Аймақтар • 20 Қазан, 2023

«Достықта» автономды трамвай жүреді

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Трамвай көлігі жайында сөз қозғала қалса, Павлодар қаласы алғашқы болып ауызға ілігері анық. Бүгінде шаһар рәмізінің біріне айналып үлгерген рельсті көлік экологиялық жағынан да тиімді. Алдағы уақытта қаланың шеткері шағын аудандарына да автономды трамвайлар жүре бастайды.

«Достықта» автономды трамвай жүреді

Павлодар қаласындағы трам­вай жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 90 шақырымды құрайды. Көлік кәсіпорнының иелігіндегі 111 вагон жолаушыларға үзбей қызмет көрсетіп, ұйым ендігі арада жаңа бағыттарды ашуға талпы­нып отыр.

Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде жаңадан салынып жат­қан «Достық» шағын ау­данына келер жылы трамвай көліктері қатынай бастауы мүмкін. Бұл үшін аумаққа электрлі байланыс желілерін ұстап тұратын бетон бағандар салудың қажеттілігі жоқ көрінеді. Трамвай паркінің хабарлауынша, аталған бағытта автономды түрде жұмыс істейтін вагондар жолға шығады.

Рельсті көліктің жаңа тарма­ғы Назарбаев даңғылынан ЖЭО жолы арқылы қозғалып, Ла­дожская көшесін басып өтеді. Ва­гон­дардың жалпы арақа­шықтығы 7 минутты құрамақ. Трамвай жо­­лын ұзарту жобасы шамамен 2 млрд теңгеге бағаланып отыр. «Трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Мах­­му­довтың айтуынша, жаңа тар­мақтың құрылысы келер жылы басталуы мүмкін. Ол небәрі 9 ай­ға ­созылады деп жоспарланған. Барлығы сәтті жүзеге асса, жаңа бағыттағы рельсті жол қала билі­гінің иелігіне беріледі.

«Достық» шағын ауданына жолаушыларды жеткізу үшін жаңадан автономды түрде жұмыс істейтін 20 трамвай сатып алу көзделген. Трамвайлар қуатталған аккумулятордың көмегімен жылжитын болады. Электр бағандары мен сымдардың қажеті жоқ. Мұндай автономды трамвайларды іске қосу шаһардағы келешегі зор жаңа желілерді өміршең етуге мүмкіндік береді. Мысал үшін, Екінші Павлодар мен Усолка шағын аудандарында жаңа тар­мақтар пайда болуы ғажап емес. Егер көзделіп отырған жоба­дан қаржы үнемделсе, жаңа тар­мақтар салынады» деп жазылған басқарманың хабарламасында.

Екінші Павлодар шағын ау­да­нында трамвай жүргізу – көптен бе­рі қозғалып келе жатқан мәселе. Себебі бұл аумақтағы тұрғындар автобус маршруттарының азды­ғына және олардың межелі уа­қы­тынан көп кешігетініне жиі шағымданады. Әсіресе қыс мезгілінде проблема көп туындайды. Егер трамвай тармағы салынса, жолаушылардың жүріп-тұруы жеңілдей түсер еді. Қазіргі күні Назарбаев даңғылы,  Естай, Малайсары көшелері арқылы шағын ауданға жаңа рельсті жол салу көзделіп те отыр. Жаңа тармақ Российская көшесі арқылы айналып, Нұрмағамбетов көшесіне түседі де, Теміржол вокзалына келеді. Осылайша, қа­ланың шығыс аумағында рельсті жолдың толық циклі пайда болуы мүмкін. Жобалаушылар бұған балама ретінде Геринг және Сұрағанов көшелерін де ұсынады. Қала билігі бұл екі жобаның қайсысы қаржы жағынан тиімді болады деп ойланып отырғандай.

Еліміз бойынша трамвай санаулы ғана шаһарда сақталып қалған. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Павлодар қаласындағы трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрам­дарды жаңартуды жеделдету қажеттігін тапсырған еді. «Ме­нің­ше, Павлодарда трамвайды сақ­тап қалу қажет. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар са­тып алу керек шығар. Бірақ трам­вай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамы­ған қаласында трамвайлар кедер­гісіз жүреді. Бұл – жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», деген еді Президент.

Трамвай паркі алдағы уақытта жаңа жол тармақтарымен қоса, жаңадан 70 трамвай сатып алуды жоспарға енгізді.

 

ПАВЛОДАР