Аймақтар • 20 Қазан, 2023

Көкшедегі қоныс тойы

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел көңілін шаттыққа бөлеген шырайлы мере­ке­ – Республика күні қар­саңында облыс орта­лы­ғында әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген 65 адам жаңа пәтердің кілтін алып, ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті оқиға болды.

Көкшедегі қоныс тойы

Жиналған жұрт арқа-жарқа. Бір-бірін етене танып-білмесе де, қуаныш ортақ болған соң көптен күткен шын мәніндегі шаттыққа құтты болсын айтысып жатыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мәні мол мерекемен орайласқан қуанышқа жиналған ақ жаулықты әжелер ақжарылқап сәтте шашу шашып, көп көңілін демеді. Сал­та­натты рәсімге пәтерге ие болғандармен бірге тілектес, ниеттес етжақын туыс та жи­налған. Демек, бақытты сәтті басынан кешіріп жатқандар 65 адам ғана емес, дүйім көп­шілік деуге де болады.

13 пәтерді жетім бала­лар­ мен ата-аналарының қам­­­­қор­­лығынсыз қалғандар ие­лен­се, 15 пәтер көпбалалы отба­­сы­ларға беріліп отыр. Халық­­тың әлеуметтік жағынан аз қам­тылған тобына 24 пәтер бұйыр­са, 13 пәтерді мемлекеттік қыз­метшілер мен бюджеттік ұйым­дардың өкілдері және әскери қызметшілер алды. Жаңа пәтерлердің кілтін Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса салтанатты түрде табыс етті.

–Баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Бүгін 65 адам жаңа пәтерге ие болып отырса, көктемде жүзден астам отбасына осындай қуаныш сыйлаған болатынбыз, –деді қала әкімі.

Көппәтерлі үйлердің сырт­қы салтанаты мен ішкі әрленді­рілуі көздің жауын алады. Сөз арасында облыс орталығын­да тоғыз мыңнан астам адам бас­пана кезегінде тұрғандығын айта кетелік. Үстіміздегі жылы алты тұрғын үй салынды, оның екеуі, міне, Республика күні мере­­кесі қарсаңында табыс етіліп отыр. Жыл соңына дейін қалған тұр­ғын үйлер пайдалануға бері­ліп, халықты қуанышқа кенелтпек.

– Мен төрт баланың анасымын, – дейді жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Наталья Панасюра. – Осы қуанышты 17 жыл бойы сарыла тосып едім, міне, қолым енді жетіп отыр. Балаларым да қуанып жатыр. Адамның өз баспанасы болғанға не жетсін. Бізге осындай қамқорлық жасап отырған мемлекетімізге мың да бір алғыс!

Пәтерге ие болғандардың ішінде 92 жастағы Күміс алқа иегері, тыл еңбеккері Шолпан Нұғыманова да бар. Әжейдің қыздары қарт ана­ның қуанышына ортақтасып, қоныс тойына құтты болсын айта келіпті. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен әжей осындай қамқорлық жасаған жандарға әжелік, аналық батасын беріп, ақ алғысын жолдады.

Пәтер кілті қолына тиген­ көп­ші­лік өздерінің ыстық ­ұя­ларына айналатын бақыт ­боса­ғасына асыға басып тарап жатты.

 

Көкшетау