2022 жылы көктемде Жанат есімді азамат ортақ таныстары арқылы бір бойжеткенмен танысады. Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты әрі қарай жалғастырудан бас тартқан. Алайда осыған қарамастан жігіт қызды үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдайды. Биыл ақпан айында Таразға келген ол досы екеуі жоспар құрып, қызды көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысады. Алайда қыздың көмекке шақырған даусын естіген көршілері полицияға хабарлайды. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, күдіктілерді сол жерде ұстап әкетеді. Кейіннен бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 21 қыркүйекте сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Айта кету керек, қыз алып қашу – қазақтың көне салты дегенімізбен, егер ол қыздың еркінен тыс болса, заң бойынша адам құқықтарын және бостандық пен теңдіктің негізгі қағидаларын бұзу болып саналады. Бұл ауыр қылмыс қатарына жататындықтан, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалатынын ескерген жөн.
Осыған орай, жуырда Шымкент қалалық прокуратурасында «алып қашуға» қатысты жағдайлар талқыланған жиын өтті. Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мұндай фактілер өңірде әлі де азаймай отыр. Мәселен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тіркелген. Алайда жыл басынан бері бірде-бір жағдай болмаған.
Прокуратураның мәліметінше, осы оқиғалардың барлығында қозғалған қылмыстық істер сотқа дейін жетпеген. Себебі қалыңдықтар «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімізбен келдік деп арыз жазғандықтан, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда, өкінішке қарай, кейбір жас қыздарды үйіне қайтуға ұят болады деп, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлейтін көрінеді. Ғабит Мұқанов өмірлік ақ неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек екенін ескерте келе: «Алып қашу – қате шешім. Біз жастарға жауапкершілік пен ақ некені насихаттауымыз керек», деген ойын білдірді.
«Көбіне-көп алып қашу әрекеттерін үйленетін жігіттің өзі ғана емес, қасындағы достарымен бірлесіп жасайтыны белгілі. Егер жағдайдың арты қылмыстық іс қозғауға алып баратын болса, тек қызды әйелдікке алғысы келген жігіт қана емес, оның қасындағы көмекшілері де ауыр жазаға тартылатынын көбі түсінбейді», дейді прокурорлар.
«Қыз алып қашуға байланысты әрекеттер мән-жайларға байланысты адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айыру (Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көздеген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым берген-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады», деді Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов.