Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің айтуынша, жол-көлік оқиғаларына әсер ететін бірнеше себеп бар. Біріншіден, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің дені жол қозғалысы ережелерін сақтамайды. Екіншіден, жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де қырағылық пен сақтыққа мән бермейді. Үшіншіден, жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырады. Төртіншіден, басып озу ережесін өрескел бұзады. Осындай себептердің салдарынан адам өліміне ұрындырар жол-көлік оқиғаларының саны азаймай тұр.
«Жыл басынан бері тасжолдарда жылдамдық режімін сақтамаған 14 051 көлік жүргізушісі анықталды. Ал 521 жүргізуші алдындағы көлікті басып озу қағидасын бұзған. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыстық, республикалық маңызы бар тасжолдарда көлік қозғалысын ұдайы қадағалағанына қарамастан жүргізушілер тарапынан осындай құқық бұзушылық тіркеліп отыр. Сол себептен, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жолда жүру ережесін қатаң сақтауды ескертіп келеміз. Өйткені жол ережесін сақтау – діттеген жерге аман жетудің кепілі», дейді Әділбек Шахметов.
Басып озу ережесін өрсекел бұзатындар қатарында шетелдік жүргізушілер де бар. Сондай жүргізушінің бірі – Өзбекстан Республикасының азаматы.
«Біз «Белсенді азаматтар 06» Telegram чатын құрған едік. Осы чатқа республикалық маңыздағы «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тасжолында басып озу ережесін өрескел бұзу дерегіне қатысты видео-ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері сол ақпаратта көрсетілген «Chevrolet» автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде 1997 жылғы шетел азаматының 2020 жылы сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда ол 2021 жылы Өзбекстан Республикасынан жалған жүргізу куәлігін жасатып, көлік руліне заңсыз отырғаны анықталды», деп мәлім етті Ә.Шахметов.
Жолда жүру ережесін бұзғанымен қоймай, айыппұлын төлеуге мән бермейтін жүргізушілер де бар. Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі, полиция майоры Дәурен Нәсиполланың айтуынша, «Қорғау – қауіпті жүргізуші», «Сергек» ақпараттық жүйесінің көмегімен қыркүйекте 490 әкімшілік құқық бұзу дерегі тіркелген.
«Қыркүйек айында айыппұлын төлемеген 1 092 автокөліктің жүргізушісі анықталды. Оның ішінде 131 көлік айыппұл өндірілгенге дейін арнаулы тұраққа қойылды. Ал 900-ге жуық көлік жүргізушісі айыппұлын ұсталған жерде жедел төледі. Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері кешкі сағат 18:30 шамасында «Interceptor» іздеу жүйесі арқылы «Hyundai» автокөлігін анықтады. Бұл көлік Грузия Республикасында тіркелген. Полиция қызметкерлері тексеру кезінде көлік жүргізушісінің 330 мың теңгеден асатын 20 айыппұлы бар екені анықталды. Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 785-бабына сәйкес хаттама толтырылды», дейді Дәурен Нәсиполла.
Облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің дерегіне сүйенсек, жол бойында жүрген төрт түліктің кесірінен тоғыз айда 111 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сондай жол-көлік оқиғасының бірі 11 қазанда түнгі сағат 23:50 шамасында «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолының 577-шақырымы тұсында болған. Жылқыны қаққан «Lada Largus» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы әртүрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді.
Осындай тағы бір оқиға 14 қазанда тіркеліп отыр. Жергілікті уақытпен сағат таңғы 06:45 шамасында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолының 352-шақырымы тұсында «Toyota Ipsum» автокөлігі 15 қойды қағып кеткен. Тексеру кезінде 1969 жылғы ер адамның иелігіндегі қойын тасжолдан өткізбек болғаны анықталды. Соған байланысты мал иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабымен хаттама толтырылып, әкімшілік жауапқа тартылды.
«Toyota Ipsum» автокөлігі Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылынан Атырау қаласына бағыт алған. Аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушісіне Миялы ауылынан шығар кезде жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескерткен екен. Алайда көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің ескертуін елемегенге ұқсайды.
«Үй жануарларының кесірінен тіркелетін жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі мезгілде болады. Себебі түнде автокөлік жүргізушілері алыс жарық фарын өзіне қарсы жүріп келе жатқан автокөлік әбден жақындағанша өшірмейді. Соның салдарынан жүргізушінің көзі фарға шағылысып, жол үстінен өткен малды көрмей, соқтығысып жатады. Егер мал өтуге арналған белгісі орнатылған аумақта бақташы болған кезде үй жануарын қағатын болса, онда кінә жүргізушіге артылады. Жолдың мал айдауға арналған белгісі жоқ тұсында және бақташы болмаған жағдайда жауапкершілік үй жануарының иесіне жүктеледі. Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабымен (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) 583 адам жауапкершілікке тартылды», деді Әділбек Шахметов.
Атырау облысы