Спорт • 20 Қазан, 2023

Астанада Денисті еске алады

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2-4 қараша күндері елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы Универсиаданың жеңімпазы, еліміздің даңқты мәнерлеп сырғанаушысы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық «Denis Ten Memorial Challenge» турнирі өтеді.

Астанада Денисті  еске алады

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметі бойын­ша, Халықаралық конькишілер одағының (ISU) «Челленджер» санатына енетін Денис Тенді еске алуға арналған биылғы жарысқа жер-жаһанның 25 елінен келетін 130-дан аса дарынды спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, олардың қатарында кейінгі жылы халықаралық жарыстарда тәуір нәтиже көрсетіп жүрген отан­дасымыз, ел біріншілігінің бірнеше дүр­­кін чемпионы Диас Жиренбаев, 2017 жылғы Еуропа жастар Олимпиадасының қола жүлдегері және 2020 жылғы жас­өспі­рімдер арасындағы әлем чем­пио­натының қатысушысы грузиялық Ника Эгадзе, 2021 жылғы «CS Warsaw Cup» турнирінің чемпиондары – Диана Дэвис пен Глеб Смолкин (Грузия), эстониялық талантты спортшы Арлет Леванди және тағы басқа мәнерлеп сырға­наушылар бар. Сонымен қатар бұл додада даңқты жаттықтырушы Этери Тутберидзенің Николай Морозов, Рос­тислав Синицын және Марина Зуева сияқты шәкірттері де өнер көрсетеді.

Турнир ережесі бойынша спортшылар өзара жекелей сын (ерлер, әйелдер) мен мұзда билеу сайыстарынан үздіктерді анықтап, ISU рейтингінде жағдайларын жақсарту үшін қажетті ұпайларын жинауға тырысады. Сонымен қатар жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақыға да ие болады.

Жарыс бағдарламасы бойынша, турнирдің соңғы күнінде мәнерлеп сырғанау спортының жанкүйерлері әлемдік деңгейдегі спортшылардың қатысуымен Денис Теннің туғанына 30 жыл толуына орай үлкен гала-шоудың куәсі болады. Бұл кеште 2003 жылғы әлем чемпионы, төрт құрлық біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы канадалық Ше-Линн Бурн, бірнеше маңызды турнирдің жүлдегері франциялық Мари-Пьер Лере және Денис Тен академиясының талантты түлектері де өз өнерлерін ортаға салады.

Биыл төртінші мәрте өткелі жатқан Денис Тенді еске түсіруге арналған ISU бағдарламасына енген халықаралық турнир 2019 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл сайыстың тұсауы алғаш рет Денис туып-өскен Алматы қаласында кесілсе, кейінгі жарыс 2021 жылы Астанада ұйымдастырылды. Ал былтырғы турнирді Алматы қаласы қайта қабылдаған еді. Жарысты ұйымдастырушылар биылғы бәсекені Астанада өткізуді жөн санаған екен.

Былтырғы Алматыда өткен додада ұлттық құрама спортшыларынан жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда тек грузиялық Ника Егадзеге есе жіберіп, екінші орынға табан тіреген еді. Ал әйелдер арасында кореялық Минче Ким ешкімге дес бермесе, қыздар сайысында 16 жастағы отандасымыз Анна Левковец те жалпы есепте екінші орынға тұрақтап, турнирдің күміс жүлдегері атанған.

Осы орайда Денис Тен «ISU Challenger» сериясындағы турнирлерде 3 мәрте жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Даңқты жерлесіміз 2009, 2014 және 2015 жылдары Хорватияда өткен «Zlatna pirueta Zagreba» (Golden Spin of Zagreb) турнирінде бас жүлдені жеңіп алған еді.

«ISU Challenger Series» турнирлері 2014 жылдан бастап қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Бір айта кетерлігі, Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жыл сайын «Челленджер» санатындағы жарыстар тізімін қайта бекітіп отырады.