Ескерткіштің ашылу салтанатына және № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулиннің есімі берілу іс-шарасына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Асқардың туыстары мен жақындары қатысты.
«Әрбір адамның өмірі баға жетпес құнды, мемлекеттің стратегиясы, ең алдымен, азаматтарды қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған. Сол себепті құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің еңбегі аса маңызды. Бұл ескерткіш – Асқардың өжеттігі, жанқиярлығы мен адалдығының белгісі. Бүгін біздің көңіліміз түсіп, қайғырып, бәріміз үшін үлгі болатын ерлікке деген шексіз құрметке куә болып тұрмыз. Оның жасаған ерлігі – азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолындағы күресте бізге күш пен қуат беретін үлгі», деді С.Шәріпханов.
Ресми іс-шарадан кейін ескерткіштің ашылуына жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан бүгінгінің батырын бір минут үнсіздікпен еске алды. Биіктігі 3 метр болатын ескерткіште Асқардың бюсті қоладан, ал төменгі бөлігі мәрмәрдан жасалған.
Елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылдың 20 қарашасында тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру кезінде қаза тауып, үш адамның өмірін аман сақтап қалған еді. Президенттің Жарлығымен Асқар Забикулин қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.