Дені сау, білімді ұрпақ – ел болашағы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін, дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейгенін атап өтті. «Қазір олардың табысы – еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», деді Президент денсаулық және білім саласындағы атқарылған жұмыстарға ерекше тоқталып.
Жолдауда айтылған баянды бастамалар, нақты міндеттемелер Түркістан өңірі халқынан қолдау тауып, іске асыру мақсатындағы жұмыстар қолға алынды. Мысалы, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты назарға алынып, ауылдарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілді. Қазығұрт және Ордабасы аудандарында үш-үштен фельдшерлік-акушерлік бекет, Сарыағаш ауданында – үш, Отырар ауданында бір дәрігерлік амбулатория құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Жалпы, Түркістан облысын толық зерделеп, елді мекендерге 122 медициналық нысан салу қажеттігі анықталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2024 жылға 49 медициналық нысан салу жоспарланған. Оның жалпы сметалық құны –11,5 млрд теңге. Қалған 73 елді мекенде денсаулық сақтау нысандары жаңартуды қажет етеді. Киелі шаһарға қоныстанушылардың күрт көбеюіне байланысты Түркістан қаласында 570 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыста 2024 жылдан бастап 184 млрд теңгеге 6 заманауи нысан салынады. Оның төртеуі – 2026 жылы, перзентхана – 2025 жылы, Сарыағаштағы аурухана 2027 жылы пайдалануға берілмек. Ауыл тұрғындарын шұғыл медициналық көмекпен 100% қамту мақсатында таяу жылдары шалғай ауылдардағы 1,6 млн адам жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бүгінде облыс бойынша 5 481 білікті дәрігер, 19 116 орта буынды медициналық қызметкер тұрғындардың қызмет көрсетіп жатыр. Бейінді дәрігерлерге деген тапшылық бары жасырын емес. Бұл тапшылықты жою мақсатында биыл жергілікті бюджет есебінен алғаш рет резидентураға 60 грант бөлінді.
«Жайлы мектеп» жобасымен 63 мектеп салынады
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы 32 жасты құраса, ел тұрғындарының үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану», деді. Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында жас ұрпақты балабақшамен, жайлы мектеппен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Бұл орайда 2-6 жастағы балаларды мектепалды топтарда қамту көлемі 98,5% болып отырғанын айта кетелік. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 77,1%-ын жекеменшік ұйымдар құрайды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне сәйкес мемлекеттік тапсырыс көлемі биылдан бастап ауылдық жерде 44%-ға, қалалық жерде 38%-ға өскені байқалды. Облыс аумағындағы 1 025 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, ондағы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 білім ұясы салынады. Оның 63-і – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, 3 мектеп – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен – 21 және жемқорлық қаражат есебінен 9 мектеп салынбақ. Биыл 33 мектептің құрылысын жүргізуге 23,8 млрд теңге қаржы қаралып, 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның бесеуі қазіргі таңда пайдалануға берілді. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Үш ауысымды мектептер саны өңірде бесеу болса, 6 апаттық жағдайдағы мектеп бар. Қазіргі таңда үш ауысымды бір мектептің құрылысы Мемлекет басшысының «2021-2025 жыл аралығында 1 000 мектеп салу» бағдарламасымен жүргізіліп жатыр, бұл жыл соңында пайдалануға беріледі. Екі апатты мектептің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қалған апатты мектеп бойынша құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Айта кетелік, 1939-2011 жылдар аралығында пайдаланылуға берілген 121 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл үшін қажетті қаржы көлемі – 88,8 млрд теңге. Осы орайда 51 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 302 млн теңге қаржы бөлінген, күрделі жөндеу жұмыстарына 37 млрд теңге қажет. Қалған 70 мектептің күрделі жөндеуіне ЖСҚ әзірлеуге 2024-2025 жылдары облыстық бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасына 5,9 млрд теңге бөлінді. Мектептерде 12 067 бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ мектептерде турникеттер орнатылып,
дабыл батырмасымен қамтылды. Көптеген мектептің қоршаулары жаңартылып, лицензияланған күзет қызметіне өтті.
Өңірдегі 1-4 сыныптың оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен 6,2 млрд теңге қаралды. Яғни бүгінде 187 мыңнан аса оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Мемлекеттік 907 мектептің 505-інде талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы
20 Мбит/с-тан жоғары интернет желісі бар. Шекара маңында және таулы аумақтарда орналасуына байланысты 263 мектеп интернетке радиокөпір технологиясы арқылы қосылған. Ал интернет мәселесі 139 мектептің 84-інде биыл шешімін таппақ. Тиісті министрлікпен жасалған келісім шеңберінде келесі жылы 200 дана старлинк сатып алынып, мектептерді интернетпен қамту мәселесі толық шешіледі.
Қазіргі таңда өңірдегі 52 колледжде 40 836 шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары, кәсіби шеберлік конкурстары өткізіліп, шетелдік колледждермен ынтымақтастық іске асырылуда. Яғни сөзіміздің басында айтып өткен адамның денсаулығы, білімі, қабілеті, еңбек өнімділігі мен сапасына, оның иесінің табыс мөлшеріне әсер ететін инвестициялар арқылы жеке адамның туабіткен немесе жинақталған қоры – адами капиталды дамыту бағытында осында игі істер атқарылып жатыр.
Мәдениет саласына – мемлекеттік қолдау
Түркі әлемінің рухани астанасына лайықты болуы үшін Түркістан өңірі мәдениетінің жоғары деңгейде дамуы маңызды. Қазіргі таңда облыста 689 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Мәдениет және өнер ұжымдары заман талабына сай жабдықталып, халыққа қызмет көрсетудің тың мүмкіндіктерін пайдалануда. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйінің кітапханасымен бірге құрылысы басталып, бүгінге дейін Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Келес аудандарында 4 ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қалған 9 мәдениет үйінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Отырар, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Келес аудандарында жалпы 6 ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға берілмек. Ал Жетісай, Сауран аудандарында ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жасыратыны жоқ, 2 мыңнан аса халқы бар 94 елді мекенде клуб мекемелері жоқ. Қазіргі таңда 32 ауылдық клуб мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның ішінде 4 мәдениет ошағының жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Осы жылдың 8 айында 3 кәсіби театрда 7 жаңа спектакль сахналанып, театр репертуарындағы 121 спектакль қойылды. Оған 20 711 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткізілген концерт және мәдени шараларға келуші көрермен қатары өскен. Осы арада айта кетелік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден аса штат берілді. Кино саласында да ілгерілеушілік бар. «Оңтүстікфильм» мекемесі дайындаған жүзден аса бейнеролик, әлеуметтік және анимациялық, деректі бейнефильмдер мәдениет және білім мекемелері мен балабақшаларда көрсетілді.
Биыл 8 айда облыстағы 24 музейге келушілер саны 151 185 адамды құрады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде биыл 77 жеке кәсіпкер тарапынан орталықтар құрылып, облыста ашылған 310 үйірмеде 13 068 бала 43 шығармашылық үйірме түрімен шұғылданып жатыр. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру аясында өтінімі қабылданған үйірмелерге 2023 жылға облыстық бюджеттен 15 270 балаға 2,2 млрд теңге жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мәдениет мекемелері мен клубтардың жұмысын барынша жақсартудың, көпшіліктің талғампаз талабынан көрінуі үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Алайда жылдар бойы назардан тыс қалып келген мәдениет ошақтары мемлекеттік тұрғыдағы кешенді қолдауды қажет етеді.
Түркінің астанасы атану жауапкершілігі
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойған еді. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Ал жуырда ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Яғни өңірде туризм саласын дамыту бағытында жергілікті билікке жауапкершілік жүгі салмақтана түсті десек те болады. Жалпы, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзі туризм индустриясына қатты ден қойып отыр. Себебі кез келген елге келген саяхатшы көлікті, қонақүйді пайдаланып, мәдени мекемелерді тамашалап, сауда жасау арқылы жергілікті қазынаға қаржы құяды. Бұл орайда Мемлекет басшысы туризм саласына ерекше ден қойып отыр. «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек», деп атап өтті Президент.
Түркістан өңірінде туризм саласының әлеуеті жан-жақты сараланып, кешенді жоспарлар мен тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жүргізілген зерттеулер мен талдаулардың нәтижесінде облысқа келуші туристердің саны артқаны анықталып отыр. Оның ішінде 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда демалушылар 115 мың адамнан асты. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамды құрады. Облыс аумағында саяхатшыларға және қонақтарға 220 қонақүй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Ал «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне біркүндік сапармен келгендер саны 519 320 адамға жеткен. «Отырар» қорық-музейіне біркүндік сапармен 218 658 адам зиярат еткен. Ал өткен жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне – 805 383 адам, «Отырар» қорық-музейіне 420 064 адам біркүндік сапармен келген еді. Туристік қызмет саласына тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 заманауи үлгідегі қонақүйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Кейінгі жылдары Түркістан облысына келген саяхатшылардың көршілес Өзбекстанға да барып қайтуы жиіледі. Мысалы, топтық туристерді тарту мақсатында Түркістан – Нурафшон – Түркістан тікелей тұрақты автобус маршруты ашылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның туристік бизнес өкілдерімен бірлесіп, Түркістан қаласында Түркі әлемінің туризм қауымдастығы құрылды. Аталған қауымдастық «Turan Tour», «Golden Wings», «Куаныш Трэвл», «ОCA Travel» туристік компанияларымен 1, 2, 3 күндік туристік маршруттар әзірлеп, нарыққа ұсынып отыр. Сондай-ақ «Арша Трэвл» және «БиНур» туристік компанияларымен бірлесіп, Түркістан қаласына келген қонақтар мен туристерге 60-70 шақырым қашықтықта орналасқан нысандарға танымдық туристік бағдарлар дайындалды. Бұған қоса облыстың 7 туристік аймағын республикалық, 25 туристік аймағын өңірлік деңгейге қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Республикалық маңызы бар туристік аумақтар енгізілген нысандар қатарында Түркістан қаласы, Отырар қалашығы, Арыстанбаб кесенесі, Сауран қалашығы, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы, Кентау қаласы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы бар.
Өңірде экологиялық туризм дамуының айқын дәлелі – өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтарға келушілер санының екі есеге артқаны (2022 жылы – 74,9 мың, 2023 жылы 8 айда – 115 мың). Қазіргі таңда облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес Төлеби, Түлкібас аудандарында жүзге жақын демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай, 6 киіз үй, аңшылар үйі орналасқан. Бұл ретте келушілер арасында экологиялық мәдениет пен техникалық қауіпсіздік шараларын сақтау басты мәселеге айналып отыр. Осы орайда туризм басқармасы биыл «Сайрам-Өгем» табиғи паркінде және «Ақсу-Жабағылы» қорығына іргелес аумақта тау фестивалін ұйымдастырды. Тау фестивалінде экологиялық мәдениет пен қауіпсіздік шараларын сақтау, бивуактар құру, алғашқы көмек көрсету тақырыптарында шеберлік сабақтары өтті. Келесі тау фестивалін «Қаратау» қорығында, ал күздік көшет егу науқанында табиғи аумақтарда көшеттер егу экологиялық акциясын өткізу жоспарланып отыр. Өңірде емдік-сауықтыру туризмі де дамыған. Қазіргі таңда облыста нөмірлік қоры 7 940 төсектік орынды құрайтын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Жыл сайын емдеу-сауықтыру ұйымдарының саны өсіп келеді. Мысалы, 2019-2022 жылдар аралығында 16 емдеу-сауықтыру ұйымы пайдалануға берілді. Тартылған инвестициялар көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы соммасы 450 млн теңге болатын 3 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек», деп атап өтті. Бүгінгі таңда балалар туризмі саласындағы туроператорлар балаларға арналған бағдарламалардың әртүрлі таңдауын ұсынып отыр. Мұндай турларды «Sky Way», Жібек жолы, «WeTravel», «Turan Tour» туристік компаниялары жазғы демалыстарды танымдық және сауықтыру мақсатында өткізу үшін арнайы 5-10 күндік туристік бағдарламалар ұйымдастырып отыр. Бұған қоса Түркістан қаласында орналасқан «Оқушылар сарайы» мекемесінің этноауыл кешенінде жазғы демалыстарды белсенді өткізу мақсатында қолөнер шеберлік сабақтары мен өңірдің туристік нысандарына саяхаттау бағдарламасын ұсынуда. Сондай-ақ облыстық білім басқармасына қарасты балалар туризмін дамытумен айналысатын «Жас туристер станциясы» коммуналдық мекемесі қызмет көрсетеді.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Ұлы Жібек жолын басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі бойына орналасқан ежелгі қалаларды тарта отырып, Түркістан өңіріндегі туризм индустриясының даму қарқыны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда түркістандықтар алдағы уақытта өтетін түркі мемлекеттерінің Х саммитінен зор үміт күтеміз. Соған орай Түркістанның туристер ғана емес, тұрғындардың да талғампаз талабына сай тартымдылығын көтере түсу әрқайсымыздың өз қызметімізді сапалы да сауатты атқаруымызға тікелей байланысты.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
Түркістан облысы әкімінің орынбасары