Білім саласындағы реформа, әсіресе карантин кезінде қатты байқалды. Онлайн оқу бұрын мүмкін еместей көрінгенімен, бір-ақ сәтте мектеп те, университет те қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Онлайн жүйенің әлеуеті әртүрлі жаңалық алып келді деуге болады. Ал кейінгі ChatGPT-дің пайда болуы білім саласының жылдам өзгерістерге дайын болуы керегін айқындай түсті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ендігі жерде кез келген салада жасанды интеллектімен жұмыс істеуді меңгерген маман сұраныста болмақ.
– Нейрожелі қазірдің өзінде оқу үдерісіне араласып кетті. Оның дамуы да жылдам. Қазір бізге цифрлық сауатты болу жеткіліксіз. Жасанды интеллект сауаты деген ұғым да жақсы таныс болуы қажет. Яғни біз оны білім саласында оқытуымыз керек. Иә, бұл алгоритмнің кері әсері туралы да көп айтылады. Дегенмен біз оның дамуын тежей алмаймыз. Сондықтан сауатты түрде меңгеруіміз қажет. Кез келген салада ChatGPT-мен жұмыс істеуді меңгерген маманның бәсі жоғары тұрады, – деді министр жуырда өткен Digital Bridge 2023 форумында.
Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ескеретін болсақ, оның қызметі жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетіні рас. Оны сауатты меңгерген қызметкер пайдалы көмекші ретінде жұмыс істете алады. SmarTestPrep мектебінің директоры Лаура Вайгорова білім беру бағдарламасын, тест сұрақтарын құрастырумен нейрожелі айналысатынын айтты.
– Алгоритмнің тілін білсе, бәрін істетуге болады. Оны сауатты меңгеру деген оған дұрыс пәрмен бере алу деген сөз. Біздің қызметкерлер ChatGPT-мен жүйелі жұмыс істей алады. Біз оның барынша пайдалы жағын қарастырамыз. Әрине оның адамды алмастыру қаупін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен менің ойымша, бұған әлі біраз уақыт керек. Ал дәл қазіргі нарықта нейрожеліні сауатты басқара алатын маман қажет, – дейді Л.Вайгорова.
Инновацияның дамуы дәстүрлі 4 жылдық оқу форматын да өзгертіп жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды игеру де жаңа бағытта қалыптасып келеді. Еліміздегі алғашқы жылдам кәсіптер университетінің негізін қалаушы Диана Камаладиннің айтуынша, білім беру саласында оқытушының орнын чат-боттар алмастыра алады.
– Батыста машиналардың жаңа моделі жыл сайын шығатын болса, Қытай нарығында алты ай сайын өзгеріп жатыр. Бұрын бір жаққа баратын болсаң такси ұстау, такси табу қиын еді. Ал қазір «Яндекс» бар. Тіпті көлікті 10 минут күтіп қалсаңыз, «неге тез келмеді» деп шағымданасыз. Мысалы, фаст-фудтар біздің жылдам тамақтануымызға ыңғайлы. Әрекеттеріміз күн өткен сайын жылдамдыққа негізделіп барады. Білім беру нарығына да осындай қарқынды өзгерістерге ілесе алатындай жүйе қажет. Мәселен, TikTok желісінде химия пәнін үйрететін мұғалім бар. Оның бейне сабақтары миллиондаған қаралым жинап жатыр. Мұның барлығы білім жүйесінің өзгеріп жатқанын аңғартады. Балаларымыз, яғни жаңа буын стандартты біліммен шектеле алмайды. Сондықтан да біз осы саланы жетілдіріп, жылдам білім бере алатын платформаларды қалыптастыруымыз қажет. Қазір адамдар өзіне қажетті білімді алу үшін қысқамерзімді курстарды сатып алады. Міне, осылай жылдам игеретін мамандықтар шығып жатыр. Бұл – заман талабы. Өйткені ақпараттар әп-сәтте ескіріп қалады. Сондықтан қоғамдағы өзгерістерге ілесе білуіміз қажет. Сондай-ақ оқытушының орнын баса алатын чат-боттар пайда болды. Бұрын оқытушы деген бізге баға қойып, үй тапсырмасын тексеретін адам болса, қазір оқытушы ол режиссер тәрізді. Сізге тек мынадай кітапты оқы, мынадай подкаст тыңда, мынадай вебинарларға, шеберлік сыныптарына бар деп айтады, – дейді Диана Камаладин.
Жылдам кәсіптер университеті жылдам меңгеруге болатын мамандықтарды оқытады. 6 ай ғана білім береді. Содан кейін білім алушылардың IT, маркетинг саласында жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Көріп отырғанымыздай қазір YouTube, TikTok басқа да әлеуметтік желілер білім беру платформаларына еркін еніп кетті. Мұның барлығы цифрландырудың, жасанды интеллектінің жемісі.