Хоккей • 19 Қазан, 2023

«Барыс» сүреңсіз сүрлеуіне қайта түсті

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті тур ойын Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен өткізді.

«Барыс» сүреңсіз сүрлеуіне қайта түсті

Сырт айдындағы ойындар сериясын Ресейдің Тольятти қаласында бастаған жер­лестеріміз алғашқы кездесуінде-ақ сәтсіз­дікке ұшырады. ҚХЛ-ға биыл ғана орал­ған жергілікті «Лада» хоккейшілерімен шеберлік байқасқан «Барыс» ойыншылары қар­сыластарына 2:1 есебімен жол берді. Төрт мыңнан аса жанкүйер тамашалаған «Лада-Арена» спорт кешеніндегі тартыс­ты бәсекенің есебін бірінші болып айдын иелері ашты. Ойынның 6-минутында Иван Ро­манов мергендік танытып, жергілікті жан­күйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Үзілістен кейін де айдын иелері қарқынын бір сәтке де бәсеңдетпей, 33-минутта Остап Сафиннің шайбасынан кейін есептегі ба­сымдығын 2:0-ге жеткізді. Арадан төрт минут өткенде «Барыс» сапынан Понтус Оберг дәл соққысымен есеп айырмасын қысқартқанымен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Қорытынды есеп – 2:1. Бұл – «Барыстың» кейінгі үш ойындағы үшінші жеңілісі. Біздің жігіттер келесі ойынын бүгін Сочиде жергілікті «Cочи» командасымен өткізеді.