарға немесе бастауыш сынып оқушыларына арналған өлеңдер, санамақтар, жұмбақ, жаңылтпаш, мысалдар топтастырылған. Сонымен қатар бір шоғыр толғаулар мен балладалар жоғары сынып оқушыларына арналыпты. Туған жерді сүю, көпшіл болу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренуге үндейтін тақпақтардың тілі жеңіл, ұғынықты.
«Өз қылығың тәтті ғой,
Кәмпит құртар тісіңді.
Терең таным, сәтті ой,
Алға апарар ісіңді», –
дейді ақын.
Мұнда әр әріпке бір шумақ тақпақтан жазып, әліпбиді түгендеп шығыпты. Санамақ бірден онға дейін, әр санға – бір шумақтан. Бірінші бөлімі аты айтып тұр: «Балабақша – таным шамшырағы», екінші бөлім – «Мектеп – білім шаңырағы» аталады. «Жыл – он екі ай», «Жыл мезгілдері» өз алдына бөлек. «Мемлекеттік мерекелер» де ұмыт қалмапты. Үшінші бөлім – «Таным. Тағылым. Тағзым», жоғары сынып оқушыларына лайықталған өлеңдер.