Құтқарушы • 19 Қазан, 2023

Батыл құтқарушы

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нағыз құтқарушы жүретін соқпаққа түсу үшін тек жалаң күш пен көзсіз батыр болу аздық етеді. Шын құтқарушының медицина мен психология саласынан да хабары болу керек. Өйткені күнделікті қызмет барысында адамдарға алғашқы дәрігерлік, психологиялық көмек көрсетуге, биікке өрмелеп, қып-қызыл шоқтың көзіне қойып кетуге, ақ боранның астынан адаспай жол тауып, адам өмірін арашалауға, кейде мұз астына сүңгуге тура келеді.

Батыл құтқарушы

Облыстық Төтенше жағдай депар­та­ментіне қарасты №21 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Айдос Боранбаевтың бойында нағыз кәсіби құтқарушыға тән сан тарау дағды-білік­тің бәрі біте қайнасып жатыр. Құ­рыш­тай шымыр денелі, орта бойлы, ойлы көзді, көп сөзге жоқ аға сер­жант өткен жылы Әулиекөл ауда­нын­да болған алапат өрт кезінде көр­сет­кен жан­қияр­лы­ғы үшін Президент жар­лы­ғы­мен «Ерлігі үшін» медалімен мара­пат­талған. Айдос құтқарушылар сапында орманда өрт тұтанған күннен бастап соңғы шоқ сөн­генше арпалысты.

– Жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін күшті желдің салдарынан тілсіз жау тез өршіп, бүкіл орман қызыл жалынға оранды. Елді мекендерге қауіп төне бастады. Біздің жасақ, ең алдымен, қауіпті аймақтағы адамдарды эвакуация­лады. Тілсіз жаудың елді мекендердегі тұрғын үйлерге өтіп кетуіне жол бермеу үшін жанталастық. Аманқарағайдағы мұнай базасының аумағына су шашып, зардабы ауыр жарылысты болдырмадық. Мұнай базасындағы алып цистерналар жарылса, оның арты орны толмас қайғы-қасіретке, үлкен апатқа әкеп соғатын еді. Жарылыс толқыны Аманқарағайдан асып, бір шеті Новонежинді, екінші шеті Әулиекөлді шарпуы мүмкін. Бұл екі ортада қаншама үй, қаншама адам, қанша мал, қанша мүлік бар. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Жанталасып жүріп төніп тұрған орасан қауіптің бетін қайтардық. Бөлімше құрамындағы жігіттер кезек-кезек 1-2 сағаттай ұйықтап алып, алты күн бойы арпалыстық, – дейді аға сержант.

Жалпы аумағы 43 мың гектарды шар­пыған тілсіз жау бесінші күн дегенде біржола тізгінделген. Алайда А.Боранбаевтың бөлімшесі Қостанай, Ақмола облыстарының күш-құралдары сапында орманның әр жерінде шала жанған қоламта шоқты сөндіру, өрттің салдарын жою жұмыстарын атқарды. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында өртке қарсы қарауыл қызметінде тұрды.

Бүтін елді алаңдатып, көптің қабыр­ға­сын қайыстырған алапат өртті сөн­ді­руге ТЖМ, ІІМ ҰҰ-ның, Қостанай қаласындағы ІІМ академиясының, Қор­­ғаныс министрлігінің, ЖАО және облыс­тың коммуналдық қызметтерінің күш-құралдары – барлығы 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1 785 адам қатыс­қан.

Аманқарағай өрт сөндіру бекетінің басшысы Абзал Жұмаділовтің айтуынша, бөлімше командирі А.Боранбаев – көпшіл, кішіпейіл әрі өзіне жүк­тел­ген кез келген міндетті аса жоға­ры жа­уап­кер­шілікпен атқаратын нағыз кәсіби құтқарушы. Абзал тек Аманқа­ра­ғайдағы алапат өртте ғана емес, оған дейінгі, одан кейінгі талай-талай тосын апат, қиын-қыстауда өзін шұғыл шешім қабылдай алатын, қауіптің алдын көріп, бағытын болжай білетін командир ретінде көрсете білді. Қазір бөлімшесінде өзін қосқанда бес құтқарушы бар. Таяуда ғана су жаңа өрт сөндіру көлігін алды. Бесеуі бес сау­сақ­тай жұмылып, талай адамды ажал аузынан арашалап қалып жүр.

– Айдостың жанындағы жігіттер де осал емес. Мысалы, былтыр Әулие­көл маңында ауыр жол апаты болып, А.Боран­баев­тың бөлімшесі жеңіл кө­лік­тің ішінде қансырап жатқан адамды алып шығып, аман алып қалды. Ол кісінің жүрегі тоқ­тап қалған екен. Біздің жігіттер өкпе­ге жасанды дем жіберу ар­қы­лы қайта тіріл­тіп алды. Кейін дәрі­гер­лер біздің өрт сөндіру бекетіне ри­зашылық білдіріп, егер сіздер дұрыс алғашқы медициналық көмек көрсете алмаған жағдайда ес-түс­сіз жатқан адам­ның тірі қалу-қалмауы екі­талай бо­­лар еді деген әңгіме айтты, – дейді А.Жұмаділов.

Былтыр Аманқарағай ауылында қа­лың қамыс жанып, маңайдағы тұрғын үй, қора-жайларға қауіп төнгенде де өрт шыққан жерге Айдостың бөлімшесі бірінші болып жетті. Тілсіз жаудың те­геу­рінін дәл болжаған құтқарушы дер кезінде қосымша күш шақырып, өзі өрт сөндіруге кірісіп кетті. Нәтиже­сін­­де, қысқа уақыт ішінде тілсіз жау ауыз­дықталып, өрт сөндірушілер елдің алғы­сы­на бөленген.

– Мұндай оқиғаларды айта берсек тау­сылмайды. Бұл енді біздің күнделікті жұмысымыз, атқаратын міндетіміз ғой. Өз басым ерлік жасадым деп емес, қыз­мет­тік міндетімді атқардым деп ойлаймын, – дейді бесаспап құтқарушы.

 

Қостанай облысы